Супер күшке ие доллар әлем экономикасына қауіп төндіріп тұр

3657

Америка валютасы соңғы жылда мұнша нығаймаған екен.  

Супер күшке ие доллар әлем экономикасына қауіп төндіріп тұр

Өткен жылы АҚШ доллары негізгі жаһандық валюталарға қатысты айтарлықтай өсіп, жақында соңғы 20 жылдағы ең жоғары деңгейге дейін нығайды. Ол британдық фунтқа қатысты 15%-ға, еуроға 16%-ға және жапон иеніне байланысты 23%-ға қымбаттады.

Доллар - дүниежүзілік резервтік валюта. Сондықтан, ол көптеген халықаралық операцияларда қолданылады. Америка ақшасы құнының өзгеруі бүкіл әлемдік экономикаға әсер етпей қоймайды. Төменде сол әсерлердің негізгі төрт тармағына қысқаша сипаттама:

1. Инфляция

Жанармай мен металдар немесе ағаш сияқты тағы басқа да тауарлар әдетте АҚШ долларымен сатылады. Сондықтан, доллар күшейгенде бұл заттар жергілікті валютаға шаққанда қымбаттайды.

Энергия мен шикізат қымбаттағанда көптеген өнімдердің бағасы тұтынушылар мен бизнес үшін шарықтап, бүкіл әлемде инфляцияны тудырады. Жалғыз ерекшелік сол - доллардың күшеюі АҚШ-тың өзіне пайдалы болуы ғажап емес. Өйткені, Америка өзінің күшейген валютасымен тұтыну өнімдерін сырттан арзанға импорттап, инфляцияны ауыздықтай алады.

2. Табысы төмен елдерге төнген қауіп

Дамушы елдердің көпшілігі қарызды АҚШ долларымен алады. Сол борыш бір жылдан кейін ұлттық ақшаға шаққанда әлдеқайда өсіп кетуі мүмкін (доллар қымбаттаса). Бұның нәтижесінде кейбір елдерге берешегін өтеу үшін (доллармен) өз ақшасы мол қажет болады.

Біз мұны Шри-Ланканың қазіргі жағдайынан көріп отырмыз. Және де бұндай ахуал жақында басқа елдерде де қайталануы мүмкін. Олар тығырықтан шығу үшін не өз экономикаларына көбірек салық салады, не жергілікті ақшаны көптеп басып шығарып инфляцияны өршітеді немесе тағы да қарыз алуға мәжбүр болады.

Бұның салдары таңдалған жолға байланысты әртүрлі: мемлекет терең рецессияға, гиперинфляцияға, суверендік қарыз (үкімет мемлекеттік облигация беру арқылы  тартқан несие) дағдарысына немесе осының үшеуіне бірдей душар болуы мүмкін. Суверендік қарыз дағдарысына ұшыраған дамушы елдердің қалпына келуі жылдарға, тіпті ондаған жылдарға созылып,  халқының жағдайы нашарлап кетуі ықтимал.

3. АҚШ-тың үлкен сауда тапшылығы

Басқа елдер доллардың күшеюі нәтижесінде АҚШ-тың өнімдерін азырақ сатып алады. Экспорт пен импорт көлемі арасындағы осындай айырмашылық нәтижесінде АҚШ-тың сауда тапшылығы қазірдің өзінде жылдық есеппен алғанда бір триллион долларға жақындап қалған.

Президент Джо Байден мен оның алдындағы Дональд Трамп бұл дефицитті, әсіресе, Қытайға қатысты азайтуға уәде берді. Ал, кейбір экономистер сауда тапшылығы АҚШ-тың қарызын арттырып (тауар өтпегендіктен алынған қарызын), көптеген өндірістік жұмыс орындарының шетелге көшуіне ықпал етеді деп алаңдап отыр.

4. Еуроаймақтағы қорқыныш

Доллардың күшеюі Еуропа орталық банкін еуроны нығайту және импорттың құнын төмендету мақсатында пайыздық мөлшерлемелерді көтеруге итермелеп отыр. Бұл еуроаймақтағы қарыз деңгейі жоғары елдер үшін үлкен қысым.

Доллардан қалыспай еуро қымбаттаса, әлемде экономикасы бойынша тоғызыншы орында тұрған және мемлекеттік берешегі жалпы ішкі өнімінен 50 пайызға асып кеткен Италия үшін борыш қайтару оңай болмайын деп тұр.

Осы төрт тармақты ескере отырып, бірқатар сарапшылар өте күшті доллар алдағы кезеңдегі жаһандық рецессияға түрткі болуы мүмкін екенін айтады. Және де олардың пікірінше, доллардың қымбаттығынан туындаған жоғары инфляция тұтынушылардың кірісін төмендетіп, өнім тұтынуды азайтып жіберуі ықтимал.

Доллар өсе бере ме?

Доллар экономикалық және геосаяси себептерге байланысты өсіп жатыр. АҚШ-тың орталық банкі - Федералды резервтік жүйесі - пайыздық мөлшерлемелерді агрессивті түрде жоғарылатуға кірісті. Сондағы мақсаты -  пандемия кезіндегі жеткізу проблемаларынан, Украинадағы соғыстан және басқа да жайттардан туындаған инфляцияны тежеу.

Доллардың көтерілуіне тағы бір себеп – қазір әлемдегі геосаяси жағдай тұрақсыз және дүниежүзілік экономика рецессияға ұшырайды қауіп бар. Сондықтан, инвесторлар өз активтерін әдеттегідей доллармен сақтауға әрекеттеніп жатыр. Ал, Еуропа одағы Украинаға жақын болғандықтан, еуроаймақ та дағдарыс қаупіне душар болып, бұрын күштірек саналған еуроның құны доллармен теңесе бастады.

Британ фунты Brexit-тен зардап шекті. Оған әлі де сенім жоқ. Өйткені,  Шотландия екінші рет тәуелсіздік референдумын өткізуге ниетті. Ал, Солтүстік Ирландия хаттамасы бойынша Лондон мен ЕО арасында сауда соғысы жүруі мүмкін. Жапонның иені болса, позициясын ақырындап жоғалта бастаған экономиканың ақшасына айналып бара жатқандай.

Дегенмен, бақылаушылардың ойынша, АҚШ долларының болашақ бағытын дәл болжау қиын. Алайда үздіксіз инфляция, соғыстан туындаған геосаяси тұрақсыздықтар мен суверендік қарыздар бойынша дефолттар Американы әрі қарай да пайыздық үстемені көтеруге мәжбүрлеуі мүмкін.

"Мықты доллар  - мазасыз заманға жауап", - дейді қаржы саласының мамандары.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу