Тастанды балаларға сыйлық: алимент ұсталатын жалақы, кіріс түрлері кеңейтіледі

2801

273 мыңнан астам "көкек" әкелер және аналар өз баласына алимент төлеуден қашып жүрген көрінеді. 

Тастанды балаларға сыйлық: алимент ұсталатын жалақы, кіріс түрлері кеңейтіледі Фото: ortalyq.kz

Әр балдырғанның балалық шағы қамсыз да қызықты болуға тиіс. Алайда көптеген баладан әкесі не шешесі бас тартып, жанына жара салып жатады. Онымен қоймай, тасжүрек ата-анасы оның бақытты балалық шағын қамтамасыз етуге қаржысын аяп, тағдырын тәлкекке салады.

Осы тұста мемлекет балалықтың қорғанына тұруға тиіс еді. Бұл заңмен бекітілген. Дамыған елдерде өз ұрпағынан өзі жерінген ересектерден баланың ақысын өндірумен жеке құрылымдар айналысады. Ал Қазақстанда баласымен қалған шеше, әке немесе ата-әже өз бетінше алимент өндіруге мәжбүр. Көбісі одан нәтиже шығаруға қауқары, қаражаты жетпей, бұл істен тартынып, басына түскенге көнеді. Салдарынан, тастанды бала таршылық, жоқшылықта өмір сүруі мүмкін.

Алимент төлеу үшін әйел мен ердің некелесуі де міндетті емес.  

"Неке және отбасы кодексіне сәйкес, алименттердің көп таралған жағдайы – баланы асырауға төленетін төлемдер. Алайда алименттер балалардың анасына және ата-анасына төленуі мүмкін. Баланы асырау – ата-анасының заңмен бекітілген міндеті, бұл жерде ата-анасының некеде болуы, азаматтық некеде немесе ажырасқан болуы да мүлде маңызды емес. Қамқорлықта, қорғаншылықта немесе патронаттық тәрбиеде болатын балалар, сондай-ақ асырап алынған балалар да алиментке құқылы. Кодекстің 6-бабына сәйкес, алимент баланы асырауға, біліміне және тәрбиесіне шығындалады", – деген түсініктеме берді "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясының мамандары.

Ата-аналары ажырасқанда, араларында бала қалса, олардың бір-біріне деген өкпе-реніші, тіпті ыза-кегі сол жазықсыз періштеге еріксіз көшуі ықтимал. Салдарынан, шаңырағын тәрк еткен ер не әйел бұрынғы отбасына не экс-нақсүйеріне "көк тиын" тимеуі үшін кейінгі табысын жасырып бағады.

Сондықтан Парламент депутаттары Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа Мемлекеттік алимент қорын құруды ұсынды. Бұл олардың ойлап тапқан ноу-хауы емес, шетелдік тәжірибе. Бірақ депутаттар ол қордың қандай активтерден толығатынын және қаражаты қалай, кімге таратылатынын нақтыламады.

Оларды мазалағаны сол, Парламентке бұрынғы күйеуінен ортақ баласы үшін алимент өндірте алмай жүрген әйелдер жиі шағымданып келеді екен. Мәжілістен оларға еш көмек жоқ. Содан олардың меселі қайтып, жігері жаншылады. Әділетті Қазақстанда бұл тұрғыда әділет жоқ.

Фото: parlam.kz

"Төлеуден қашқандар жалтарудың түрлі тәсілін қолданады: қай елді мекенде тұратынын, мекенжайын айтпай, жасырынып жүреді. Жұмыс орнын өзгертсе, хабарламайды, өзінің шынайы табысын айтарлықтай төмендетіп көрсетеді. Заң бойынша алимент төлейтін тұлға жұмыс немесе тұрғылықты орнын ауыстырса, сондай-ақ қосымша табысы пайда болса, ол туралы сот орындаушысына және алимент алушыға хабарлауға міндетті. Заңның бұл талабы орындалмайды", – деп мойындады депутат Магеррам Магеррамов.

Соңғы деректер бойынша бүгінде сотта 273 136 іс өндірісте жатыр. Олар бойынша балаларына алимент төлеуден өрескел жалтарушылардың жалпы қарызы 12 миллиард 800 миллион теңгені құрады.

Бұл ретте "өрескел жалтарушыларға" алиментті үш және одан көп айдан бері төлемей жүргендер ғана жатады. Егер бұған бір немесе екі ай бойы төлеуді тоқтатқандарды жатқызса, онда алименттер борышы бірнеше есеге өсіп шыға келуі мүмкін. Қалай болғанда, олардың нақты санын ешкім, соның ішінде парламентшілер де білмейді.

Мәжілісмендер Үкіметтің уәдесіне тойып болғандарын қынжыла жеткізді.

"Біз Үкіметтен осынау өткір әлеуметтік проблеманы шешу үшін шаралар қабылданып жатқаны туралы көп уәде естідік. "Алименттерді төлеу жөніндегі отыз қадам" сияқты арнайы бағдарламалар қабылдады. Бірақ балалар пайдасына алименттерді өндірту проблемасы жыл сайын тек нашарлап барады. Біз бұл проблеманы алтыншы шақырылған (қазіргісі – сегізінші шақырылғаны) Парламенттен бері көтеріп келеміз. Ол кезде қарыз көлемі небары 2 миллиард теңге ғана болған. Бүгінде ол 12 миллиардтан асты", – деді депутат.

Парламентшілер алименттің ең төменгі сомасы күнкөріс шегінен төмен болмауға тиіс деп ұсынып отыр. Бұл 2023 жылы 40 567 теңгеге тең. Әйтпесе, мәжілісмендердің айтуынша, қолданыстағы практика бойынша табысын жасырған алиментші кез келген соманы, мысалы 5 мың теңгені төлей салып, жауапкершіліктен құтылатын көрінеді. Бұл қаржы баланы асырауға жетпейді.

Мамандардың түсіндіруінше, егер ажырасқаннан кейін ерлі-зайыптылар арасында алименттерді төлеу тәртібі және мөлшері туралы өзара келісім құрастырылса, онда төлем сол келісілген көлемде болады. Егер келісім болмаса, онда Неке және отбасы кодексінің 139-бабына сәйкес, кәмелетке толмаған балаларға алиментті ата-анасы сотпен төлетеді.

Алименттер ай сайын мынадай мөлшерде төленуге тиіс:

  • 1 балаға – ата-анасының еңбекақысының немесе өзге табысының төрттен бірі (1/4);
  • 2 балаға – ата-анасының еңбекақысының немесе өзге табысының үштен бірі (1/3);
  • 3 және одан да көп балаға – ата-анасының еңбекақысының немесе өзге табысының жартысы (50%);

Кейбір жағдайда осы үлестер мөлшері азайтылуы немесе ұлғайтылуы мүмкін. Оған төлеушінің материалдық немесе отбасылық жағдайы, жаңа отбасында басқа балаларының болуы және өзге де назар аударатын жағдайлар ықпал етеді.

Дегенмен, "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" заңның 95-бабы бойынша борышкерден өндірілетін алимент көлемі оның жалақысының, табысының 50%-ынан аспауға тиіс.

Осы орайда Әділет министрлігі "Ата-аналар алатын және одан алимент ұсталатын жалақы және (немесе) өзге де кіріс түрлерінің тізбесі" туралы бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжат қабылданған соң, аталған тізім кеңейеді. Тиісінше, алимент жалақының, ақшалай сыйақының, бонустардың, үлестің және кірістің барлық түрлерінен ұсталатын болады.

