Kyzdar.net интернет-притонын ұйымдастырушылар жауапкершіліктен жалтарып кетті. Ішкі істер министрлігі бұл сайттың 11 топ-менеджеріне қатысты қылмыстық істі тоқтата салды. Бұл туралы Informburo.kz журналистеріне ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
ІІМ хабарлауынша, аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 309-шы бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. "Жезөкшелiкпен айналысуға, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтерді көрсетуге арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық" деп аталатын бұл баптың ең жоғарғы жазасы, мысалы, бұл қылмысты ұйымдасқан қылмыстық топ жасаса, олардың мүлкін тәркілеп, 5 жылдан 10 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруды қарастырады.
"Бірақ тергеу органдары сол кезде заңнамада болған олқылықтарға тап болды. Атап айтқанда, бұл бапта "интернетті, телекоммуникациялық желілерді пайдалана отырып жасалған жеңгетайлық (сводничество)", "жезөкшелікті насихаттау және жарнамалау жолымен жеңгетайлық" деген ұғымдар жоқ болып шықты. Осыған байланысты қылмыстық іс тоқтатылды", – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Полиция тиісті баптар қазіргі кезде бар екенін мәлімдеді: түзетулер Қылмыстық кодекске енгізілген және 2024 жылғы 5 қыркүйектен бастап қана күшіне еніпті.
Атап айтқанда, егер әлдебір адам (жаргонда – "сутенер", заңнама бойынша – жеңгетай) ескі, "дәстүрлі" тәсілдермен қыздарды, жігіттерді жезөкшелiкпен айналысуға, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтерді көрсетуге тартып, оффлайн притондар ұйымдастырса немесе оларды ұстап тұрса, онда мүлкi тәркiленiп, 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ал, егер интернет-притон ұйымдастырса, қыз-жігіттің сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтерді көрсетуін телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернетті пайдалану арқылы ұйымдастырса, онда жазасы қатаңырақ болады – мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге түрмеге қамалады.
Осылайша, ғаламтор, әлеуметтік желілер, мессенджерлер көмегімен интимдік қызметтер көрсетуді жолға қойса, айыбы күрт ауырлап, бірден рецидивистпен (осындай қылмысты ұйымдастырып, бірнеше рет қолға түскендермен), алдын ала сөз байласып жасаған адамдар тобымен, сондай-ақ балаларды (кәмелетке толмаған адамды) жезөкшелікпен айналысуға, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтерді көрсетуге тартқандармен теңеседі.
Дәл сол сияқты бұдан былай "жезөкшелікті, сексуалдық сипаттағы өзге де көрсетілетін қызметтерді осы мақсаттарда насихаттау және (немесе) жарнамалау" да 3-7 жылға бас бостандығынан айырумен жазаланады. Демек, Парламент депутаттары тым ұзаққа созбай, Қылмыстық кодекске түзетулерді былтыр қабылдағанда, Kyzdar.net-тің 11 басшысы жазадан құтылмас па еді?
ІІМ-нің бір жұбанышы бар. Заңнамаға енгізілген өзгерістер бұрын тайраңдаған келесі қылмыскерлерді енді жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді екен:
- Жезөкшелікпен айналысуға арналған және сексуалды сипаттағы өзге де қызметтерді (соның ішінде интим-массаж) көрсететін притондарды ұстаушыларды;
- Жеңгетайлықпен коммуникация құралдары арқылы айналысатындарды;
- Проституциямен айналысуға тартатын чаттарды ұйымдастырушыларды;
- Өз притондарын және жезөкшелік қызметтерін интернет арқылы жарнамалайтын сутенерларды жаппай жазалауға полиция уәде етеді.
Айта кететін жайт, құқық қорғау органдары Kyzdar.net арқылы онлайн жеңгетайлықпен айналысатын 11 адамды 2023 жылғы наурызда тұтқындаған болатын. Олар жезөкшелікпен айналысатын әйелдердің, ерлердің басын қосып, олардың қызметін жарнамалайтын сайт ашып, сонда фотоларын орналастырған. Ресми дерек бойынша Kyzdar.net сайтының менеджерлері күн сайын (!) 2 миллион теңгеге дейін табыс тауып отырған. Одан, әрине, мемлекетке салық та төлемеген.
Қазақстан билігі бұл сайттың жұмысын толыққанды бұғаттап тастай алмады. Өйткені ол отандық емес, америкалық интернет провайдерлерге тиесілі хостингтерде орналасқан көрінеді.
Ведомствоның түсіндіруінше, бүгін олар Kyzdar.net-ті бұғаттаса, ертең Kyzdar2.net, Kyzdar4.net және басқасы пайда болады. Оны іздеуші немесе тұрақты тіркелген клиенттері автоматты түрде соларға бағытталады.
"ІІМ тапқан сайын Kyzdar.net сайтына сілтемелерді бұғаттау туралы Мәдениет және ақпарат министрлігіне тұрақты негізде хаттар жолдайды. Алайда бұл ресурс жедел түрде домендік атауын өзгерту және жаңғырту тәжірибесін қолданады. Сол арқылы ол қолжетімді болып қалуда", – деп түсіндірді Ішкі істер министрлігі.
Оның үстіне 11 топ-менеджерін бостандыққа қоя берсе, олар сайттың қызметін жетілдіру ісіне өзіндік үлесін қосып, бар біліктілігін салуы мүмкін. Себебі, сот тарапынан айыпталмағандықтан олар тіпті тұрақты пробациялық бақылауға да алынбаған.
Сондай-ақ министрлік сайтқа қанша адам кіретінін де анықтай алмапты.
Кейінгі жылдары, кем дегенде 2017 жылдан бері қарапайым қазақстандықтар тарапынан құзырлы органдарға "Қыздар.net" ресурсына қатысты арыз қаптады. Азаматтар мысалы, оның кездейсоқ адамдардың демалыс кезінде түсірген "ашық-шашық" суреттерін жеңгетайлық істерін жарнамалау мақсаттарына пайдаланатынына шағымданды.
Содан Ішкі істер министрлігін генерал Қалмұханбет Қасымов басқарып тұрған тұста, полиция "Қыздар.net" порталына қатысты қылмыстық іс қозғады. Оны Астана қаласының Сарыарқа ауданының ІІБ-і жүргізген екен. Бірақ әлгінде айтылғандай, ол кезде интернетте және әлеуметтік желілерде жеңгетайлықты жүзеге асыру үшін қылмыстық бап болмады. Сондықтан іс Қылмыстық кодексінің 274-бабының 2-бөлігі бойынша ("Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып көрінеу жалған ақпарат тарату") қозғалған екен. Онда да негізгі ұйымдастырушылары қатаң жазадан құтылып кетті.
Талай инстанцияға шағымданған зардап шегушілердің бірі – Руслан Ы. Оның айтуынша, 2017 жылдың 5 маусымында Орал қаласында тұратын танысы Жақсат деген жігіт қоңырау соғып, төбе шашын тік тұрғызған бір жайтты хабарлайды. Жақсатқа "ВКонтакте" арқылы Нұрсая Төлепова есімді белгісіз кісі достығын кабылдауды сұрап жүгінеді. Бұл келіншек таныс болмаған соң, ол туралы ақпарат алмақ болып, Нұрсаяның "ВКонтактедегі" парақшасын парақтайды.
Соның барысында Жақсат Русланның фотосына жолығады, онда оның "интимдік қызмет көрсететіні" жазылыпты. Мұны біле сала, Орал тұрғыны елордалық танысына телефон шалады.
"Мен де сілтемемен өтіп, дереу қарасам, фотом тұр. "Қыздар.net" сайтында сексуалдық ақылы қызметтер көрсететін адам ретінде №20537 нөмірмен тіркеліппін. Масқарасы сол, әйелім Гүлнардың да фотосын басқа бір атпен тіркеп қойыпты. Менім паркте балаларыммен жүріп түскен суреттерімді салыпты. Әрі қарай басы жоқ белгісіз кісінің тыржалаңаш суреттері қоса берілген. Астында күнделікті қолданатын ұялы байланыс нөмірімді көрсетіп қойған. Салдарынан отбасымда күнде айқай ұрыс туындады. Фотода балаларым бейнеленген. Еркек басыммен қылар пәрменім жоқ болып, пұшайман күйге түскен жаман екен. Кешкілік телефоныма белгісіз кісілер қоңырау соғып тұрды. Мұны бәлкім, біреу ақша бопсалау үшін ұйымдастырған болса керек", – дейді Руслан.
Полицияға айғақ болуы үшін ол өзіне қоңырау соғып, қызмет ақысы бойынша саудаласып, үйіне шақырған бір жігіттің сөзін жазып алып, шағымына қоса тіркеген екен.
Мұндай шағымдардың бұрын немен аяқталғаны белгілі. Шағым иесінің айтуынша, ІІМ-нің берген жауабында "аталған парақшалар шет мемлекеттердің жүйесінен болған соң, "Қыздар.net" парақшасы Қазақстанда тіркелмеген" депті. "ВКонтакте" Ресейде тіркелгендіктен "одақтасқа" сұраныс хат жіберілген, бірақ одан да жауабы болмапты. Енді тиісті қылмыстық баптар күшіне енген соң полиция пәрменді шара қабылдайды деген үміт бар.