Электронды сауда қағаз чектен құтқара алмады

3471

Мемкірістер органы чек мәселесінде дағдарған электронды саудагерлерге кеңес берді.

Электронды сауда қағаз чектен құтқара алмады

Қазақстанда қолма-қолсыз төлем көлемі 100 миллиард долларға жетуге жақын: өткен жыл қорытындысында 82 млрд доллардан асты. Нақтылай кетсек, 2020 жылы қолма-қолсыз төлемдер 2,4 есеге өсіп, 35,3 триллион теңгені құрады. Биылғы жылы кезекті рекорд орнайды деп күтілуде. 2021 жылдың екі айында ғана бұл көрсеткіш 7,8 триллион теңгеге жеткен. Бұл былтырғы ұқсас кезеңдегіден 2 еседен астамға жоғары.

Қазақстандық интернет бизнес және мобильді коммерция қауымдастығының президенті Константин Горожанкиннің айтуынша, елімізде бұл сала алғашқы интернет дүкендер ашылған 2008 жылы бастау алыпты.

"Бірақ әп дегеннен өркендеп кетті деу қиын. Қазақстандық нарықта алғашқы жол салған ізашарлардың көбі қиындықтарға, сынақтарға төзбеді, көп клиент таба алмады, салған инвестицияларын ақтай алмай, ақыры жабылып тынды. Білуімше, қазір олардан тек үшеуі – flip.kz, intim.kz, shop.kz қана қалды. Біздегі электронды коммерцияның нағыз гүлденуі 2011 жылға тұспа-тұс келді. Халқымыздың бестен бір бөлігі интернетке, қолма-қолсыз саудаға көшті. Парламент тиісті заңдар қабылдап, е-сауданы ретке келтірді. Елде кең жолақты интернет, ұялы байланыс өріс алды", – дейді ол.  

Енді электронды сауданың ары қарай дүркірей дамуына мемлекеттің өзі кедергі болып отырғандай. Өйткені салықшылар қолма-қолсыз сауда жасайтын кәсіпкерлерден де қағаз чек басып шығуды талап етуде.

Алматылық белгілі кәсіпкер Тамара Ким компания бухгалтерлері осы мәселеде жауап іздеп интернетті "кезгенін", жауапты органдардың қаптаған түсініктемелерін оқығанын, мамандармен кеңескенін айтады.

"Алайда көңілді мазалаған сауалға бәрібір жауап таба алмадық. Мысалы, интернет саудада Kaspi Pay, ePay, CloudPayments және басқа да жүйелер арқылы ақша қабылдаған кезде бақылау-кассалық машина (БКМ) арқылы қалай чек басуымыз керек? Мәселенің мәнісі мынада: қолма-қолсыз төлем қабылдаудың барлық жүйелері жалғыз принциппен жұмыс істейді. Атап айтқанда, күні бойы клиенттер интернет-сайттарда тауарларды сатып алады, әлгі аталған жүйелердің бірін пайдаланып, тауар не қызмет ақысын электронды түрде төлейді. Төлем өтсе, жүйе төлемнің қабылданғанын растайтын төл түбіртек-квитанциясын клиенттің экранына шығарады. Келесі күні, кейде 2–4 күн аралығында сол сома сатушының есепшотына түседі", – дейді бизнесмен. 

"Қызық" осыдан кейін басталады. Бүгінде электронды сома да "ақшалай есеп айырысу" деп сараланады. Сондықтан қолма-қолсыз төлем қабылдайтын кәсіпкерлер де сол соманы кассалық аппаратқа енгізіп, "қолма-қолсыз төлем" деп көрсетуге және чек басуға міндетті. 

Салық кодексінің 166-бабына сәйкес, БКМ чегінде тауар сатып алынған, жұмыс орындалған күн мен уақыт жазылуға тиіс.

"Бірақ төлем жүйелері 24/7 режимінде жұмыс істейді. Жұрт түн ортасында да ғаламтор кезіп, тауар, қызмет сатып ала береді. Ал біздің қызметкерлер кешке дейін жұмыс істеп, үйіне кетеді. Демалыс, мереке күндері тынығады. Осыдан сұрақ туады: БКМ арқылы чекті қашан басуымыз керек? Клиент ақысын төлегенде ме, әлде есепшотымызға ақша түскенде ме? Біздің тәжірибемізде клиенттердің сайттағы тауарды жаңа күннің басталуына бірер секунд қалғанда – 23:59:20-да сатып алған кездері болды. Тіпті кезекші кассирді тапжылтпай отырғызып қойғанның өзінде ол қалған секундтарда чек басып үлгермейді. Салдарынан, кеше сатылған тауарға ертесіне чек берілген болады", – деп кәсіпкерлерді мазалап жүрген мәселені көтерді Тамара Ким. 

Айта кетер жайт, сатып алушылар дүкенде, супер-гипермаркеттерде тауар ақысын POS-терминал немесе QR-кодты қолданып, төлегенде сатушылар бірден чек басып беретіні белгілі. Бірақ оларға да ақша банктен ертесіне немесе бірнеше күннен кейін ғана түседі.

Ендеше заңнамада қайшылық туындап тұр.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті осы мәселе бойынша түсініктеме берді. Меморганның байламынша, бұл жерде "Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы" заңының талабын ұстанған жөн.

"Осы заңның 7-бабына сәйкес, бастапқы құжаттар операцияның немесе оқиғаның iске асырылу кезiнде не олар аяқтала салысымен жасалуға тиiс. Мұны чек басып шығаруға қатысты қолдансақ, бастапқы құжат, яғни чек ақшалай есеп айырысу сәтінде жасалуы шарт. Салық кодексінің 166-бабы бойынша чекте сатып алу жүзеге асырылған күн мен уақыт көрсетілуі қажет. Өйткені дау туа қалса, сол арқылы тауардың не қызметтің қашан сатып алынғаны анықталады. Демек, БКМ чегін тауар, қызмет немесе жұмыс үшін төлем жасалған сәтте немесе содан кейін басуға болады", – деп түсініктеме берді Мемкірістер комитеті.

Комитет осы ұстанымын салықшыларға түсіндіргені маңызды. Әйтпесе, тырнақ астынан кір іздеген мемкірістер қызметкері кәсіпкерді чекті тым кеш бастың деп қудалауы ғажап емес.

Бұрынғы мемлекеттік қызметші, қазіргі жеке кәсіпкер Мұхит Сегізов тағы бір жайтқа назар аудартты.

"Мен мысалы, агенттік келісім негізінде Wolt компаниясымен жұмыс істеймін. Келісімде мынадай шарт жазылған: мен әрбір тапсырыс үшін тауармен бірге чекті де қоса беріп жіберуім керек екен. Бірақ клиенттің картасынан ақшаны Wolt компаниясы шешіп алады. Ол ақша менің есепшотыма 2 немесе 3 апта ішінде келіп түседі. Келісімде солай. Осылайша, мен жеке кәсіпкер ретінде тікелей тұтынушыдан ақша алмаймын, оны маған Wolt жібереді. Осыдан сұрақ туады: бұл жағдайда БКМ-нен чекті кім басып, тұтынушыға беруге тиісті? Жеке кәсіпкер ретінде чекте алдын ала көрсеткен сомам 2–3 аптадан соң маған түспеуі де мүмкін ғой", – деп алаңдайды кәсіпкер. 

Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Әли Алтынбаев тұтынушылар сатушыдан тауарды сатып алғанын растайтын құжат талап етуге және соны алуға құқылы екенін еске салды. Ол құжат – чек немесе келісімшарт түрінде болуы мүмкін.

"Мәміленің сипатын келісімшарт анықтайды. Егер тауарды бақылау немесе оған деген меншік құқығы Wolt компаниясына көшкен болса, онда сату-сатып алу бойынша мәміле осы компания мен тауарды сатып алушы арасында жүреді. Мұндай жағдайда Wolt тауарды өз атынан сатады, тауар құнын өз кірісінде көрсетеді. Тиісінше, чекті де сол басуға міндетті. Дегенмен, Азаматтық кодекске сәйкес, комиссия келісімшарты бойынша меншік құқығы комитентте қала беруі мүмкін. Ал комиссионер комитенттің кім екенін көрсете отырып, оның тауарын өз атынан өткізе алады", – деді МКК төрағасы.

Мұндай жағдайда чек басу міндеті тауар иесінің өзінде қалады. Финляндиялық жеткізуші сервис осы тетікті пайдаланатын болса керек.

Мұның мән-жайы келісімшартта жазылады.

"Егер Wolt компаниясы – жеткізу бойынша қызметтің сатушысы болса, ал оның серіктесі – жеткізілетін тауарлардың сатушысы болса, онда Wolt тек өзінің жеткізу қызметі бойынша ғана чек басуға міндетті. Сонымен қатар ол тұтынушыға тауар сатушы серіктесінің чегін қоса апарып беруге тиіс", – деді Ә.Алтынбаев.

Қалай болғанда, электронды сауда ғаламат қарқынмен дамыған сайын жаңа мәселелер бой көтеруде. Заңнама болса, заманның аяқалысына ере алмай келеді. Сондықтан депутаттар тиісті заңнамалық түзетулерді енгізгенше, мемкірістер органы уақытылы өз "жауынгерлеріне" жағдайды түсіндіріп отырғаны абзал. Әйтпесе, олар заңдағы кемшін тұстарды бизнеске қарсы қолдануы кәдік.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу