"Сыбаға" жабылған ба?

5000

Аграршылар бұл мембағдарлама аясында беріліп келген қолдауды күтіп отыр. Сонымен бірге олар сенаторларға өкпелі көрінеді. 

"Сыбаға" жабылған ба?

Ауыл шаруашылығы өндірушілері "Сыбаға" бағдарламасына қатысты мәселелер туындап жатқанын айтуда. Олар 2022 жылы бағдарламаның болатынын не болмайтынын білмейді. Жылдың екінші айы таусылуға таяды. Кейбір фермер бұл бағдарлама форматын өзгертіпті дегенді естіген. Бір-бірінен сұрап, мұның мән-жайын біле алмаған ауыл кәсіпкерлері енді Үкімет жаққа хат жолдауда.

"Асылы емес, тазасы дұрыс"

"Ет үшін союға тауарлық малды өсірумен айналысатын біз секілді шаруашылықтарға дәл осы "Сыбаға" аясында асыл емес, таза тұқымды сиырларды әкеліп, өсіру тиімді болатын. Мәнісін түсіндірейін. Біріншіден, дағдарыс жағдайында алыс не жақын шетелден асыл тұқымды малдарды импорттау қымбаттады және тиімсіз болып қалды. Екіншіден, шетелде – Еуропада да, Ресейде де асыл тұқымды мал сонша көп емес, саны да, түрі де шектеулі. Содан асыл малды таңдау қиындады. Осыны пайдаланған кейбір шетелдік өндірушілер жергілікті сертификат беруші органдармен сыбайласып, малдың құжаттарын фальсификациялайтынды шығарды. Себебі олар қазақстандық импорттаушылардан тірі малдың ақысын 100% көлемде алдын ала алады", – дейді павлодарлық шаруа қожалығының басшысы Тастымбек Темербеков.

Шетелден асыл тұқымды мал тасудың өзге түйткілдері жетерлік. 8-12 айлық асыл тұқымды 1 қашар шетелде қазір 700 мың теңге және одан қымбат тұрады. Төл беретін құнажын (2 жастағысы) жасына жету үшін оны тағы бір жылдай күтіп-бағуға тура келмек. Осы уақытта оның азықжеміне, ветеринарлық күтіміне және басқасына шығын шығарылады. Ең басты ресурс – уақыт шығындалады.

Халықаралық нарықта сұранысты ұсыныс қанағаттандыра алмағандықтан асыл тұқымды малдардың онсыз да жоғары құны әрі қарай қарқынды қымбаттауда.

Шетелдік операторлар да Қазақстанға мал экспорттаумен айналысады. Бірақ фермерлердің айтуынша, олар да 100% алдын ала төлем жасауды және еурода есептесуді талап етеді. Бұл ретте тіпті әр сиырды таңдауға мүмкіндік берілмейді. Ондай каталогы жоқ. Тек тұқымын көрсете аласың. Оның үстіне жеткізілген малды "кәрі", "кеміс", "ақсақ" деп, не өзге олқылығын көрсетіп, бас тарта алмайды. Әкелгенді алуға мәжбүр. Операторлармен соттасып жүруге шаруа адамының артық қаражаты да, уақыты да жоқ.

Мұны аз десеңіз, асыл тұқымды малдың Қазақстандағы ветеринарлық зерттеуінің бар шығынын отандық фермер көтереді. Бұған қоса, оператор асыл тұқымды сиырларды тасымалдау және логистикалау шығындарын агенттік келісімге қоспайды, оның есебін жеке ұсынады. Салдарынан, ауыл кәсіпкері оны нысаналы шығындарға жатқыза алмайды, яғни бұл сома субсидияланбайды.

Осы себепті қазақстандық өндірушілер Үкіметтен асыл тұқыммен еліге бермей, таза тұқымды малдарға ден қоюды өтінеді.

Сенаттың тірлігі ауыл кәсібіне соққы бере ме?

"Біздер, фермерлер үшін таза тұқымды малдар әлдеқайда тиімдірек. Біріншіден, таяу шетелден етті бағыттағы дәл осы малдарды импорттау әлдеқайда арзан. Дағдарыс жағдайында бұл фактор өте маңызды. Мысалы, таза тұқымды 15-27 айлық құнажын, дөнежіндердің өзі әр басына 650 мың теңгеден тұрады. Ресейде олар үшін ішінара төлем жасасаң да жеткілікті. Екіншіден, олар келе сала, төлдей алады. Яғни мал басын көбейтуге бірден кірісе аламыз. Бір жыл уақыт үнемделеді. Ол үшін еш артық шығын шықпайды. Үшіншіден, халықаралық нарықта – Еуропада да, Еуразиялық одақта да таза тұқымды малдың кең таңдауы, орасан зор саны бар, ең сапалысын "шертіп жүріп" алуға болады", – дейді павлодарлық фермер.

Төртінші салмақты дәйектеме бар. Таза тұқымды сиырларды әкелген шаруа-фермер қожалығы жасанды ұрықтандыру немесе 1 категориялы асыл тұқымды бұқаны алғызып, тұқымдық түрлендіру арқылы кейін асыл тұқымды шаруашылыққа айнала алады екен.

Бірақ бұл жұмыстардың көбі "Сыбаға" бағдарламасына байланысты болып тұр. Ал ауыл кәсіпкерлері оны пайдалана алмай жатыр.

Айтпақшы, 2021 жылғы қарашада ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер Салық кодексінің 427, 428-баптарының қолданыс мерзімін 2022 жылға ұзартуды сұрап, Мәжіліс депутаттарына жүгініпті. Бұл баптар "Импортталатын тауарларға қосылған құн салығын есепке жатқызу әдісімен төлеуге" және "Қазақстан  аумағына Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан импортталатын тауарларға қосылған құн салығын есепке жатқызу әдісімен төлеуге", яғни жеңілдікті пайдалануға мүмкіндік беретін.

Мәжіліс депутаттары отандық фермерлердің ұсынысын қолдады. Алайда артынша Сенат депутаттарының осы баптардан 3 пункті – пестицидтерді, асыл тұқымды малды және тірі малды шығарып тастағанын біліп, фермерлер шалқасынан түсе жаздаған.

"Осы арқылы сенаторлар Қазақстанға тірі аналық басты импорттауға жойқын соққы берді. Мысалы, біздің облыстың Ауыл шаруашылығы басқармасы қаржыландырушы органға аванстық төлемді бағыттады, біз таза тұқымды аналық басты импорттауға заем алдық. Ол мал қаңтар оқиғаларына байланысты төтенше жағдай енгізілуі салдарынан қайтадан Ресейде карантинге қойылды. Осы кезде Салық кодексінен әлгі пункттер 2022 жылдың басынан бастап алып тасталып отыр. Соның кесірінен 2 мың бас малды импорттағанымыз үшін енді 156 миллион теңге қосылған құн салығын төлеуге мәжбүрміз. Осылайша, фермерлерге тірі мал әкелу де, кредит алу да тиімсіз болып қалды", – деп қынжылады фермер.

Сонша соманы шаруа қожалығы 25 күн ішінде тауып, бюджетке төлеуге тиіс, әйтпесе айыппұл салынады, есепшоттары бұғатталады. Сонымен бірге фермерге Ресейде карантинде тұрған табындарын бағу қызметтеріне шығындалуға тура келуде.

Билік не дейді?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндіруінше, агроөнеркәсіп кешені субъектілерін "Сыбаға" несиелендіру бағдарламасы бойынша қаржыландыру ісімен "Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы – "Аграрлық кредиттік корпорация" (АКК) АҚ-ы айналысыпты. 

"Корпорацияның ресми ақпаратына сәйкес, кредиттеу процестерін жетілдіру және бірін-бірі қайталауын жою мақсатында АКК өнімдерінің желісі оңтайландырылған. Қазіргі кезде онда несиелендірудің 3 бағдарламасы қалды, бұлар – "Кең дала", "Агробизнес" және "Іскер". Бұл бағдарламалардың шарттары ауыл шаруашылығының барлық саласын қаржыландыруды қарастырады", – деп хабарлады АШМ.

Мысалы, соның ішінде "Агробизнес" несиелендіру бағдарламасы аясында мал шаруашылығына, асыл тұқымды мал сатып алуға 120 айға несие берілуі мүмкін. Бірақ несие ставкасы қымбаттау – жылдық 17%. Салыстыру үшін айтсақ, "Сыбағада" 18 миллион теңгеге дейін 7 жылға 6% ставкамен кредит ұсынылатын.

"Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына" сәйкес, асыл тұқымды аналық малды сатып алуға субсидия беріледі. Қазақстанда алса, әр басына 150 мың теңгеден, ТМД елдерінен импорттаса, 225 мың теңгеден. Австралия, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан, Еуропа елдерінен әкелсе – 300 мың теңгеден.

Ауыл шаруашылығы министрлігі сенаторлардың ісін түзеуге тырысуда екен. Ведомство 2022 жылғы 11 ақпанда Ұлттық экономика министрлігіне хат жолдады. Онда Салық кодексінің 427 және 428-баптарына бұған дейін қолданыста болған 8), 9) және 10)-бөлімдерін қайта қосуды сұрады (пестицид; асыл тұқымды малдардың барлық түрі және жасанды ұрықтандыруға арналған жабдық, тірі ірі қара мал).

"Бүгінде аталған ұсынысты Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Салық заңнамасын және әкімшілендіруді жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы қарауда", – деп қысқа қайырды Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер.

Тіпті енгізгеннің өзінде ол заң қайтадан сенаторлар қолына түспек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу