Сынақтан құлаған оқушы аттестат орнына жай анықтама ала ма?

11059

"Биыл емтихан тапсыра алмаған түлектерге қызыл түгіл, көк аттестат та тимейді, мектеп бітіргені туралы жай анықтама ұстата салады" деп жатыр. Шын ба?

Сынақтан құлаған оқушы аттестат орнына жай анықтама ала ма?

2021-2022 оқу жылының аяқталуына бір аптадан сәл асатын уақыт қалды. Бұл оқу жылы драмаға толы болды. Былтыр коронавирус біраз өңірде мектептердің ішінара жабылуына әкеліп соқтырды. Жыл басында "қайғылы қаңтар" оқиғалары және барлық өңірде енгізілген төтенше жағдай оқуға кедергі жасады, каникул ұзартылды.

Енді мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналарының жүрегін май ішкендей еткен бір сыбыс шықты. Алматы қаласының тұрғыны, түлектің әкесі Данияр Әшірбек оның мәнісін сұрап, БҒМ-ге хат жазыпты. Ол биыл оқушылардың "Алтын белгіні" алуына қатысты толық ақпаратқа қаныққысы келеді. Себебі баласының көңіл-күйі мен ахуалына алаңдайды.

"Неге екені белгісіз, биыл аттестаттық емтихандар Назарбаев Зияткерлік мектептерінің базасында өткізіледі дейді. Сондай-ақ біздің мұғалімдер балаларды қорқытып қойды. Олардың айтуынша, егер түлек қорытынды емтиханда ең құрығанда бір пәнді, айталық, алгебраны тапсыра алмаса, оған қызыл да, көк те аттестат тимейді, тек мектепті бітіргені туралы жай анықтама беріле салынатын көрінеді. Бұл қаншалықты шындық?", – деп сұрайды Данияр.

Мазасызданған ата-аналарға БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетов жауап берді. Бұл мәселелер Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы "Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" №125 бұйрығымен реттелетінін түсіндірді.

2020 жылғы тамызда өзгертілген бұл құжатқа сәйкес, мектепті ерте, 9-10-шы сынып бітіргісі келетіндер 4 пәннен емтихан тапсырады, оның біреуі таңдау бойынша. Бұл шәкірттер үшін қорытынды аттестаттау мынадай нысандарда өткізіледі:

  • Біріншіден, мектептегі оқыту тілінде эссе нысанында жазбаша емтихан, ал гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектеп оқушылары үшін жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе);
  • Екіншіден, математикадан (алгебрадан) жазбаша емтихан;
  • Үшіншіден, орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын сыныптар үшін – қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан, ал қазақша оқытатын сыныптарда – орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан;
  • Төртіншіден, мына пәндердің бірін таңдайды: физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, Дүниежүзі тарихы, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын, француз, неміс), информатика бойынша жазбаша емтихан.

11-12 сыныпты бітірген оқушылар 5 емтиханнан тұратын қорытынды аттестаттаудан өтеді, оның біреуі таңдау бойынша.

  • Біріншіден, мектептің оқыту тілінде эссе нысанындағы жазбаша емтихан;
  • Екіншіден, алгебра және анализ бастамалары пәнінен жазбаша емтихан;
  • Үшіншіден, Қазақстан тарихынан тестілеу;
  • Төртіншіден, орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде – қазақ тілінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде – орыс тілінен тестілеу;
  • Бесіншіден, келесі пәндердің бірін таңдап, физика, химия, биология, география, геометрия, Дүниежүзі тарихы, құқық негіздері, әдебиет, шетел тілі (ағылшын, француз, неміс) немесе информатикадан тестілеу.

Министрдің айтуынша, мектепте оқыған жылдары үлгілі, жақсы мінез-құлық танытқан және 5-сыныптан 11-ші (12-ші) сыныптар аралығында барлық пәндерден жылдық және қорытынды бағалары "5" болған, сондай-ақ қорытынды аттестаттаудан "5" деген бағаға өткен түлектерге "Алтын белгі" аттестаты мен белгісі беріледі.

Дегенмен кейінгі жылдары "Алтын белгі" иеленушілер саны күрт өсіп, өңірлер рекорд орната бастады. Бірақ бұл шәкірттердің білім деңгейінің айтарлықтай артқанын білдірмесе керек, өйткені халықаралық білім рейтингтерінде Қазақстан кері кетуде.

Осыған орай БҒМ оқушылар үшін мұндай биік атақты алу талаптарын күшейтуге кірісті.

"Жалпы "Алтын белгі" мәртебесін көтеру, "Алтын белгі" аттестатын алудан үміткерлерге талаптарды күшейту, сонымен бірге 11-сынып оқушыларының оқу жетістіктерінн тәуелсіз бағалау жүргізу мақсатында №125 бұйрыққа өзгерістер енгізіліп жатыр. Бірақ ол өзгерістер тек жаңа 2022–2023 оқу жылында ғана күшіне енеді. Сондықтан биыл 11-сыныпты бітірушілерге арналған қорытынды аттестаттау ескі қағидалармен, №125 бұйрықтың қолданыстағы нұсқасына сай өткізіледі. Ол оқушылар барлық емтиханды оқу орны бойынша өз мектептерінде тапсырады", – деді Білім және ғылым министрі.

Айта кету керек, БҒМ басшысы таяуда, 10 мамырда "Алтын белгі" бойынша жаңа ережелерді енгізетін бұйрыққа қол қойғанын мәлімдеді. Олар тек келесі жылы осы марапаттан үміттенетіндерге қатысты қолданылады. Атап айтқанда, алдағы жылдан бастап, "Алтын белгіден" үміткерлер математика бойынша емтиханды тек Назарбаев Зияткерлік мектептерінің базасында тапсырады. Әйтпесе, өз мектебінде оған түрлі жолмен мұғалімдері көмектесуі мүмкін. Қоғамда мұның НЗМ-дердің табысын арттыру үшін жасалғаны туралы пікірталас өрбіді.

"Осы шара тек академиялық адалдықты қамтамасыз ету ғана үшін қабылданып отыр. Бұл ретте тапсырмалар НЗМ-де тапсырушылар үшін де, жай мектептерде тапсырушылар үшін де бірдей болады", – деді А.Аймағамбетов.

Ол былтырғы жылы түлектер "Алтын белгіні" рекордтық көлемде алғанын еске салды. Сол себепті үлгерімі үздік болып табылатын түлектер бұл даралық белгісіне қол жеткізу үшін бір емтиханды "тәуелсіз білім беру ұйымында" тапсырып, білімін паш етуге тиісті.

Министрлік биыл "Алтын белгі" алатындардың соған қаншалықты лайықты болғанын содан кейінгі ҰБТ нәтижелері бойынша бағалауды жоспарлауда. Осыған байланысты министр мектеп әкімшіліктеріне, білім беру басқармалары мен бөлімдеріне қорытынды емтихандардың таза, айқын, объективті өтуін қамтамасыз етуді жүктеді.

Ал түлектері қаптатып "Алтын белгі" алғанымен, олар ізінше ҰБТ-да төмен нәтиже көрсетіп жатса, ол мектепке қатысты сұрақтар туындауы мүмкін.

Өткен 2020-2021 оқу жылы Қазақстанда бірден 9 738 түлек "Алтын белгі" иеленді. Бұл барлық түлектердің 6,2%-ы! Шамамен әрбір 15 баланың біреуі "Алтын белгі" алған. Мұндай масқара ел тарихында болмаған, ғаламат рекорд саналады. Салыстыра кетсек, 2018–2019 оқу жылы аталған ерекшелік белгісіне – 7 349 оқушы, 2019-2020 оқу жылы – 8 615 түлек қол жеткізді. Бұл қарқынмен бара берсе, екі оқушының бірі "алтынға" айналатын шығар?!

Былтыр "Алтын белгіні" ең көп үлестірген өңірлердің тізімін Түркістан облысы бастады: 1 856 мектеп бітірушіге ұстатқан. Одан кейін Алматы облысы (1 432) және Шығыс Қазақстан облысы (738) тұр.

Әлеуметтік желіде тараған, ресми органдар растамаған бейресми дерек бойынша Түркістан облысында "мектепке мұғалім болып кірудің "ставкасы" 1,8 млн теңге тұрады-мыс. Алматы облысында – 1,2 млн, ШҚО-да – 1 миллион теңге сұралады дейді ұзынқұлақ.

"Халық айтса, қалт айтпайды" деген, кім білсін. Егер бұл қауесеттің ар жағында қаулаған жемқорлық көріністері тұрса, орнын сатып алғандар онысын "коммерцияландырып", берген ақшасын өзге жолмен қайтарып алудың амалдарын іздемес пе?

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу