Тарих үнсіз, сүйектер не дейді?

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
2972

Алтын адамның бас сүйегі қайда кеткенін 1970 жылы қабірді ашқандар ғана біледі. Алматы мен оның іргесінде қанша қорған бар: 19 ба әлде 50 ме?

Тарих үнсіз, сүйектер не дейді?

Тарихшылар Алматы қаласында 19 сақ қорғаны бар екенін айтады. Алайда оның саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Себебі орыстың археолог- ғалымы Борис Дублицкий 1936 жылы Мәскеуде жарық көрген монографиясында Алматыдағы сақ қорғандарының саны 50-ге жеткенін жазып кеткен екен.

Назардан тыс қалған келесі қорғанның ізі Алматыдағы Розыбакиев-Жандосов көшелерінің қиылысынан, жеке меншік үй иесі моншасының астынан табылыпты.

Тарихшылар қорғанның 2500 жылдық тарихы бар деген болжам жасапты. Реттік саны  бойынша № 19 қорғанды Алматы билігі 2010 жылы тарихи ескерткіш ретінде бақылауға алса да, бүгінге дейін қазба жұмысы жүргізілмеген. Дәл осы  қорған жайлы Дублицкийдің монографиясында: "Мен тапқан қорғандардың ішіндегі ең көнесі осы. Мәйіттің сүйегі және онымен бірге жерленген заттардың сақталу деңгейі оның өте ерте заманға жататынын көрсетеді", – деп жазылған екен.

Алтын адамды тапқан Бекмұханбет  (Бекен)  Нұрмұханбетұлы  жамбасы жерге тигенше Есік  қорғаны мен Алматыдағы  Сақ  қорғаны арасында байланыс бар екенін айтып өтіпті. "Қос қорғанды кешенді түрде зерттеу керек, сонда ғана Есік қаласындағы Алтын адамның мұражайын Ұлы дала мұражайына  айналдыра аламыз", – деген еді ол көзі тірісінде.

Алтын адамның сүйегі қайда?

Қарт археологпен соңғы рет әңгімелескенімізде ол бізге бүкіл қазақ даласындағы қорғандардан табылған жәдігерді Есік каласындағы Алтын адамның мұражайына жинағысы келетінін айтты. Сонымен қатар Алтын киімді ханзаданың мәйітін арулап жерлеп, әруағына құран бағыштағысы келетінін айтты. Сол кезде біз Бекен ағадан "ханзаданың сүйегі қайда?" деп сұрауға батпадық. Себебі "сүйек жоғалып кетті" дегендей алып-қашпа сөзді  көп естігендіктен, 80-нен асқан ақсақалдың жүрегін жаралап алармыз деп қорықтық.

"Сүйек қайда?" деген сауалға  өткен жылы 22-ші  сәуірінде "voxpopuli.kz"  сайтында жарық көрген Святослав Антоновтың мақаласынан толық  жауап алдық. "Сүйектің кейінгі тағдыры шым-шытырық болып кетті. Біразға дейін "ол жоғалып кетті" деген мәлімет таратылды. Экспедиция мүшелері сүйектің қайда кеткенін кесіп айта алмады.  Осылай жүргенде "Алтын адам еркек пе, әйел ме?" деген де сұрақ туды. Уақыт өте келе Есіктегі мәдени-тарихи мұражай қызметкерлері Алтын киімді адамның сүйегінің біраз бөлігін тапты. Ол 34 жыл бойы Алматыдағы сот-медициналық сараптама орталығының ғимаратында сақтаулы тұрыпты. Кемел Ақышев немесе басқа экспедиция мүшесі кезінде сараптама жасау үшін сол жаққа жіберген. Мұражай қызметкерлері Сақ ханзадасының бас сүйегін сол күйі таба алмапты. Қазір сүйектің бассыз денесі Есік мұражайында сақтаулы тұр", – деп жазды Святослав Антонов.

"Алтын адамның басы қайда?

Хас батырларымызды жоғалтып алғанымыз бірінші рет емес. Кейкі батырдың бас сүйегі туған топырағына өткен жылы ғана жетті. Қазақтың ақырғы ханы Кенесарының бас сүйегі қайда жатқаны – әлі де жұмбақ. Ресейде, оның ішінде Кунсткамерада қазақ-қырғыз батырларының 200-ге  жақын бас сүйегі жатыр деген бейресми мәлімет бар.

Ғалымдар олардың бәрі кезінде тері мен еттен ажыратылу үшін 100 гр ыстықта қайнатылғанын алға тартады. Мұндай жағдайда сүйектегі генетикалық белгілер жойылып, оған сараптама жүргізу мүмкін болмай қалады екен.

Бекен Нұрмұханбетұлының баласы Арман Нұрмұхамбетов те алтын киімді ханзаданың сүйегі Есік мұражайында сақтаулы тұрғанын айтады. Әкесінің  "Алтын киімді адамға ас берсем, оның сүйегін арулап жерлесем, оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысса" деген арманын ұлы өзіне аманат етіп қабылдапты.

Былтыр Арман Нұрмұхамбетов Shejire DNA project жетекшісі Нұрбол Баймұханов арқылы Копенгаген университетінің геогенетика орталығымен байланысыпты. Сөйтіп  тамыз айында аталмыш орталықтың жас маманы Петер Даамгард Алтын адамның  сүйегін зерттеу үшін саусақ сүйегінің азғантай бөлігін алып кеткен екен.

2015 жылдың маусымында Есік  қорық-мұражайына келген мажарлық антрополог  Андраш  Биро  Алтын адамның иық және жамбас сүйектерін мұқият қарап, оның жетіліп келе жатқан 16-18 жастағы бозбаланың сүйегі болуы мүмкін деген қорытынды жасап кетіпті. Ал 2014 жылдың сәуірінде Ресей Ғылым академиясы этнология және антропология институтының ғылыми қызметкері Егор Китов қорық-мұражайға ат басын бұрған сәтінде: "...Сүйектің Алтын адамдікі екеніне күдігім болғанын жоққа шығармаймын. Көзімді жеткіздіңіздер! Дегенмен сараптама жүргізілуі керек", – деген қолтаңба қалдырыпты.

Тағы бір ресейлік антрополог Александра Китова мұражай қорындағы қаңқа сүйек пен 1970 жылғы қазба жұмысы кезінде түсірілген қаңқа суретін салыстыра отырып, қорық-музейде сақталған сүйек Алтын адамның сүйегі деген қорытындыға келіпті.

Қазір алтын киімді ханзаданың сүйегі Алматы іргесінде топырақтан аршылған күйінде сақтаулы тұр. Ал оның бас сүйегі қайда кеткенін 1970 жылы қабірді ашқандар ғана біледі.

Сүйекке палеогенитикалық сараптама қажет

Арман Нұрмұхамбетов сүйекке палеогенетикалық талдау жасау қажеттігін айтады. Бұл үшін 350 мың еуро қажет көрінеді. "Палеогенетикалық талдау Алтын  адамның  жынысын және оның ажалына қандай ауру себеп болғанын анықтап береді. Алматы билігі ғылыми зерттеуді жалғастыруға қолдау көрсетеді деп үміттеміз", – дейді Арман Нұрмұхамбетов.

Оның сөзіне қарағанда, алтын адамның тарихы әкесінің ғана емес, өзінің де өмірінің бір бөлшегіне айналып кеткен. "Әкемнің жолдастары Сақ қорғандарына қарап тұрып "қазіргі Алматының бір бөлігі Мысырдағы өлілер патшалығы тәрізді қасиетті орын болған шығар" дейтін. Болашақта  Алматы жерінен тағы да Алтын адам сияқты әлемді таң қалдыратын тарихи жәдігер табылатынына сенемін", – дейді Арман Нұрмұхамбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу