Көрші елдегі Сардоба бөгетін судың жырып кетуі екі мемлекттің бірнеше ауылын су астында қалдырды. Әсіресе Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданының бірнеше ауылын топан су басып қара халық бір сәтте абдырап қалғаны мәлім, енді балықтан ауру шықты деп дабыл қағуда.
Сыр бойын жағалай қоныстанған жұртшылық секемденіп отырғандықтан балықтан қызылордалықтарға келер "қауіп" бар ма, деген сауалға жауап іздеп көрген едік.
Әлеуметтік желіде "балықтан ауру шықты, жемеңіздер", деген сарындағы бейнероликтер қаптап кетті. Шошынған жұрт месенжерлер арқылы жазбаларды бір-біріне таратып жатыр.
Өзбекстандағы топан сумен ағып келген балықтар расында да жеуге жарамсыз. Зертханалық сараптама кезінде олардан неше түрлі жұқпалы бактериялар табылған. Ал енді Сырдың төменгі сағасындағы отырғандарға дәл бұл мәселеде алаңдауға негіз жоқ екен. Өйткені ол аумақтан балық түгілі тіршілік нәрі де келіп жатқан жоқ. Бұны осы саланың мамандары құлағдар етті.
"Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы" ЖШС Арал филиалының директоры Тынысбек Барақбаевтың айтуынша, балықтардан адамға зияны келетін екі түрлі ауру бар екен.
"Балықта көбіне опистархоз деген ауру бар, сол өте зиянды. Бірақ ол факті бізде тіркелмеген. Ол өте сирек әрі солтүстік жақтарда кездесіп жатады. Сонымен қатар, осындай паразиттер қатарында легилоз дейтін басқа да құрттар бар. Олар балық желбезегінде пайда болады, қарапайым тілмен қызылша дейді, ондай паразиттер бактериялық жағдайда дамып қабыршақтарында да орналасуы мүмкін. Жалпы олардың адамға айтарлықтай зияны жоқ. Өйткені, балықты қуырғаннан кейін бұл паразиттер мен басқалары түбегейлі жойылып кетеді", – дейді Т.Барақбаев.
Ал, Арал-Сырдария бассейіндік инспекциясы басшысының орынбасары Жұмахан Нұрсейтов болса, ауруға шалдыққан балықтардың Сырдария өзеніне шығып кететіндей ешқандай негіз жоғын айтады.
"Арнасу ойпаты – Шардара су қоймасынан мол су келген кезде қашыртқылайтын, төменде орналасқан су қоймасы сияқты көл. Егемендік алғаннан кейін Өзбекстан ол жерге бірнеше гидротехникалық құрылыстар соғып қойды. Дәл сол Мақтаарал ауданындағы ауырған балықтардың Сырдария өзеніне шығып кетуіне ешқандай мүмкіндік жоқ. Су келмегеннен кейін балық келмейді. Біздің өлкеде балықты зерттейтін ғылыми орталықтың филиалы бар. Мұнда мамандар су маржаннан сынама алады, ауру түрлерін зерттейді", – деді әңгімесінде.
Қазір біздің өңірімізде қауіп балықтан емес, браконерлерден көп төніп тұр екен. Осы уақытқа дейін су маржанының уылдырық шашатын уақытында 80 адам заңсыз балық аулаған.
Бұл туралы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақты инспекциясының бөлім басшысы Жанқожа Сапаров айтып берді.
"500 мың теңгеге жуық айыппұл салынды, хаттамалар толтырылып әкімшілік шаралар қаралды. Арнайы акция барысында 2 қылмыстық іс тіркелді. Табиғатқа келтірілген залал 2 миллион теңгеден асады. Ұсталған азаматтарға әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 383 бөлігінің 1-ші және 3-ші бөлігімен шаралар қаралды. Суға, көлдге тасталған синтетикалық моножіпті "қытай ауы" деп аталатын балық аулауға тиым салынған құралдардан тазарту жұмыстары жүргізілді және көл жағасындағы әр түрлі қоқыстар жиналып, тиісті орынға шығарылуда", – дейді бөлім басшысы.
Әңгіменің тобықтай түйіні, Сырдың балығынан секемденуге еш негіз жоқ. Тек балық аулауға тыйым салу шарасы уылдырық шашу кезеңімен байланысты болып отыр.
Нұрбек Дәуренбеков