Алимент алынатын табыстың жаңа тізімі келесідей:

1) еңбекке ақы төлеу жүйесінде көзделген лауазымдық жалақыларға (ставкаларға) сүйене отырып, нақты жұмыс істеген уақыты үшін немесе орындалған жұмыс үшін қызметкерлерге есептелген жалақыдан, соның ішінде әскери қызметшілердің, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларынан, әскери, арнаулы атақ бойынша берілетін жалақылардан, арнаулы атақтар немесе сыныптық шендер үшін қосымша ақыдан;

2) еңбекке ақы төлеу жүйесінде көзделген қосымша ақылар мен үстеме ақылардың барлық түрлерінен, сондай-ақ еңбек ақы төлеу қоры шегінде үнемделген қаражат немесе тиісті мекемені (органды) қамтуға көзделген қаражат есебінен алынатын үстеме ақылардан, соның ішінде әскери қызметшілер, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін заңнамада белгіленген қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін үстеме ақылардан;

3) мемлекеттік әкімшілік қызметшінің қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша белгілейтін ақшалай төлемнен;

4) еңбекке ақы төлеу жүйесінде көзделген және тиісті органды қамтуға көзделген қаражатты үнемдеу есебінен алынатын тұрақты әрі біржолғы сипаттағы сыйлықтардан (ақшалай сыйақылардан);

5) жыл сайынғы еңбек не негізгі демалыс берілген кезде сауықтыруға арналған жәрдемақыдан, сондай-ақ әскери қызметші жұмыстан қызметтен босатылған кезде шығу жәрдемақысынан және (немесе) құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкері жұмыстан қызметтен босатылған кезде бір жолғы жәрдемақыдан, уақытша жұмысқа жарамсыздық жәрдемақысынан;

6) демалыс уақытында сақталатын жалақыдан, сондай-ақ пайдаланылмаған демалыс үшін, соның ішінде бірнеше жыл үшін демалыстарды қосқан кездегі ақшалай өтемақыдан;

7) комиссиялық сыйақыдан (сақтандыру агенттеріне, брокерлерге);

8) азаматтық заңнамаға сәйкес жасалатын шарттар бойынша орындалған жұмыстар, қызметтер үшін алынған табыстардан;

9) авторлық сыйақы төлемдерінен;

10) "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заңының 98-бабында көзделген жәрдемақылар мен төлемдерді қоспағанда, зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінен, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыдан, атаулы әлеуметтік көмек сомасынан;

11) білім беру ұйымдарында төленетін білім алушылардың стипендияларынан;

12) заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түскен кірістерден;

13) мүлікті жалға беруден түскен кірістерден;

14) бағалы қағаздар бойынша түскен кірістерден және заңды тұлғаның мүлкін басқаруға қатысудан түскен басқа да кірістерден;

15) "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" заңының 13-бабының 1) тармақшасымен және "Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" заңының 13-бабы 1-тармағының 2) тармақшасымен көзделген төлемдерден;

16) әскери оқу, арнаулы оқу орындарының кадеттері мен курсанттарының, тыңдаушыларының, кадеттерінің, магистранттары мен докторанттарының, мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерінің лауазымдық жалақыларынан (стипендияларынан);

17) вахталық әдіспен жұмыс істейтін ата-ананың жалақысынан;

18) 2 тармақты қоспағанда барлық өтемақы төлемдерінен ұсталынады.

Сонымен қатар, Әділет министрі Азамат Есқараев "Жеке сот орындаушысының алименттерді және жалақыны өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеу шараларын қолдануына байланысты қызметіне ақы төлеу мөлшерін белгілеу туралы" жаңа бұйрыққа қол қоймақ.

Оған сай, алиментшілерге жеке сот орындаушыларын (ЖСО) да асырауға тура келеді. Бұйрық жобасында көрсетілгендей, "алименттерді және жалақыны өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеу шараларын қолдануына байланысты ЖСО-ның қызметіне ақы төлеу әрбір атқарушылық іс жүргізуге 15 АЕК мөлшерін" құрайды. Яғни, алемент бойынша борышкер әрбір өндірген сайын ЖСО-ға биыл 51 750 теңгеден төлеп отыруға мәжбүр болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу