Тәліп-ауған бейбіт келіссөздері: кім, не, қайда, неліктен?

5533

Тәліптер мен билікті бір стөлдің басына алғаш рет отырғызған тарихи диалогтың түпкі мақсаты – 20 жылға созылған соғысты тоқтату.

Тәліп-ауған бейбіт келіссөздері: кім, не, қайда, неліктен?

"Талибан" қозғалысы мен Ауғанстан саяси басшылығы арасындағы тарихи келіссөздер Катар астанасы Дохада сенбі күні ашылды. Кейбір бақылаушылар бұл кездесуді – ондаған жылдарға созылған соғысты тоқтату жолындағы ең жақсы мүмкіндік деп қарастырып отыр.

Ауған-аралық диалогқа АҚШ пен "Талибан" ақпанның 29-да қол қойған бейбіт келісім жол ашты. Сол пәтуаға сәйкес, шетел әскері елден 2021 жылдың мамырына дейін әкетіліп, тәліптер үкіметпен келіссөз жүргізуге келісіп, тараптар бір-біріне деген ізгі ниеттің нышаны ретінде түрмелерден тұтқындарды босатуға тиіс болды.

Келіссөздер басталғанымен, екі жақтың арасына жік салып отырған мәселелер жеткілікті және өзара сенімсіздік тағы бар.

Келіссөздер не жайында?

Келіссөздердің күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі – ұзақмерзімдік ымыра орнату, атысты тоқтату.

Екінші үлкен проблема - "Талибанның" ондаған мың қарулы мүшесі  мен үкіметке жақтас дала командирлеріне бағынышты содырларды қайтпек керек?

Әйел құқығы да –  ең өзекті тақырыптардың бірі. Ауғанстан да, оның үкіметі де - тым консервативтік. Жергілікті билік 19 жылда әйелдердің құқығын қорғау туралы бірде-бір заң қабылдамаған. Дегенмен, қазір тәліптер қыз балалардың мектепке баруына, әйелдердің жұмыс істеуіне, саясатпен айналысуына, адвокат пен сот болуына рұқсат етіп отыр. Дегенмен, радикалдық топ олардың мемлекет басқаруына немесе жоғарғы сот төрағалығына тағайындалуына қарсы. 

Келіссөздерде конституцияны өзгерту, тәліптердің ислам заңдарын талдауы, елді Ислам Республикасы немесе Ислам Әмірлігі деп атау мәселелері де қозғалуы мүмкін.

Стөл басында кімдер?

"Талибан" тарапынан келіссөздерге 20-адамдық топ қатысып жатыр. Солардың 13-і – осы қозғалыстың басшылық кеңесінің мүшелері. Оларды Дохаға тәліптердің әділет жөніндегі өкілі Абдул Хаким бастап барды.

Ауғанстан үкіметі делегациясына Мұхаммед Мамун жетекшілік етеді. Оның құрамында 19 адам бар. Бірақ, нақты шешімді Абдулла Абдулла басқаратын Ұлтты біріктіру жоғарғы кеңесі қабылдайды. Бұл орган дін, заң, конституция мәселелерінде сарапшылардың пікірлерін ескеріп барып, келісім жасайтынын мәлімдеп отыр.

Дохаға Помпео неліктен барды?

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның тікелей "боссы" - президент Дональд Трамптың сыртқы саясаттағы негізгі мақсаттарының бірі - 2001 жылы қыркүйектің 11-де Америкаға жасалған террорлық шабуылдан кейін сол кездегі президент Джордж Буш бастаған ел тарихындағы ең ұзақ соғысты қайтсе де аяқтау. Бүгінде рейтингі төмендеп кеткен Ақ үй басшысы ауғандағы жанжалды тоқтатып, алдағы сайлауда тағы да жеңіске жетуден үмітті.

Ақпандағы уағдаластыққа сәйкес, Пентагонның Ауғанстандағы әскерінің саны 13 мыңнан маусымда 8600-ге дейін азайды. Трампқа сенсек, сол контингент қарашаға дейін 4 мыңға дейін кемуі керек. Айта кетсек, Ауғанстанда 2011 жылы Құрама Шттардың 100 мыңнан астам жауынгері мен офицері қызмет етті.

Ауғанстандағы Америка әскерінің санын қысқарту тәліптер терроризммен күрес және үкіметпен келіссөз жүргізу туралы уәделерін орындағанда ғана толық жүзеге аспақ. Дегенмен, Дохадағы диалогтың басталуының өзі сайлау алдында Трампқа ұпай жинауға көп көмектеспек.

Неліктен Доха?

Доха – Парсы шығанағы жағалауындағы шағын ғана араб мемлекеті – Катардың астанасы. Ол жауласушы тараптардың үйлерінен алшақ орналасқан нейтралдық территория саналады.  Сонымен қатар, бір кездері мұнда АҚШ-Талибан келісімінің жай-жапсары талқыланып, 2012 жылы тәліптердің Саяси кеңсесі ашылды. 

Ауғанстан бейбіт келіссөздерінің алғашқы раундтары осында өткенімен, келесі раундтары басқа елде, мүмкін Еуропада ұйымдастырылуы мүмкін.

"Ислам мемлекеті" күшеюі мүмкін

Ауған бақылаушылары мен сарапшыларының ойынша, "Талибанның" билікпен бейбіт пәтуаға риза емес мүшелері енді "Ислам мемлекет" ("Даиш") тәрізді қарулы топтардың қатарына өтеді деген қауіп бар.

Бұған дейін де "Даиштың" құрамына талай тәліп өтті. Солардың көбі ауған үкіметімен келіссөз жүргізбей-ақ соғыспен жеңіске жететіндеріне сенімді. Кейбір мәліметтерге қарағанда, "Талибан" қозғалысы бүгінде ел аумағының 50 пайызға жуығын бақылап отыр.

АҚШ-тың Ауғанстанды қалпына келтіру жөніндегі арнайы инспекциясының мәлімдеуінше, "Талибан" қатарынан үйлеріне оралған бұрынғы содырларды жергілікті жемқор басшылар бұрынғыдай тағы да қудалауы мүмкін. 2001 жылы Америка тәліптер билігін құлатқанда, ауылдарына оралған бұрынғы жасақтар әкім-қаралардың қысымына шыдамай, қолға қару алып, тауға кетіп, сол кезде мүлде күйреуге шақ қалған "Талибанға" қайта қосылған.  

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу