Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін азаматтарға несие беруге тыйым салынады

Қазақстандықтардың борыштық жүктемесін азайту үшін алты бағыттан тұратын кешенді жоспар қабылданды. 

Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін азаматтарға несие беруге тыйым салынады Фото: google.com

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Агенттік төрағасының айтуынша, 2022 жылдың 11 айында банктердің жеке тұлғаларға берген несиелері 29,4%-ға өсіп, 13,9 трлн теңгеге жеткен, оның ішінде тұтынушылық несиелер 24,1%-ға өсіп, 7,6 трлн теңге болды.  Қарыз алушылардың жалпы саны 6 868 мың адамды құрады.

90 күннен астам мерзімі өткен несиелердің үлесі 5,6% немесе 461 млрд теңгені құрады. 90 күннен астам кешіктірілген несие алушылардың саны жыл басынан бері 121 мың адамға артып, 536 мың адамға жетті.

Өткен жылдың 11 айында МҚҰ берген шағын несие көлемі 42,7%-ға өсіп, 979 млрд теңгені құрады, қарыз алушылардың жалпы саны 1 528 мың адамды құрайды.
90 күннен астам мерзімі өткен шағын несиелердің үлесі 8,0%-ды немесе 76 млрд теңгені құрады. 90 күннен астам мерзімі өткен қарыз алушылардың саны жыл басынан бері 115 мың адамға азайып, 257 мың адам болды.

Халықтың қарыздық жүктемесін азайту үшін тұтынушылық несие беруді реттеуді қатайту бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда.

"Біріншіден, мерзімі өткен берешегі 90 күнтізбелік күннен асатын азаматтарға кепілсіз тұтынушылық қарыздар мен микрокредиттер беруге шектеу енгізіледі. Бұл жаңа несие беруді және төлемге қабілетсіз қарыз алушылардың борыштық жүктемесінің өсуін шектейді", – дейді Мәдина Әбілқасымова.

Бұған дейін 90 күн кешіктірілгеннен кейін айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептеуге заңнамалық тыйым салынған болатын.

Екіншіден, тұтынушылық микрокредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді шектеу бойынша реттеу шаралары қабылданды. Нәтижесінде 2022 жылы 45 күнге 50 АЕК-ке дейінгі кепілсіз микрокредиттер бойынша шекті сыйақы мөлшерлемесі 30%-дан 20%-ға дейін төмендетілді. Сонымен қатар, микроқаржы ұйымдарына тексерулер жүргізіліп, нәтижесінде 23 МҚҰ-ның нормативтік талаптарды сақтамағаны үшін лицензиялары қайтарылып алынды.

Үшіншіден, міндеттемесін төлей алмайтын қарыз алушыларға тұтынушылық несиелер беруді шектеу үшін қарыз алушылардың борыштық жүктеме коэффициенті қарыз алушының жалпы кірісінің 50% деңгейінде белгіленді.  

Сондай-ақ табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға несие беруге тыйым салынды.

"2022 жылы қарыз жүктемесінің коэффициенті банктер мен микроқаржы ұйымдары міндетті түрде сақтайтын пруденциалдық норматив ретінде белгіленеді.  Сонымен қатар, қарыз алушының кірісін есептеу қатаңдатылды.  Осылайша, расталған кірістер тізімі 18-ден 12 критерийге дейін қысқартылды",– деді Мәдина Әбілқасымова.

2022 жылы берілген шағын несие сомасына қарамастан, жеке тұлғаларға берілетін барлық микрокредит бойынша борыштық жүктеме коэффициентін есептеу талабы белгіленді. Ал, бұрын ең төменгі жалақының бір мөлшерінен төмен микрокредиттер беру кезінде борыштық жүктеме коэффициенті есептелмейтін.

"Төртіншіден, тұтынушылық несиелендірудің шамадан тыс өсуіне жол бермеу үшін банктер мен микроқаржы ұйымдарының қызметін пруденциалдық реттеу күшейтілді.  Осылайша, 2022 жылғы қазанда банктердің 2 млн теңгеден астам ірі тұтынушылық несиелер беруін шектеу мақсатында, мұндай несиелер бойынша тәуекелді өлшеу коэффициенттері 150%-дан 350%-ға дейін ұлғайтылды", – деді агенттік басшысы.

Бесіншіден, микроқаржы ұйымдары беретін проблемалық тұтынушылық микрокредиттер деңгейін төмендету үшін өткен жылдың желтоқсан айында 90 күннен астам кешіктірілген шағын несиелер үлесіне лимит енгізілді. Олардың үлесі  20%-дан аспауы керек. Лимиттен асып кеткен микроқаржылық ұйым лицензиясыз қалуы мүмкін. 

Алтыншы, 2021 жылдың қазан айынан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін қарыз алушылардың мерзімі өткен кредитті қайта құрылымдау туралы өтініштерін қараудың міндетті тәртібін көздейтін проблемалық берешектерді сотқа дейін реттеудің бірыңғай тәртібі енгізілді.

Борышкерлердің құқықтарын қорғау үшін қарыз алушы кредитормен қайта құрылымдау талаптары бойынша келісімге келмеген жағдайда, Агенттікке жүгінуге құқылы.

"2022 жылғы наурызда қарыз алушылардың кредиттерді қайта құрылымдау құқықтарын қамтамасыз ету бойынша сотқа дейінгі реттеудің бірыңғай рәсімі шеңберінде Агенттік жеке тұлғалардың проблемалық қарыздарын реттеу бойынша жеке жоспарларды сұрады. Жеке жоспарлар шеңберінде банктер мен микроқаржы ұйымдары өз қаражаты есебінен проблемалық несиелерді қайта құрылымдау бойынша пайыздық мөлшерлемелерді төмендету, төлем кестесін қайта қарау, берешекті толық немесе ішінара есептен шығару түрінде іс-шараларды жүзеге асыру жоспарланған", - деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы.

Жеке жоспарлар шеңберінде банктер 329 млрд теңге қарызы бар 633 мың қарыз алушыны, микроқаржылық ұйымдар 35 млрд теңге қарызы бар 568 мың қарыз алушыны қамтиды. 

Өткен жылдың желтоқсан айының соңында банктер 267 мың азаматтың 127 млрд теңгеге, микроқаржылық ұйымдар 388 мың азаматтың 27,5 млрд теңгеге несиесін реттеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу