Киім-кешек пен азық-түлік интернетте өтімді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3367

​2018 жылдың қорытындысы бойынша, еліміз бойынша бөлшек сауданың көлемі 13,8% ұлғайып рекордтық 10,1 трлн теңгеге жетті.

Киім-кешек пен азық-түлік интернетте өтімді

Осылайша, Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметінше, 2013 жылдан бері бөлшек сауда көлемі тура екі есе ұлғайып отыр. 2013 жылы 5 трлн теңге болған бөлшек сауда 2014 жылы 6 трлн теңгеге, 2015 жылы 6,4 теңгеге жуықтаған. Ал 2016-2017 жылдары тиісінше 7,7 және 8,8 трлн теңгені құраған болатын. 2015 жылы ғана өсім қарқыны бәсеңдеп 5,8 пайызды құрағанымен, қалған жылдары өсім қарқыны 15-20 пайыз аралығынан түспегенін де айта кету керек.

Бөлшек сауда саласында соңғы жылдары жаңа тренд шықты. Ол электрон сауда. Интернет арқылы зат сатып алу. Өткен жылдың тек 8 айының өзінде қазақтар интернет арқылы 159,6 млрд теңгенін тауарын сатып алыпты. Бұл жалпы бөлшек сауда көлемінің 2,5 пайызы ғана болғанымен, жыл сайынғы өсім қарқыны өте жоғары. Мәселен, 2017 жылдың 12 айы ішінде интернет сауданың үлесі бар болғаны 106,9 млрд теңгеге жетіп, жалпы бөлшек тауар айналымының 1,2 пайызын ғана құраған.

Жалпы, кәдімгі дүкендерге қарағанда интернет дүкендердегі тауарлар 2-2,5 есеге арзанға түсуі мүмкін. Бұл туралы таяуда республикалық басылымдардың біріне берген сұхбатында "Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов мәлімдеген еді. Былтыр орташа есеппен қазақстандықтар интернет дүкендер арқылы тәулігіне 120-140 мың зат сатып алған. Мұның тек жартысы АҚШ, Қытай, Ресей секілді шетелден болса, қалған жартысы өзіміздің ішкі нарық екен. Ал биыл көрсеткіш тәулігіне 150 мыңға дейін артуы мүмкін деген болжам бар.

Шетелден келетін заттардың 90 пайызын Қазпошта жеткізсе, ішкі нарықтың тек 40 пайызы ғана осы ұлттық компанияға тиесілі екен. Қалғаны Қазақстан бойынша тіркелген 70 шақты курьерлік компанияның үлесінде.

Ішкі нарық бойынша, сатылған заттардың 60 пайызы Алматы қаласына тиесілі болса, қалған 40 пайызы Астана, Қарағанды мен Шымкент тұрғындарының үлесінде екен.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, интернет арқылы сатып алынатын тауарлар негізінен киім, аяқ киім, азық-түлік, фильмдер, музыка, дәрілік заттар мен тұрмыстық тауарлар екен. Ал интернет арқылы алынатын қызметтердің ішінде ең танымалы түрлі шараларға сатылатын билеттер, сапар қызметтері, телекоммуникациялық қызметтер, қаржылық және сақтандыру қызметтері көрінеді.

2018 жылдың алғашқы 8 айында 159,6 млрд теңгеге жеткен электрон сауда 2013 жылы бар болғаны 28 млрд теңге ғана болыпты. Кейін 2014 жылы көрсеткіш 41,3 млрд теңгеге, бір жылдан кейін 50,9 млрд теңгеге өскен. Ал 2016-2017 жылдары тиісінше 78,5 және 106,9 млрд теңгені құраған екен.

Қазіргі таңда республика бойынша айналымда 23,4 млн төлем карталары бар. Бұл былтырғыдан 20,5% артық. Ал карта ұстаушы адамдардың саны 19 млн-ға жеткен.

Алдағы бес жылда сарапшылардың пікірінше, интернет дүкендердің арқасында республика бойынша жаңадан 220 мың жұмыс орны ашылмақ.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу