Тағы бір ел Қазақстанды айналып өтіп жүк тасуға шешім қабылдады

4210

Жүк ағынын Орталық Азиядан қазақ жеріне соқпай, тікелей әлемдік нарыққа шығаратын жоба кеңейе бастады. 

Тағы бір ел Қазақстанды айналып өтіп жүк тасуға шешім қабылдады Фото: chatgpt

"Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан" теміржол жобасына енді Тәжікстан да қосылуға тілек білдірді. Тәжік елінен бастау алатын тармақ "Жаңа Жібек жолы" көлік жүйесі аясында қолға алынған ірі теміржол жобасының бір бөлігіне айналатын болды.

Asia-Plus порталының хабарлауынша, Тәжікстанның көлік министрі Азим Иброхим бұл мәселені ҚХР-дің көлік министрі Лю Вэймен жеке талқылады.

Тәжік республикасының көлік ведомствосы бұл келіссөздерге "Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан" халықаралық теміржолын салу жобасына Тәжікстанды қосу мүмкіндігі егжей-тегжейлі пысықталғанын растады.

Бұдан бөлек, шың елінің Түркі әлемі елдерімен бірге Қазақстан территориясын алыстан орағыта өтетін ірі дәлізді дамытуының жай-жапсары сөз болыпты.

"Тяньцзин қаласындағы кездесуде "Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан" теміржолының құрылысы жобасына Тәжікстанның қосылуына Қытай халық республикасының көмектесу мәселесі қарастырылды. Сондай-ақ келіссөздер барысында "Қытай-Тәжікстан-Өзбекстан-Түрікменстан-Иран-Түркия-Еуропа" мультимодальды дәлізін әрі қарай дамыту мәселелері пысықталды", – делінген ТР көлік министрлігінің хабарламасында.

Ведомствоның түсіндіруінше, бұл жобалар Қытайдың алып теміржол магистральдарын Орталық Азияның 4 елімен (Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанмен), сондай-ақ Иранмен және Түркиямен құрлық жолы арқылы жалғауды, одан әрі жобаны еуропалық теміржол желісімен біріктіруді қарастырады. Осы арқылы негізінен құрлықпен жүрген байырғы Ұлы Жібек жолының заманауи баламасы құрылады.

Сарапшылар бұл халықаралық дәліздің Қазақстанды неге қоспайтынын түсіндірді. Өйткені UNESCO дерегінше, байырғы заманда Ұлы жібек жолының бір тармағы қазіргі кезде РФ құрамына кіретін Дағыстан, Кавказ, Донның төменгі сағасы, Қалмақия, Азов жағалауы, Таман арқылы әрі қарай Киевке және Еуропаға өткен.

Алайда сарапшылар бүгінде санкция астындағы Ресейдің оқшаулануына байланысты бұл тармақты қалпына келтіру мүмкін еместігін алға тартты.

Қазақстан РФ бағытына балама ретінде оны айналып өтіп, Каспий арқылы Әзербайжанға тікелей жететін су жолын ұсынды. Алайда теңіздің тартыла бастауына байланысты жүк кемелері мен танкерлердің қозғалысы қиындыққа кезігіп тұр. Жаңа жобалардың Қазақстанды айналып өтуінің басты бір себебі осы екен.

Asia-Plus бұл жобалардың көшбасшылары Қытай мен Өзбекстан екеніне назар аудартады. Олар халықаралық теміржол дәлізін несие қаржымен және жұмыс қолымен қамтамасыз етеді.

"Өзбекстан өзінің темір жолдарын Түрікменстан, Иран және Түркия арқылы еуропалық теміржол желісімен қосуға ынтығып отыр. Басты мақсат осы. Оған жолай Қырғызстан мен Тәжікстан қосылуда. Ұлы жібек жолының Қырғызстан арқылы өтетін маршрутін талқылау ұзақ айтыс-тартысқа ұласып кетті. Ақыр соңында жобаға қатысушылар "Солтүстік бағытты" таңдады", – деп хабарлады портал.

Бұл бағыт Қытай құрамындағы Шыңжаңның (Синьцзяннің) оңтүстігіндегі Қашғар қаласынан бастау алып, қытай-қырғыз шекарасындағы "Торугарт" бақылау-өткізу пункті арқылы Ферғана жотасындағы Арпа алқабына дейін жетеді.

Әрі қарай теміржол дәлізі қырғыздың Нарын облысындағы Қостөбе (Кош-Дебе) және Жалал-Абад облысындағы Мақпал (Макмал) елді мекендерін басып өтіп, Өзбекстандағы Джалал-Абад қаласына, Әндіжанға бет қояды.

Содан соң өзбек елінің іргесіндегі Тәжікстан, Ауғанстан арқылы Иранға бағыт алады. Иран батысында Түркиямен шектеседі. Ал, Түркия еуропалық елдермен қатынасатын Әзербайжан, Сирия, Армения, Грузияны айтпағанда, батысында тікелей Еуропалық Одақ мүшелерімен – Грекиямен және Болгариямен шекаралас.

Осылайша, кез келген жүкті – азық-түліктен, халық кең тұтынатын тауарлардан бастап, астық, мұнай, шикізат, метал және басқасын теміржол арқылы құрлықпен Орталық Азиядан Еуропаға дейін тура да қысқа жолмен жеткізуге болады.

Бастапқыда "Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан" дәлізін іске қосу үшін Қырғыз Республикасы 268,4 шақырым теміржолын жаңадан салуы және реконструкциялауы қажет болды. ҚХР-дағы 165 шақырымның дайын екені айтылды. О баста дәліздің ұзындығы 454 шақырым болатыны хабарланды.

Дегенмен, кейінгі деректер бойынша ол ұзарыпты және теміржол жобасының үш елдегі жалпы ұзындығы 532,53 шақырымды құрайтыны мәлім болды. Оның ішінде 158,04 шақырымы – Қытай территориясы арқылы (Қашғар – Торугарт аралығы), тағы 304,94 шақырымы – Қырғызстан арқылы өтеді. Сонда Өзбекстанның еншісіне 70 шақырымы тиеді.

Оның өне бойында жалпы саны 90 тоннель, көпір мен станция тұрғызылуы қажет.

Осы теміржол телімдері өзара қосылғаннан кейін нағыз теміржолдық "Ұлы жібек жолы" қолданысқа енгізіледі. Өйткені Өзбекстанның Ауғанстанмен, Ауған елінің Иранмен, қызылбас елінің Түркиямен арасында теміржол қатынасы бұрыннан жолға қойылған.

Айта кету керек, "Қытай-Қырғызстан-Тәжікстан-Ауғанстан-Иран" теміржол жобасын әзірлеу туралы алдын ала келісімге қол қойылған. Оған сәйкес, теміржол маршруті қытайлық Қашғардан басталып, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан территориялары арқылы ауғандық Гератқа бет қояды. Содан соң оны, әлгінде айтылғандай, Иран, Түркия және Еуропа елдерінің теміржол желісімен қосу жоспарланған.

Бүгінде ақпарат құралдары жобаның әр телімінде жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қытай Қырғызстанға несие бөлді. Жалалабад облысында халықаралық дәліздің басты объектілерінің бірі – үлкен тоннелдің құрылысы жүзеге асырылуда.

2025 жылғы 18 маусымда Қырғызстан осы жобаға арналған кеңес-консультациялық және қадағалау қызметтерін ұсыну контрактісіне қол қою салтанатын ұйымдастырды. Рәсім "Кыргыз темир жолу" ұлттық компаниясы мен "Узбекистон темир йуллари" АҚ-ының басшылығының қатысуымен өтті.

Контрактіні арнайы құрылған "Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан" жауапкершілігі шектеулі қоғамы шақырылған консультанттармен арада бекітті. Сонда жарияланғандай, бұл дәліздің жүк тасымалы әлеуеті жылына 7-ден 13 миллион тоннаға дейін жетеді.

Сонымен қатар, биылғы 6 маусымда Бейжіңде жобаның бас келісімінің соңғы мәтініне тараптар қол қойды. Бұл Қытай, Қырғызстан мен Өзбекстанның жобаны жүзеге асырудың ақырғы кезеңіне аяқ басқанын білдіретіні мәлімделді.

Құжатта көрсетілгендей, жаңа көлік дәлізінің бағыты келесідей: Кашғар – Торугарт – Макмал – Джалал-Абад – Әндіжан.

Economist.kg жазғандай, жобаны іске қосудың Бейжіңдегі осы салтанатында сөз сөйлеген қырғыз Президенті Садыр Жапаров оның стратегиялық маңызға ие екенін нықтады.

Оның байламынша, жаңа теміржол дәлізі Қырғызстанның экономикалық дамуын жылдамдатады және қырғыз елін Еуразиялық континенттегі басты транзиттік торапқа, хабқа айналдырады.

Бірақ дәліздің Орталық Азиядан әрі қарай өрбуіне қатысты гәп бар. Иран Үкіметі Тәжікстанға қайтарымсыз негізде 1 миллион доллар көмек бөлгенін мәлімдеді.

Ол сома осы халықаралық теміржол дәлізінің тәжік бөлігін салудың мүмкіндіктерін бағалап, пысықтауға және жобасын дайындауға жұмсалуға тиіс.

Тәжікстанның көлік министрлігі мен ирандық "Метро" компаниясы тиісті келісімге қол қойды. Ізінше бұл халықаралық құжатты тәжік Парламенті ратификациялады.

Бірақ тәжік сарапшылары істің әзірге ілгерілемей тұрғанын нұсқады. Жоба бойынша теміржолдық "күретамыр" Тәжікстан аумағында 270 шақырымға созылып жатуға тиіс.

Жаңа теміржол Вахдат қаласынан бастау алып, Қаратегін алқабы арқылы Қырғызстанмен шекарадағы Қарамыққа дейін салынуы қажет.

Алайда "байтал түгіл бас қайғы" жағдайдағы Иран тарапы әрі қарай қаржыландыруды уақытша тоқтатқан. Соңғы транш 200 мың долларды ғана құрапты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу