Тарихи рекорд: Қазақстанда алаяқтық деректері 40 есе өсті

2014

Бұл әсіресе, интернет арқылы жасалатын алаяқтыққа қатысты. Ал оған қарсы тұруға тиіс полиция 44% ғана компьютермен жабдықталған.

Тарихи рекорд: Қазақстанда алаяқтық деректері 40 есе өсті Фото: fb.ru

Қазақстандағы қылмыстың динамикасына, құрылымына және деңгейіне қатысты қылмыстық-құқықтық статистиканы талдау паш еткендей, соңғы 5 жыл ішінде, яғни 2018-2022 жылдары қылмыс санының азаюы тұрақты трендке айналды. Жалпы сан 2018 жылғы 292,2 мыңнан 2022 жылы 157,4 мың фактіге дейін кеміді.

Соның ішінде кісі өлтіру саны 823 деректен 520-ға дейін, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру – 2 198-ден 1 840-қа дейін, зорлау – бірден 3 еседей немесе 1 130-дан 386 оқиғаға дейін қысқарды. Пайдакүнемдік, зорлық-зомбылық қылмыстары, соның ішінде қарақшылық 580-ден 177-ге дейін, тонау 8 091-ден 2 404-ке дейін, ал ұрлық саны 3 еседен астамға немесе 180,1 мыңнан 58,8 мыңға дейін азайды.

Дегенмен бір өзгеріс тіксінтеді: қылмыстардың жалпы санының тұрақты төмендеу динамикасына қарамастан, келтірілген залал сомасы керісінше артып барады. Тарата айтқанда, залал сомасы:

  • 2018 жылы – 237,3 млрд,
  • 2019 жылы – 312,3 млрд,
  • 2020 жылы – 684,6 млрд,
  • 2021 жылы – 302,2 млрд,
  • 2022 жылы – 495,1 млрд теңгеге жетті. Өйткені елде алаяқтық кең қанат жайып барады. Оған онлайн алдау қосылды.

Алаяқтықтың заманы туғанын растайтын бірнеше дерек бар. Біріншіден, қылмыстардан болатын қаржылық залалдың негізгі үлесі жеке және заңды тұлғалардың еншісінде – 51,8%. Яғни, тиісінше сазға отырғандардың 23%-ы – халық, 28,8%-ы – бизнес. Ал мемлекетке кетірілген залал үлесі – 48,2%. Бұл ретте мемлекеттің қаражаты халық пен бизнестен көп екенін қаперге салған жөн. Ірі жемқорлар да мол мемлекеттік бюджет арнасында әрекет етеді. Бірақ бұқара мен кәсіпкерді қанаған алаяқтардың шығыны бәрібір асып түсіп отыр.

Екіншіден, жыл сайын, тұрақты түрде зиянның жартысынан астамын ұрлық, алаяқтық, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену және ысырап ету сияқты меншікке қарсы қылмыстар құрайды. Тек 26,5% – экономикалық қызмет саласындағы қылмыстармен байланысты.

Үшіншіден, қылмыстың жалпы құрылымында кішігірім және орташа ауыр қылмыстар басым. Алаяқтық та соған жатады.

Ресми дерекке жүгінсек, республикада жасалатын барлық қылмыстың шамамен 80%-ын ұрлық, алаяқтық, тонау, қарақшылық жымқыру сияқты меншікке қарсы қылмыстар құрайды. Бұрынғы Қазақстанда бұл қылмыстар ішінде бірінші орында ұрлық тұратын: бес жыл бұрын ұрлықтың үлесі 62,6% болды. Енді Жаңа Қазақстанда алаяқтық басты орынға шығып отыр: меншікке қарсы бағытталған бүкіл қылмыстардың ішінде алаяқтықтың еншісі 2018 жылғы 18,5%-дан 2022 жыл қорытындысында 46,5%-ға дейін өсті.

Олай болса, мемлекет Әділетті емес, Алаяқ Қазақстанға айналып кетпеуі үшін соған арналған жеке бағдарламаны жүзеге асырып, немесе тек алаяқтарды қудалаумен айналысатын жеке құрылым ашып, әйтеуір бір қауқар танытқаны жөн. Әйтпесе, осы салада халықтың сауатын арттыру бағдарламалары ел қаржысын босқа шашқаннан басқа, еш нәтиже әкелмеді. Халық болса, алаяқтарға, қалта қағатын ұрыларға жем болуда.

Полицияның қауқарсыздығының себебі неде?

"Инновациялық технологиялар мен цифрлық сервистердің қарқынды дамуы, сондай-ақ азаматтардың қаржылық сауаттылығының жеткіліксіздігі жағдайында алаяқтық оқиғалары 2018 жылғы 29,2 мыңнан 2022 жылы 43,4 мыңға дейін ұлғайды. Әсіресе, интернет-алаяқтық кеңінен таралуда. 5 жыл ішінде олар 40 есе өсті: 2018 жылғы 517 фактіден 2022 жылы 20,5 мыңға дейін!", – деген жан шошырлық деректерді келтірді Ішкі істер министрлігі.

Әрине, ведомство онымен күрес бағытында шама-шарқынша шаралар қабылдауда. Ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күресу үшін ІІМ-нің құрылымында 2019 жылы Киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі орталық құрылды. Соңғы бесжылдықта 2022 жылға дейінгі киберқауіпсіздік тұжырымдамасы іске асырылды.

Бірақ полицияның қолы қысқа, ресурсы шектеулі болып тұр. Ішкі істер органдары техникалық тұрғыдан нашар жабдықталған. Бүгінде қарапайым компьютермен жасақтау көрсеткіші норманың 44%-ын ғана құрайды. Бұған қоса, сарапшылар анықтағандай, ақпаратты жинау, өңдеу және қордалау үшін пайдаланылатын бағдарламалық қамтылым ескіріп қалған. Соның салдарынан ІІМ интеграцияланған деректер банкінің (ИДБ) істен шығуының салмақты қаупі туындады.

Ал ИДБ – бүкіл ішкі істер органдарының ІТ инфрақұрылымының діңгегі. Ол күйресе, Қазақстан халқын, шетелдіктерді құжаттандыру ісі доғарылуы, қылмыстық істерді тергеу тоқырауы, басқа да мемлекеттік басқаруға нұқсан келтіретін каскадты проблемалар туындауы ықтимал. Жалпы, ІІМ жүйесінің жете қаржыландырылмауы, заманауи құралдармен толыққанды жабдықталмауы оның жұмыс процестерін цифрландыруды және автоматтандыруды дамытуға кедергі болып тұр.

"Инновациялық технологиялар мен цифрлық сервистердің дамуы жағдайында киберқылмыс қаупінің артуы ерекше алаңдаушылық туғызады. Азаматтардың шоттарынан алаяқтық пен ақша ұрлаумен байланысты қылмыстар басым. 5 жыл ішінде олардың саны шамамен 40 есе өсті. Мұндай қылмыстар экономикаға ғана емес, елдің ұлттық қауіпсіздігіне де алапат зиян келтіреді. Олар әрбір адамға зардабын тигізуі мүмкін және бұл қылмыс трансшекаралық сипатта болады. Интернет-алаяқтық салдарынан келтірілген залал сомасы 22 млрд теңгеден асты. Бұл халықтың полиция жұмысына наразылығының өршуіне алғышарттар жасайды. Әсіресе мұндағы осал топ – әйелдер: қылмыстың осы түрінен зардап шеккендердің жартысынан көбін солар құрайды", – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.

Ведомствоның мойындауынша, киберқылмыстың қарқынды дамып келе жатқан түрлерімен пәрменді күресейін десе, бұған Ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы күрес жөніндегі арнайы бөлімшелердің шектеулі ресурсы мүмкіндік бермейді.

Өзге де түйткілдер жеткілікті. Банктермен, басқа да қаржы ұйымдарымен арада ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау алгоритмдері, жүйелі талдамалық жұмыс әлі күнге пысықталмаған. Соның ішінде озық дамыған елдердегідей жасырын қатерлерді бағалау, кибер тәуекелдерді басқару, жаңа сын-қатерлердің алдын алу жөніндегі стратегиялық шараларды әзірлеу және бірлесе жүзеге асыру жолға қойылмаған.

Сонымен бірге, интернет пен телефон алаяқтықтарының таралуының бір себебі халықтың қаржылық, құқықтық және компьютерлік сауатсыздығында жатыр. Бұл биліктің осы саладағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігін көрсетеді.

Күрес енді қандай бағытта өрістейді?

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, алаяқтықпен, киберқылмыстармен күрес мақсатында алдағы бесжылдықта елде құқық қорғау, уәкілетті меморгандардың, қаржы мекемелерінің және үкіметтік емес сектордың бірлескен үйлестіруші құрылымы құрылатын болады. Мұны 2024 жылғы 1-ші жартыжылдықта жүзеге асыру ұсынылған. Оның қызметі киберқауіптерді анықтауға және басқаруға, олардың алдын алу бойынша стратегиялық шараларды әзірлеуге бағытталады.

Сонымен бірге, бюрократиялық рәсімдерді болдырмауға және интернет-алаяқтық қылмыстарды ашудың жеделдігін қамтамасыз етуге баса мән берілуге тиіс. Бұл үшін полицияның өзге субъектілермен өзара іс-қимылының ағымдағы процестері қайта құрылатын болады.

Заңсыз банк операцияларын бұғаттауда жылдам шаралар қабылдау, жедел тергеу мақсатында құқық қорғау органдарының ақпараттық жүйесі мен банктер арасында автоматтандырылған деректер алмасу жолға қойылуы қажет. Сондықтан келесі 2024 жылғы 2-ші жартыжылдықта екінші деңгейлі банктердің деректер қорын құқық қорғау және арнайы органдардың ақпараттық жүйелерімен біріктіру көзделген.

2025 жылғы желтоқсанға дейін Қазақстан Еуропа Кеңесінің компьютерлік қылмыстар туралы Конвенциясына қосылады. Бұл шетелден Қазақстанда жасалатын интернет-қылмыстарды ашу және жолын кесу жөніндегі халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Шетелдік әлеуметтік желілердің өкілдерімен ынтымақтастық дамытылады.

Сонымен қатар, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың маңызды бағыты әрине, халықтың цифрлық, құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру бола бермек. Осы бағытта әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде ескерту сипатындағы мақсатты жарнаманы іске қосу жоспарланған.

Ішкі істер министрлігінің сендіруінше, ұсынылған шараларды табысты іске асыруға цифрлық криминалистиканы дамытуға, ІІМ киберқылмысқа қарсы күрес бөлімшелерін заманауи цифрлық құралдармен ресурстық жарақтандыруға септеседі. Сондай-ақ алаяқтықтың барлық түрімен күрес мүмкіндіктерін күрт кеңейтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу