Танымал шетелдік IT өнімдер мен қосымшалар қазақшаланбақ

2126

Ел Үкіметі мемлекеттік тілдің өрісін арттыру жолдарын қарастыруда. 

Танымал шетелдік IT өнімдер мен қосымшалар қазақшаланбақ Фото: google.com

 

 

Жалпы, мемлекеттік тілдің тынысы мен адымы ашылуы үшін оған деген сұраныс тудыру қажет екенін тіл жанашырлары бұрыннан айтып келеді. Соның бір бағыты – отандық телеарналарда қызықты контент жасау. Мысалы, бұрын қазақстандықтар үшін аса тартымды болған ресейлік телевизияны пропаганда және Украинадағы соғыс жайлап алғалы, көрермендер одан зеріге бастады.

Мысалы, TOO "TNS Central Asia", TNS Gallup Media зерттеу компанияларының дерегінше, алғаш рет ресейлік ақпараттық арналар қазақстандықтардың сүйіп көретін телеарналарының рейтингінен шығып қалды. 2022 жылғы қазанның қорытындысында жоғарғы отыздыққа тек көңіл көтеруге құрылған, саясаты мен пропагандасы шамалы Пятница International, ТНТ Камеди және СТВ ғана кірді. Басқасының бәрі – өзіміздің қазақстандық арналар.

Ал қазақстандық аудиторияда апта ішіндегі ең танымал телебағдарламалар рейтингінде ТОП-30 тізіміне ресейлік Поле чудес, Новые пацанки (Пятница International), Comedy club (ТНТ Камеди) қана ене алды. Бұрын қалпымен РФ бағдарламаларына толып тұрушы еді.

Тіл мәселесін көтеріп жүрген белсенді Санжар Сабаз орыстілді аудитория да көруі үшін қазақтілді контентті күшейту қажет дейді.  

"БАҚ саласы түрлі өзгеріске ұшырап жатыр, сол себепті бәсекеге қабілетті ақпарат көздерін жасап, жұмыс жасау керек. Соңғы 5 жылда рейтинг көтеру үшін пайда болған сұрықсыз телебағдарламалар кесірінен көрерменнің көкжәшікке сенімі азайды. Осыған орай, Мемлекеттік телеарналар және радио кеңесін құруды ұсынамыз. Мұнда телевизия және радио саласының мамандары аталған саланы ілгірету, әр бағытта, жан-жақты дамыту жөніндегі ой-пікірлерін ортаға сала алады деп ойлаймыз", – деп ой бөлісті ол.

Оның байламынша, Ақпарат министрлігіне және кеңеске келесі міндеттерді жүктеген жөн. Біріншіден, жағымсыз контентті болдырмау. Екіншіден, жат елдердің, мысалы Ресей, Үндістан мәдениеті мен тұрмысын, өмір салтын дәріптейтін киносериалдардың көрсетіліміне тоқтау салу және телехикаяларда ұлттық құндылықтарға мән беру. Үшіншіден, қазақ тіліндегі телевизия және радио өнімдеріне басымдық беру. Төртіншіден, әр көрерменге мемлекеттік саясатты ұғынықты тілмен жеткізу. Бұл елдегі тұрақтылық үшін қажет. Бесіншіден, "БАҚ туралы", "Жарнама туралы", "Тілдер туралы", тағы басқа заңдарды қайта қарап, ескірген талаптарын жою, жаңа өзекті талаптар қою және олардың орындалуын қадағалау.

"Бүгінде Қазақстан халқының басым көпшілігі қазақтар. Демек, көрермендердің құқықтарын қорғауға басымдық беру қажет. Көптеген елдерде, соның ішінде посткеңестік Әзербайжан, Өзбекстан, Балтық бойы елдерінде дәл осындай кеңестер бар. Ал бізде ондай ұйым атымен жоқ деуге де болады", – деді ол.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ондай жалпыреспубликалық кеңес құруды қолдамай отыр. Өзінде не көрсететінін әр арна негізінен өзі шешеді.  

"Телерадиоарналар кез-келген контентті дайындар алдында көптеген сараптама мен сүзгіден өткізеді. Эфирге ел заңдарына сай және телевизия мен радио талаптары ескерілген сапалы бағдарламалар ғана шығады. Мемлекеттік телеарналарда жағымсыз контенттерге мүлде орын жоқ. Сондай-ақ, телерадиоарналарда жарнаманы орналастыруда көрерменнің сұраныстары қатаң ескеріліп, тиісті мөлшерден асып кетпейді. "Хабар" агенттігі" АҚ мен "Қазақстан" РТРК" АҚ-ы телеарналарында басқа елдердің құндылықтарын дәріптейтін контенттерге жол берілмейді. Үнді телесериалдары көрсетілмейді", – деп жауап қатты министрлік.

Бұрын заңдағы "50-де 50" талабы ақпарат министрлерінің басын қатыратын. Не тілдік паритет сақталмайтын, не болмаса қазақша бағдарламалар түнгі эфирге ысырылатын. Қазір қалай?

Ақпарат министрлігінің дерегінше, 2021 жыл қорытындысында қазақстандық БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің жалпы үлесі 81%-ды құрады. Оның ішінде телеарналардағы контент – 76%, баспа басылымдарында, газеттерде – 84,5%, интернет-ресурстарда – 67,38%. Аталған көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 6%-ға өскен.

"Министрлік бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты "Qazaqstan", "Balapan" телеарналары мен "Шалқар" радиосында 100% мемлекеттік тілде жүргізетінін хабарлайды. Бұдан басқа, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс шеңберінде әзірленетін медиа өнімдердің басым бөлігі қазақ тілінде екендігін мәлімдейміз. Сондай-ақ, министрлік Қазақстан заңнамасының талаптарын сақтау тұрғысынан, әлеуметтік медианы қоса алғанда, ақпараттық алаңға тұрақты негізде мониторинг жүргізеді. Бұзушылықтар анықталғанда БАҚ иелеріне оларды жою туралы ұсыным жолданады. БАҚ меншік иесіне ескерту хатын жібергеннен кейін уәкілетті орган оның орындалуын қадағалап, БАҚ өнімдеріне бақылау мониторингін жүргізеді. Осылардың барлығын ескере келе, министрлік салада қосымша қадағалаушы немесе бағыттаушы құрылымды қажет деп санамайды", – деп жауап берді ведомство.

Ақтөбелік белгілі қоғам белсендісі Мұсағали Дауылов болса, IT өнімдерге, заманауи ақпараттық технологияларға қазақ тілін ендіру мәселесін көптен тынбай көтеріп келеді.

"Қазақ тілі "GoogleTranslate", "Yandex Переводчик" сияқты аударма сервистеріне енгізілгелі, тіліміз әлемдік онлайн-тұғырнамалардағы негізгі тілдердің біріне айналды. Wikipedia жүйесіндегі қазақтілді сегментте 200 мыңнан астам мақала жарияланған. Microsoft MS Office, Windows компаниясының бағдарламалық өнімдері де қазақ тіліне аударылды. Қазақстанның интернет қауымдастығының дерегінше, қазіргі уақытта Қазнетте қазақ тіліндегі сайттардың үлесі 12%-дан асты. Алайда Уики-платформадағы жасанды интеллект сол бойы қазақ тілін пайдаланбайды. Қазақ тіліндегі мәтінді компьютерлік оқу, дауыстан мәтінге көшіру технологиялары жетілмей, кең қолданысқа енбей келеді. Әрине, жеке бастамалар деңгейінде мәтін, аудио және видеоформаттардағы қазақша ақпаратты жинау, өңдеу жұмыстары қолға алынған, бірақ ол әзірге ұлттың деңгейге шықпады", – деді ол.

Бұған қоса, оның ұсынуынша, мемлекет қаражатына шығарылған барлық кітап, аудио немесе бейне өнімдер, анимациялар, кез келген медиаөнім интернет ресурстарда тегін орналастырылуға тиіс.

"Бұл проблемаларды шешу үшін мемлекеттік тілді дамыту жаңа бағдарламасын "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасымен тығыз қабыстыру, кіріктіру маңызды. Бірінші кезекте, Қазақ тілінің ұлттық корпусы жобасын жүзеге асыру ерекше мәнге ие. Оны тіл мамандары мен ІТ-бағдарламашылар бірлесе іске асыруда. Мемлекет қазақ тілін халықаралық ақпараттық коммуникациялық тұғырнамаларға енгізіп, ілгерілету бағытында жаңа, пәрменді шаралар қабылдағаны абзал", – деді Мұсағали Дауылов.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин мемлекеттік тілді дамытуға және ілгерілетуге, сондай-ақ тіл саясаты саласындағы жалпы басшылық жасауға 2022 жылғы тамыздан бері Саясат Нұрбек басқаратын Ғылым және жоғарғы білім министрлігі жауапты екенін жеткізді.

"Ал өз кезегінде біздің Цифрлық даму министрлігі отандық және шетелдік барлық IT-компаниялардың өкілдерімен осы бағытта да бірлескен жұмысты жүргізіп жатыр. Олардың арасында Яндекс, InDriver және басқа платформалар бар. Оларға мемлекеттік тіл енгізіледі. Бүдан бөлек мемлекеттік тілдегі ақпаратты шетелдік, халықаралық танымал ІТ өнімдерге, ұялы қосымшаларға, түрлі платформаларға міндетті түрде кіріктіру мәселесі пысықталуда. Бұл заңнамалық талап түрінде бекітілуі мүмкін", – деді вице-министр Асқар Жамбакин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу