Тараз түбіндегі жарылыс: тұрғындар не дейді

3350

Жамбыл облысы Байзақ ауданы әскери бөлімнің қоймасындағы жойқын жарылыстан 9 адам қаза тапты. 

Тараз түбіндегі жарылыс: тұрғындар не дейді

Бүгінде 28 адам ауруханада емделіп жатыр. Олардың барлығы әскери қызметкер. Медициналық көмек көрсету шараларына Тараз гарнизонының әскери госпиталі де тартылды. Жергілікті халыққа керек-жарақпен қамтамасыз ету бойынша тиісті көмек беріліп жатыр. Іnbusiness.kz тілшісі жарылыс болған аумақтағы елдімекендердің тұрғындарымен тілдесті.

Жамбыл облысының тұрғыны Бибігүл Берғазденова (өтініші бойынша кейіпкердің аты-жөні өзгертілді) апат туралы естіген соң қатты күйзеліске түскенін айтады.

"Біз Тараздан 25 шақырым жерде тұрамыз. Жарылыс 50-60 шақырым жерде болды. Үйдің екінші қабатынан алапат өртті көрдік. 1990 жылғы ұлым фельдшер, ал 1991 жылғы балам өрт сөндіру көлігін жүргізеді. Көлік жарылды дегенді естіп қатты күйзеліске түстім. Қандай көлік жарылғанын білу үшін барлық танысыма хабарластым", –деді ана ағынан жарылып.

Тұрғын баласының өлімнен қалай аман қалғанын айтып берді.

"Ұлым әскери қоймадағы өртті сөндіру үшін арнайы көлікпен апат орнына барған. Кенет көлік жарылып, балам ашық тұрған есіктен секірген. Түнгі сағат 3-те балам апат орнынан табылыпты. Үлкен ұлым хабарласып, бауырын жедел жәрдем көлігіне отырғызғанын айтты. Кейін оның жамбасынан төмен қарай және қолынан жарақат алғанын, оны дәрігерлер тіккенін білдім", – деді Бибігүл Берғазденова.

Ол баласының жарақатты қалай алғанын түсіндіріп бере алған жоқ. Оның пікірінше, ұлының денесіне ауыр зат тиюі мүмкін.

"Бірнеше өрт сөндіру көлігі жарылған... Ұлымның жарақаты ауыр емес. Таңғы 6.30-да ол үйге келді. Ұлым: "Мама, алапат өрттен тірі қалдым" деді. Құдайға шүкір, екі ұлым да аман. Есімді әлі жия алмай отырмын. Бейбіт күнде неге осындай жағдайға жол беріледі? Соны түсіне алмай отырмыз...", – деді ана.

Әскери қоймадан шыққан өрттен бірнеше көлік жарылды деген ақпаратты тексеру үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне хабарластық.

"Біз барлық ақпаратты тексеріп жатырмыз", – деп ТЖМ-нің ресми өкілі Талғат Уәли жауабын қысқа қайырды.

Сондай-ақ Байзақ ауданы Байзақ ауылының тұрғыны Айман Ермекбаева жарылыстан қатты қорқып қалғанын айтты.

"Ауылымыз апат болған жерден 10-15 шақырым жерде орналасқан. Кеше кешкі сағат 8-де жарылыс болды. Осы уақытта енем сиыр сауып, мен үйде тамақ пісіріп жүрдім. Кенет жер сілкінгендей болды, үйдің терезесі сынды. Алғашқы жарылысқа мән берген жоқпыз. Жанармай құю станциясы жарылған шығар деп ойладық. Алайда 3-4 жарылыстан соң жағдайдың қиын екенін түсіндім. Болған жағдайды ұялы телефоныма түсіріп үлгермедім, 3 кішкентай баламды ойладым", –деді тұрғын.

Ол әскери қойманың жарылғанын көршісінен білгенін айтады.

"Жарылыстан кейін ауыл тұрғындары сыртқа шыға бастады, дала көк түтін. Балаларды киіндіріп сыртқа шыққан кезде тағы бір жарылыс болды, құлағымызды жауып отыра қалдық, қорықтық. Айнала қып-қызыл болып кетті. Кейін қайын ағам менімен балаларды көлікке отырғызып, Кеңес ауылына алып кетті. Онда ата-анам тұрады. Ал күйеуім мен тағы бір қайным үйді күзетіп ауылда қалды", – деді Айман Ермекбаева.

Тұрғын үйіне таңғы 6-да келгенін, ауылда газ жоқ екенін жеткізді.

Айман Ермекбаева ауылдағы мектепте жұмыс істейтінін, жарылыстан білім ордасына зақым келуі мүмкін екенін айтып қалды.

"Қазір бізге әскерилерге тамақ беруге көмектесіңдер деп телефоныма хабарлама келіп жатыр", –деп түйіндеді сөзін тұрғын.

Айта кетейік, кеше Жамбыл облысы, Байзақ ауданында жойқын жарылыс болды. Салдарынан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шықты.

Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу