Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасы өзгеріп жатыр

1762

Саммитке Ресей пропагандасы ғана қуанғанға ұқсайды.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасы өзгеріп жатыр Фото: Ақорда

Ресейлік сарапшылардың пікірінше, ТМД саммиттері тек осы кеңістіктегі елдердің Мәскеумен ынтымақтастығын растау үшін жиналады.

Өткен аптаның соңында ірі халықаралық саммит елеусіз ғана өтті. Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында бірнеше президент ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына жиналды. Саммит қорытындысы бойынша достастық елдерінің президенттері бірқатар құжатқа қол қойды. Мемлекеттер басшылары келесі саммитті 2024 жылы Ресей төрағалығымен өткізуге уағдаласты. 

Бейне және фотокамералар прзиденттердің құлазыған көңіл-күйлері мен түнерген түрлерін түсірді. Бір-бірімен қауышып, әңгіме-дүкен құру оларға еш қызық әкелмейтіндей, еш ләззат сыйламайтындай көрінді. 
Бұл шараны тіпті Президенттің әр сапарына қатысты әдетте, пікір мен сараптама беретін Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) да елеусіз қалдырды.

Саммитке Ресей пропагандасы ғана қуанғанға ұқсайды. Демалыс күндері РФ федералдық телеарналарының басты бағдарламалары, сараптамалары Бішкек саммитіне арналды. Себебі, В.Путин көптен бері шетелге шығуды доғарған еді. Ал қырғыз еліне қорықпай барды. Себебі, онда ресейлік әскери база тұр. 

Қырғыз саясаттанушылары осыны меңзеп отыр. Олар 2017 жылғы 28 ақпанда елге сапармен келген В.Путиннің: "Егер Қырғызстан ресейлік базаның өзіне керек еместігін айтса, біз сол күні кетіп қаламыз", – деген мәлімдемесін еске түсірді. Содан бері Жоғорку Кеңеш депутаттары, саясаткерлер Қант қаласындағы РФ әскери базасын жабу туралы бірнеше рет мәселе көтерді. Алайда ел билігі ортақ тоқтамға келмеді.

Содан Ресей әскери базасын тек кеңейте берді. Кремлдің қожайыны қырғыз еліне күнібұрын, 12 қазанда аттанды. Ол қырғыз Президенті Садыр Жапаровпен бірге Қант қаласындағы авиациялық базаның ашылуының 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шараға қатысты. 

Содан соң Путин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровты, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевті, Беларусь Президенті Александр Лукашенконы, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовты, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті жинап, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысын өткізді.

Қатысушы елдерінің ақпарат құралдары бұл саммит туралы ресми ақпаратпен шектелді. Кең құлаш ұрғаны – Ресей жағы. