Таксилерге тықыр таянды

425

Депутат маңызды бастама көтерді.

Таксилерге тықыр таянды Фото: © Sputnik / Владислав Воднев

Жақында Мәжіліс депутаттары жүргізушілердің такси агрегаторларына тәуелді екенін айтып, көптің көңілінде жүрген мәселені көтерді.

Сөзінше, бұл салада бәсекеге төтеп бере алатын отандық цифрлық қосымшалар жоқтың қасы. Салдарынан шетелдік такси платформалары пайдаға кенеліп, баға да шарықтап тұр.

Бұл ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда маңызды мәселе екенін алға тартқан депутаттар бірқатар ұсыныс тастады. Соның бірі – такси агрегаторлары алатын комиссиялардың мөлшерін 3-5%-ға дейін төмендету, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сала маманы Алексей Алексеев бұл жаңашылдықты енгізу туралы өз пікірін білдірді.

"Екі комиссия бар. Біреуін агрегатор автопарктен, ал екіншісін автопарк жүргізушіден алады. Сондықтан да жалпы сома 15-18 пайызға дейін жетуі мүмкін. Бұл автопарк қоятын шарттарға байланысты. Егер де депутат агрегатордың комиссиясы туралы айтып отырса, онда бұл ақылға қонымды болар еді. Шығынның негізгі бөлігі жүргізушінің мойнында екені белгілі. Көлікті күтіп-ұстау, бензин және т.б. бар. Егер автопарк пен агрегатор әр сапардан жалпы 10 пайыздай алатын болса, бұл ақылға қонымды болар еді. Қазір оның мөлшері 13 пайыздан 18 пайызға дейін барады", - деді автосарапшы.

Сарапшы такси саласында отандық ірі ойыншының пайда болғанын құп көретінін жеткізді. Бәсеке болмағаннан кейін қызмет құны да мың құбылады, дейді ол.

"Нарықта бәсекелестік пайда болған жағдайда жолаушылар ұтатын еді. Өйткені бұл бағаны реттеуге де септігін тигізеді. Қазір бізде бәсеке жоқ. Сондықтан да ірі такси платформалары бағаны қалағанынша белгілеп отыр", - деді ол.

Алексей Алексеевтің сөзінше, ауа райы бұзылғанда такси бағасының күрт қымбаттауына олардың санының аздығы себеп. Мәселен, жаңбырдың астында қалмас үшін адамдардың бәрі бір уақытта такси шақыруға тырысады.

"Баға сұраныстың артуынан өседі. Мәселен, Алматыда таксиге балама көлік құралдары көп. Самокат пен көлікті жалға алуға болады. Көлікті жалдау құны таксимен жүргенге қарағанда арзанға түседі", - деді сарапшы.

Жалпы айтқанда, адамдар асыққан кезде немесе діттеген жерге тез жету үшін таксимен сапарлайды. Такси жылдам әрі ыңғайлы көлік түрі екені де даусыз. Десек те, бұл тұста қауіпсіздік мәселесін де ұмытпаған жөн.
 
Такси құнының құбылуы қазақстандықтарды да әбігерге салып жүр.

"Бағаға көңілім толмайды. Тариф барлық қашықтықта шамамен алғанда 1200-2000 теңгенің арасында. Ауа райына байланысты баға тіпті қымбаттайды. Күннің ыстығында да баға шарықтап кетеді. Такси құны қааны да қағады. Тек жұмысқа баруға ғана он күн такси қолдансаң, 10-15 мың теңгенің маңайында қаражат кетіп қалады. Ал одан көп жүретін болсаң, одан әрі асып кетеді", - деді Астана қаласының тұрғыны Қымбат Оралбаева.

Бұл мәселеге депутат да баса назар аударды. Әзірге, бұл бағытта оң өзгеріс байқала қоймады.

"Шетелдік платформалар өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, нарықтың басым бөлігі соларда. Елімізде отандық қосымшаларға қолдау аз, ресурсы шектеулі болғандықтан, олар бәсекеге төтеп бере алмайтынын байқаймыз. Бәсеке болмаған соң халықтың таңдау мүмкіндігі тарылып, сапа мен баға мәселесі де шешілмей тұр. Жеке қабылдауларда халық такси тарифтерінің негізсіз қымбаттауын алға тартады. Әсіресе мереке күндері немесе ауа-райы күрт өзгерсе, баға бірден шарықтап кетеді", - деді депутат Мархабат Жайымбетов.

Бұған дейін Көлік министрі Марат Қарабаев такси қызметінің бағасын нарық айқындап жатқанын айтқан болатын. Сөзінше, бұл сала мемлекет тарапынан реттелмейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу