Тау асуындағы жалғыз отандық обсерваторияның тағдыры анықталды

2503

Тәуелсіздік жылдары Астрофизика институты өз сағат белдеуінен айрылған Қызылорда, Қостанай секілді өңірлердің тұрғындарына болысып келді. Елімізде қалған азын-аулақ планетарийлерге араша түсуге тырысты. Алайда ол өзін жарылқай алмайтын жағдайда еді.

Тау асуындағы жалғыз отандық обсерваторияның тағдыры анықталды

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Аэроғарыш комитеті бір қарағанда, атының өзі зеріктіретін, халыққа маңызы шамалыдай көрінетін құжатты жариялады.

Ол "В.Г. Фесенков атындағы астрофизика институты" еншілес жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қатысу үлесін сыйға тарту шарты бойынша жеке меншіктен республикалық меншікке қабылдау және Үкіметтің кейбір шешімдеріне толықтырулар енгізу туралы" деп аталады.

Үкіметтің аталған жаңа қаулысы қабылданса, аты айтып тұрғандай, кезінде ішінара өз күнін өзі көруге жіберілген бұл институт енді толығымен мемлекет меншігіне қайтарылады.

Құжатта анық жазылған: "Біріншіден, Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы" акционерлік қоғамының ("ҰҒЗТО" АҚ) "В.Г. Фесенков атындағы астрофизика институты" еншілес ЖШС-нің қатысу үлесінің 100%-ын сыйға тарту шарты бойынша республикалық меншікке беру туралы ұсынысы қабылдансын".

Екіншіден, мемактивтерге жауапты орган – Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті "ҰҒЗТО" АҚ-пен тізе қоса отырып, ғарыштық институтты мемменшікке өткізу рәсіміне кірісуге тиіс. Үшіншіден, ЖШС-нің қатысу үлесіне иелік ету және пайдалану құқығы Аэроғарыш комитетіне беріледі.

Осылайша, институт "акциялар пакеті республикалық меншіктегі стратегиялық нысандардың" тізімінде №86-орынға жайғасады.

"Жоба астрономия және астрофизика саласындағы іргелі зерттеулерді бюджеттік қаржыландыру мақсатында әзірленді. Бұл "Ғылым туралы" заңына сәйкес іргелі зерттеулерді бюджеттік қаржыландыру негізінде астрономия және астрофизика бойынша іргелі зерттеулерді жетілдіру және дамыту үшін қажет", – деп қысқаша түсініктеме берді Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.

Бұған дейін институт негізінен ғылыми гранттар мен бағдарламалар есебінен табыс тауып келді. Енді ұсыныс қабылданса, толық бюджеттік қаржыландыруға көшуі мүмкін.

Орталықтың немен айналысатынын былайғы жұрт түгіл, сарапшылардың өзі біле бермейді. Шынында, өзін білімді санайтын кез келген ұлт үшін мұндай институттардың маңызы бар. Тіпті ғылыми зерттеулер мәселесін айтпағанның өзінде, Қызылорда, Қостанай, өзге өңірлер тұрғындарының бастамашыл топтары Қазақстан аумағындағы сағат белдеулерін және уақытты есептеу тәртібін өзгерту мәселесінде Фесенков атындағы астрофизика институты (ФАИ) мамандарының қорытындысына жүгініп келеді. Қазақстанда бұрын қабылданған уақыт есебінің "қытайлық" тәсілі және "қысқы уақытта" қалып қою біраз өңірдің тұрғындарына көп қиындық әкелгенін inbusiness бірнеше рет жазды. Қызылорда облысы төл сағат белдеуіне көшіп алды. Ал Қостанай облысының жұртшылығы еститін құлақ таппай, институттың қорытындысын жалаудай желбіретумен әлі жүр.

ФАИ ұжымы 2019 жылы елдегі ең көне әрі тұңғыш Ақтөбе планетарийін сақтап қалу үшін Үкіметке ашық хаттар жолдап, барын салды.

"Біздің арамызда көп жылдық ынтымақтастық орнаған, сондықтан осынау шағын, бірақ тиімді мекеменің тағдырына бей-жай қарай алмаймыз. Ақтөбе облыстық планетарийі 1967 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 10 метрлік күмбезден тұратын "жұлдызды залы" CarlZeiss аппаратымен жабдықталған. Соның арқасында ол келушілерге күн мен айдың тұтылуы, метеорит жаңбырлары, гало, күннің шығуы мен батуы, басқа сантүрлі астрономиялық құбылыстарды, Байқоңырдың панорамасын паш ете алады. Онда астрономия мен ғарыштану бойынша дәрістер оқылады. Оның жанында оқушыларға арналған "Үркер" үйірмесі бар. Сондай-ақ онда халықаралық астрономиялық олимпиадалар өтті", – деп планетарийдің маңызын ашып көрсетті астрофизикалық институттың ұжымы Үкіметке хатында.  

Сол кезде бұл ұйымды жекешелендіру не жабу мәселесі көтерілген. Абырой болғанда, елдің батысындағы планетарий жабылған жоқ, дегенмен өзгерген жаңарған форматта жұмысын жалғастыруда. Оның қызметімен instagram парақшасынан танысуға болады.

Дегенмен институт қызметкерлерінің байламынша, саладағы ахуал әлі күнге алаңдатарлық күйде көрінеді.

"Біздің институт жас ұрпақ арасында астрономия ғылымын насихаттауға мән беруде. Бұл ретте біз Ақтөбе планетарийімен тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Бұл – Қазақстандағы барлық келушілер үшін ашық жалғыз планетарий. Оның базасында олимпиадалар, астротурнирлер өтіп тұрады. Өкінішке қарай, оның материалдық-техникалық базасы, ғимараты ескірген, жаңартуды талап етеді. Сонау 2000-шы жылдардан бері планетарий ғимаратын кеңейту мен жаңғыртудың дайын сәулет жоспарлары бар. Сонда оның ішінен балаларға арналған астрономиялық обсерватория ашуға болар еді. Планетарийдің қоймасында кеңес кезінен бері қуатты стационарлық телескоп жатыр. Алайда ғимаратта оны орнататын жер жоқ. Өйткені телескопты қою үшін күмбезі бар жеке павильон керек", – дейді Фесенков атындағы астрофизика институтының аға ғылым қызметкері Виталий Ким.

Ол павильонды қазігі ғимаратқа жапсарлас тұрғызуға болады деген ойда. Дегенмен планетарийдің осы және басқа жобаларын жүзеге асыруға қаржысы жоқ екен. Келушілерден тапқан азын-аулақ қаражаты ағымдағы шығыстарына әзер жетеді.

Ақтөбе облысының бюджеті салмақты "астрономиялық" жобаларды көтере алмайды. Басқаны айтпағанда, үлкен планетарий жобасын Нұр-Сұлтан қаласы да еңсере алмаған. ЭКСПО-2017 мұрасын иеленген "Нұр-Әлемнің" қаржылық жағдайы қиын екені бұрыннан айтылып келеді.

"Ақтөбе облыстық планетарийін материалдық-техникалық жабдықтау мәселесі бақылауда тұр. 2021 жылы оның шатырын ағымдағы жөндеуге облыстық бюджеттен 1,8 миллион теңге бөлінді. Бұған қоса, планетарий ғимаратына күрделі жөндеу немесе реконструкция жүргізудің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу мәселесі пысықталып жатыр", – деп түсініктеме берді облыстық әкімдік.

Институттың өз проблемасы да басынан асады

Фесенков атындағы астрофизика институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары Рашит Валиуллиннің мәліметінше, институт балансында жалпы ауданы 12 312,6 шаршы метрді құрайтын ғимараттар мен құрылыстар бар. Оған біріншіден, Т.Б. Омаров атындағы Ассы-Түрген обсерваториясы кіреді, бұл – Алматыдан күн шығысқа қарай 75 шақырым қашықтықта, теңіз деңгейінен 2 750 метр биіктікте, биік таулы Ассы-Түрген жотасында орналасқан астрономиялық обсерватория.

Ассы-Түрген – республикамыздағы ерекше, тамаша астроклиматқа ие жалғыз обсерватория. Айналасын тұман баспайтыны, аспан көрінісінің жоғары мөлдірлігі, дамыған елдердегідей сәулелік ластанудың болмауы, турбуленттігінің төмендігі ғаламшар астрономиясы үшін оны бірегей етеді. Алайда оның әлеуетін ел толыққанды пайдалана алмай келеді. Тек Kazakh Tourism ұлттық компаниясы оның сыртқы бірегей көрінісін Қазақстанға туристерді тартуға арналған роликтерінде пайдаланды.

Екінші ірі нысаны – Тянь-Шань астрономиялық обсерваториясы. 2007 жылы онда жөндеу жұмыстары жүргізілді, ал 2014 жылы телескоптардың жаңартылуы аяқталды. Әйткенмен ШМАИ телескопы бөлшектелінген күйде жатқан көрінеді.

"Қос обсерваторияның жай-күйі де қанағаттанарлықсыз  деп бағаланады, еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі нормаларына сәйкес келмейді. Институттың ғимараттары мен құрылыстары 1950 жылы салынған. Содан бері жөндеу жүргізілмеген. Институтқа бөлінетін жыл сайынғы базалық қаржыландыру тек әкімшілік және көмекші персоналдың жалақысын, сондай-ақ коммуналдық қызметтерді төлеуге ғана есептелген", – дейді Рашит Валиуллин. 

Жалпы, институтының зерттеулерінің негізгі салалары – жұлдыздар динамикасын және есептік астрофизиканы, аспан механикасын, цифрлық модельдеу негізінде ғаламды белсенді ядролық зерттеуді, ерте әлемнің ғарышнамалық үлгілерін, әлем құрылымдарының пайда болуы мен дамуын, сонымен қатар қараңғы материя мен қараңғы энергия табиғатын зерттеулерді қамтиды.

Үкіметтің жаңа қаулысы қабылданса, қазақ астрономиясына жан бітуі де ғажап емес. Бұрындары тіпті Мәдениет және спорт министрлігіне де бағынған астрономия саласын енді Цифрлық даму министрлігі ғылыми негізде өркендетсе, артық болмас. Өйткені көшпенді қазақ халқы тұңғиық ғарыштағы тылсымдардан Қорқыт баба кезінен бері сыр тартқан.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу