Оның қорытындылары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Жоғарғы аудиторлық палатаның отырысында қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Энергетика министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанда 233 электр станциясы жұмыс істейді. Дегенмен республика бойынша электр энергиясына сұраныстың 78%-ы жылу электр станцияларының есебінен қамтамасыз етіледі. Газтурбиналық станциялардың энергия өндірісі артып, олардың үлесі 9,6%-ға жетті. Гидроэлектр станцияларының жалпы электр энергиясын өндірудегі үлесі шамамен 8,5%-ды, ал жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 3,9%-ды құрайды.
"Жоғары аудиторлық палатаның аудит қорытындысында өңірлерде энергия өндіру мен тұтыну арасында теңгерімсіздік бары атап өтілді. Қуаттардың басым бөлігі солтүстік аймақта орналасқан, ал тұтыну көлемінің төрттен бірі оңтүстікке тиесілі. Елімізде 3 облыс қана электр қуатымен өзін өзі толық қамтып отыр. Олар: Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары", – делінген аудиторлық палата хабарламасында.
Энергетика саласындағы негізгі проблемалардың бірі – саланың дамуы үшін белгіленген жоспарлар мен іс-шаралардың орындалмауы. Атап айтқанда, тариф саясатының ашықтығын қамтамасыз ету, активтерді жаңғырту және т.б. Сала әлі де шетелдік жабдыққа тәуелді.
Электр энергиясына сұраныс артуда, ал генерациялық станциялар тозып жатыр. Көбі кеңес заманынан бері жұмыс істейді. Олардың өнімділігі төмендеп, апат тәуекелі артып келеді. Жалпы елдегі барлық энергия өндіруші қуаттардың тозу деңгейі 55%, ал электрмен жабдықтау желілерінің тозу көрсеткіші 76%-ға жеткен.
Салада шамамен 4,5 мың маман жетіспейді. Негізгі себептері – жастардың қызығушылығының төмендігі және жалақының аздығы.
Энергетика министрлігінде электр энергиясын өндіру мен өткізуге кеткен шығындарды мониторингтеу функциясы жоқ. Бұл энергия компаниялары үшін шекті тарифтердің негізділігіне әсер етеді.
Аудит шекті тарифтерге, қуат пен теңгеруші нарықтағы тарифтерге қатысты кемшіліктерді анықтады. Электр станциялары үшін тарифтер жария тыңдаусыз бекітіледі, ал сметалар мен есептер жарияланбайды.
"Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы" АҚ (KOREM) теңгерімдеуші электр энергиясын сатып алу-сату бойынша есеп айырысу орталығы ретінде белгіленген. Бірақ бұл операциялар ақпараттық қауіпсіздік бойынша тестілеуден өтпеген және өнеркәсіптік пайдалануға енгізілмеген бағдарламалық қамту арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.
"Теңгерімдеуші нарықтағы тарифтер кейбір мәндерді таңдауда таңдаушылық пен субъективтілікке жол беретін формулалар негізінде бекітілген. Нәтижесінде тариф 34,7 млрд теңгеге негізсіз арттырылып, бұл шығынды түпкілікті тұтынушылар өтеген. Электр энергиясы нарығында провайдерлердің саны артып келеді. Қазіргі уақытта олардың саны 18 заңды тұлғаға жеткен", – делінген аудиторлық тексерісте.
Электр энергиясының көлемі мен бағасы шарттық қатынастарға негізделген. Бұл тұтыну мен өндірудің нақты көлемдерін жасыруға мүмкіндік беріп, нарықтың ашықтығына нұқсан келтіреді.
Тек 2024 жылдың өзінде провайдерлер нарық операторларын айналып өтіп, 187 ұйымнан 13,7 млрд кВт*сағ электр энергиясын (шамамен 200 млрд теңге) сатып алған және таратқан.
Сондай-ақ майнерлердің бірыңғай сатып алушы "Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы" ЖШС-ны айналып өтіп, сыртқы компаниялардан теңгерімдеуші жеткізуші арқылы электр энергиясын сатып алғаны анықталды. 2024 жылдың өзінде олар 901 млн кВт*сағ (шамамен 13 млрд теңгеден астам) энергия тұтынған.
Отырыста Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бұл мәселеге ерекше назар аударды.
"Ең алдымен, Энергетика министрлігі тарапынан өндіріс көлеміне, тұтынуға және нақты тарифтерге мониторинг жүргізілуі тиіс. Аудит деректеріне сәйкес майнерлер Бірыңғай сатып алушыны айналып өтіп, 1 млрд кВт*сағ-қа дейін электр энергиясын тұтынып отыр. Энергия тапшылығы жағдайында майнерлердің электр қуатын осылай бақылаусыз тұтынуына қалай жол беруге болады?" – деді Әлихан Смайылов ҚР Энергетика министрлігінің өкілдеріне.
Министрлік өкілдері майнерлерге қатысты қажетті лицензиялау механизмдері әзірленгенін атап өтті.
"Лицензиялау – бір мәселе. Олар энергияны провайдерлер арқылы реттелмейтін бағамен сатып алады. Нәтижесінде шығындар тұтынушыларға жүктелуде. Баланстық провайдерлердің саны артып келеді. Бұл – халық есебінен еш қиындықсыз пайда табудың жолы. Ал сіздер бұған жол беріп отырсыздар. Бақылаудың тиімді механизмдері жоқ", – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Нарықты терең зерттемеу және маркетингтік зерттеулер жүргізбеу салдарынан "KEGOC" АҚ-ға 4 жоба бойынша мердігерлер жабдықты 2-3 есе қымбат бағамен жеткізген.
Бұған дейін "Самұрық-Энерго" АҚ-дан 199 млрд теңгеге тиімсіз шығын анықталғанын жазған болатынбыз.