Сыйлық сертификаттарының мерзімі "жарамды" болады

18364

Қазақстандықтардың шағымына министр жауап берді. 

Сыйлық сертификаттарының мерзімі "жарамды" болады

Елде "сыйлықтан" зардап шеккендер көбейіпті. Кейінгі жылдары туған күнге, мерейтойға, тіпті корпоративтік атаулы даталарда әртүрлі сыйлық сертификатын ұсыну сәнге айналды. Алайда пандемия және шектеу шаралары тарту иелерін сан соқтырыпты: мерзімі өтіп кеткен. Карантин кезінде сауда үйлері мен бизнес орталықтарының жаппай жабық болуы кесірінен елде қаншама адамның сыйлық сертификаты заяға кеткен. Енді олардан билік органдарына шағым борауда.

Себебі, кез келген дүкен төл сертификатының қолданыс мерзімін шектейді. Тиісінше, оның иесі белгіленген уақыт ішінде сауда жасап үлгеруі керек. Кешіксе, тауар беруден бас тартады. Барша клиенттер бұған мойынсұнды, көнді. Ешкіммен бет шайыспай, көбісі мерзімі өтіп кеткен сертификатты лақтырып тастайтын. Ұлы Абай айтатын: "қолымды мезгілінен кеш сермедім. Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы. Қолымды дәп сермесем, өстер ме едім?" деп жұрт өзін жазғыратын.

Алайда азаматтардың еш кінәсі жоқ болып шықты. Бәрі алданып келген.

"Сатушының мерзімі өтіп кеткен ескі сыйлық сертификатын қабылдаудан бас тартуы қаншалықты заңды? Шартты түрде алғанда, мен 10 мың теңгенің сертификатын сатып алдым делік. Онда қолданыс мерзімі нақты шектелген. Дегенмен, қалыптасқан жағдайға байланысты көрсетілген мерзімде оны пайдалану мүмкін болмады. Сөйтіп, үш ай өтіп кетті. Сатушы оны қабылдаудан да, төленген соманы қайтарудан да бас тартып отыр. Сатушының осылай жасауға қаншалықты құқығы бар? Егер құқығы жоқ болса, бұл жағдайда тұтынушыны қорғаудың тетігі қандай?" – дейді заңгер Көпен Әлімжанов.

Ол сыйлық сертификаттарының мәртебесін және оларға қатысты ахуалды заң жүзінде реттеуді ұсынды. Сонда оны жүзеге асырушы компаниялар мен тұтынушылар арасында көп дау тумас еді.

Сонымен Үкімет өкілі не деді?

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов өз блогында сауда орындарының сыйлық картасын сатып, кейін "мерзімі өтті" деген сылтаумен тауар бермеуін – заңсыз баю жолы деп атады.

"Халыққа қызмет көрсету кезінде қандай да бір сертификатты саудалау – бұл тұтынушының сол кәсіпорынмен бөлшек сату-сатып алу келісімін бекітуі деген сөз. Яғни, сертификат тауар ретінде қарастырылады. Демек, сертификат үшін клиент кассаға енгізген сома – алдын ала төлем (предоплата) саналады. Бухгалтерлік есепте ол дебиторлық берешек деп танылады. Бұл ретте сатушы тауар ұсынуға, қызмет көрсетуге міндеттеме алады", – деді министр.

Қазақстанның Азаматтық кодексінде "Кәсiпкерлер мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау" деген 10-бап бар. Бұл қатынастар сол баппен реттеледі екен.

"Әрбiр тұтынушының тауарлар сатып алу, қызметтi пайдалану үшiн еркiн шарт жасасуға құқығы бар. Осыған байланысты кез келген тауарды сатып алудың не қызметті тұтынудың мерзімін шектеу – заңсыз. Заңнама бойынша сатушы өз жұмыс режиміне қарай тұтынушыға қолайлы уақытта тауар және қызметті лайықты сапада еркін таңдауына ұсынуға міндетті", – деді ведомство басшысы. 

Ол сертификаттың өзі тауар болып саналмайтынына назар аудартты.

Соған қарамастан сауда орындарының барлығы өз сертификатын ақша түрінде қайтарудан жаппай бас тартады, оған тауар алуға міндеттейді. Ал сыйлық алған адамға ондай тауар қажет болмауы мүмкін. Сатушылардың бұл тірлігі де заңсыз екен. Бұл жағдайда олармен дауласқанда, азамат қандай заңға сүйенуі керек?

"Сыйлық сертификатын сату кезінде тауар берілмейді, қызмет көрсетілмейді. Тек алдын ала төлем ғана жасалады. Ендеше тұтынушы кез келген уақытта сертификаттан бас тартып, төленген соманы кері талап ете алады. "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 8-бабына сәйкес, тұтынушыны тауарларды не қызметтерді иеленуге шарт жасасуға мәжбүрлеуге жол берілмейді. Қазіргі кезде сертификаттардың барлығында дерлік: "кері қайтаруға және айырбастауға, сондай-ақ қолма-қол ақша түрінде беруге жатпайды" деп жазып қояды. Бұл тұтынушылар құқығын бұзатын талап және аталған заңның 8-1 бабына қайшы келеді. Оған сәйкес, сатушы тұтынушымен жасалған шартқа оған қысым жасайтын талаптарды енгізбеуге тиіс", – деді Б.Сұлтанов.

Сондай-ақ сатушы шарттық міндеттемелерін толық немесе ішінара орындамаса, тұтынушының құқықтарын шектей алмайды. Осы баптың 4-тармағына сәйкес, өз жағдайының артықшылығын пайдалану арқылы сатушы келтірген залалды тұтынушы өтетіп алуға құқылы.

"Қорыта айтқанда, сертификат үшін төленген соманы ұстап қалуы – заңсыз және ол тұтынушыға толық көлемде өтелуге тиіс. Кәсіпкер ұстап қалған кез келген ақша – негiзсiз баю. Азаматтық кодекске сәйкес, бір адам басқа тұлға есебiнен негiзсiз байыса, негізсіз алған мүлікті, ақшаны кері қайтаруға міндетті. Осылайша, тауар не қызмет сертификаты пайдаланылмаса, оның күші жойылады және сатып алынбаған тауарға және көрсетілмеген қызметке төленген барлық сома – сатушының негізсіз баюы болып танылады. Олай болса, ол ақша иесіне толық көлемде өтелуге тиісті", – деп түйді министр Бақыт Сұлтанов.

Кәсіби бухгалтер, әдіскер, белгілі сарапшы Марина Девяткина сыйлық сертификатының тауар емес, жай ғана алдын ала төлем екенін растады.

"Бөлшек сауда желісінде қазіргі кезде сыйлық сертификаттарын саудалау тәжірибесі кең таралып келеді. Экономикалық мәніне тоқталсақ, бұл – алдын ала төлем. Яғни, сатып алушылар болашақ сауда үшін аванс енгізеді. Сыйлық сертификатынан түскен барлық ақша компания есебінде "алынған аванс" ретінде көрініс табады және дебиторлық берешек ретінде рәсімделеді. Егер клиент сыйлық сертификатын тауарға айырбастаса, сонда ғана әлгі аванс тауар сатудан түскен кіріске айналады. Сертификат сату аванс болғандықтан ол электронды шот-фактурада көрсетілмейді", – деді Марина Девяткина.

Ал біз саудагерлерді аванспен жарылқап жүргенімізді де білмеппіз.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу