Тау кезетін шетелдік туристердің пайдасынан зияны көп

10825

Саяхатшылар жоғала бермеуі үшін туристік навигация енгізу ұсынылды, деп жазады Inbusiness.kz.

Тау кезетін шетелдік туристердің пайдасынан зияны көп

Тау туризмін дамытуды тоқтатсақ ше?

Мәдениет және спорт министрлігі Алматы тау кластерін еліміздің басты бір туристік дестинациясы ретінде басымдықты түрде дамытуға кірісті. Бұған қоса, министрліктің квазимемлекеттік кәсіпорны – "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы ұлттық парктердегі тау туризмін дамытуға екпін түсіруде. Ол 2021 жылы ұлттық парктерді инвесторлар арасында бөліп берген. Атап айтқанда, "Көлсай көлдерін" – "Атырау-Рент" компаниясы, "Шарын" шатқалын – "QazaqGeography" компаниясы, "Алтын Емелді" – "QazaqGeography" мен "Asemtal" ЖШС-ның біріккен консорциумы еншіледі. Оның алдында, 2020 жылы Іле Алатауы паркін "Turanga Group" ЖШС инвестор ретінде қанжығалады. Ол Аюсай шатқалында бірінші визит орталығын ашты.

Жалпы алғанда, Алматы тау кластерінде бүгінде 3 инвестор өз жобаларын жүзеге асырып, визит орталықтар салуда. Бұлар "Бутаковка", "Тұйық су", "Горельник" және "Medeo Resort" кешендері. Бұл жобаларға алдағы жылдары кем дегенде 56 миллиард теңге мемлекет пен инвестордың қаражаты шығындалмақ. Нәтижесінде, таулы шатқалдарда, қалың ормандар арасында кем дегенде 14 визит орталық пен қонақүй кешендері тұрғызылады деп жоспарланған. Оларда ең кемі 900 нөмір-бөлме болады.

Бұдан бөлек, "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы кем дегенде 180 шақырым таулы соқпақтарды жабдықтайтынын мәлім етті. 

Бұл аз болғандай, 2020 жылы Британдық бэкпекерлер қоғамы белсенді эко-саяхатты, жабайы туризмді жаны сүйетін адамдар үшін Қазақстанды must visit, яғни баруға міндетті елдердің "бестігіне" енгізді. Ресейлік "РИА Новости" агенттігі Қайыңды өзенін әлемдегі ең көркем тау көлдерінің тізіміне қосты. Gulf News беделді басылымының нұсқасы бойынша Үлкен Алматы көлі Біріккен Араб Әмірліктері тұрғындары үшін ұсынылатын ТОП-5 дестинациялар қатарына кірді.

Мұның бәрін неге тізбелеп отырмыз?

Осының бәрі турфирмалардың қызметін принципті түрде пайдаланбайтын, әр нәрседен ақша үнемдейтін, арқасына көне рюкзагын іліп, өз бетінше тау-тасты кезіп кететін бэкпекерлер және басқа да жабайы туристерді Қазақ еліне магниттей тартады. Жергілікті жер-судың жайын білмейтін, ауылдардан жолбасшы-гид іздемейтін бұл айналайындар ақыры адасады, қазақстандық құтқару қызметтерін аяғынан тік тұрғызады, мемлекетімізді шығынға отырғызады. Құтқарушылардың айтуынша, құтқарушы тікұшақтың 1 сағат ұшуы бюджетке кем дегенде 750 мың теңгеге түседі. Ал жабайы туристер бюджетке сонша табыс әкелмейтіні мәлім.

Таяуда ғана, 3 тамызда Іле Алатауын аралап жүрген ресейлік туристер тобының – жалпы саны 15 адамның бірінің жағдайы күрт нашарлаған. Олар түн ішінде Республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші бөліміне шұғыл қоңырау шалып, көмек сұрайды. Бұл оқиға туралы Төтенше жағдай министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.

Көршінің азаматтары Іле Алатауының биіктігі 4 317 метр болатын "Кеңестер" шыңына көтерілген. Шыңды бағындыру кезінде олардың бірінің жағдайы күрт нашарлайды. Топ ішіндегі дәрігер науқастанған туристің өт қабында тас болуы мүмкін екенін айтады. Республикалық жедел-құтқару жасағының 8 құтқарушысы мен кинологиялық топ дереу жаяу-жалпылап, іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті. 4 тамызда аталған шыңның 3700 метр биіктігінен туристер табылды.  

Науқастанған бойжеткенге алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Бұл аймақтағы таулы жер таяз және тік жартасты шөгінділерден тұратындықтан, зардап шеккен адамды зембілмен тасымалдауға болмайды. Алматы қаласының құтқару қызметі әуе бортын шақыруға мәжбүр болған. Құтқарушылар ресейлік қызды тікұшақ көмегімен Үлкен Алматы шатқалындағы тікұшақ алаңына жеткізіп, Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлеріне табыстады.

Мұндай оқиғалар кейінгі кезде жиілеп кетіпті. Шыңды өз бетінше бағындырғысы келетіндердің көпшілігі алдын ала Республикалық жедел-құтқару жасағында тіркелмейді. Салдарынан, құтқарушылар саяхатшылардың маршрутынан бейхабар болып, оларды іздеуге көп уақыт, қаншама ресурс пен ел қаржысы шығындалады.

Осы орайда кеше Алматы әкімдігі тау кезуге құмарларды "Үлкен Алматы айналма жолы" ("Большая Алматинская кругосветка") деп аталатын танымал треккинг-бағдармен жүрмеуге шақырды. Бұл маршрут Алматы қаласы – Шымбұлақ – Сол Талғар – Туристер асуы – Үлкен Алматы көлі – Алматы бағытын қамтитыны белгілі. Алайда 27 шілдеде Талғарда сел жүрді. Оның қайталану қаупі бар көрінеді. Бұған жабайы туристер мен бэкпекерлер құлақ қойса жөн.

Жоғалған турист жөн жолды қалай табады?

Қынжылтатыны сол, туризмді дамытуға, тиісінше, аста-төк қаражатты игеруге белсене кіріскен шенеуніктер, ұлттық компаниядағылар қауіпсіздік мәселесіне көп бас қатырмағанға ұқсайды.

"Map For Everyone" фирмасының басшысы Әділ Мырзатаев Қазақстанның ішкі туризмін дамыту шаралары туристік саланың осал тұстарын әшкерелегенін айтады.

"Кейінгі жылдары туристердің тауда, орманда және басқа жерлерде жоғалып кету оқиғалары жиіледі. Мысалы, 2021 жылғы 21–25 мамыр аралығында Түркістан облысындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында із-түзсіз кеткен студенттерге қатысты жағдай бүкіл елді дүрліктірді. Мұндай оқиғалардың көбеюі елімізде туристік навигация жүйесінің жолға қойылмағанын көрсетеді. Туристер үшін маршруттері енгізілген электрондық карталар сатылуы керек", – дейді Ә.Мырзатаев.

Сарапшының мәліметінше, Қазақстанда "соқыр аймақтар" да өте көп: оларда ұялы байланыс ауламайды.

"Ол аймақтарды цифрландырған жөн. Бірақ бұл процесс ұзақ уақытты алады және қымбатқа түседі. Туристерге, әсіресе шетелдіктерге ұялы байланыс ауламайтын тау, орман және басқа да жерлерде бағдарлану қиынға түседі. Тәжірибелі саяхатшыларда ғана спутниктік GPS-навигатор болуы мүмкін. Бағасы қымбат болғандықтан оған бәрінің бірдей қолы жете бермейді. Оның үстіне оны қолдана білу керек. Туристердің көбі жергілікті жолбасшылар қызметіне жүгінбейді, әрі оны қайдан табу керектігін білмейді. Әрине, бүгінде Android және IOS платформаларында оффлайн режимде жұмыс істей беретін смарт-навигатордың тегін қосымшалары бар. Алайда онда Қазақстанға қатысты нақты маршруттар жоқ", – дейді ол.

Демек, Қазақстан маман-картографтарды жұмылдыра отырып, маршруттар, қауіпті тұстар, ұялы байланыс ауламайтын жерлер көрсетілген қосымша әзірлегені немесе оны Android және IOS тұғырнамаларындағы қосымшаларға интеграциялағаны жөн. Сонда саяхатшылар интернетсіз жұмыс істейтін қосымшаны қолдана отырып, қауіпсіз қозғалады, адаспайды.

Сөйтіп, құтқаруға кететін қыруар бюджет қаражаты да үнемделер еді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу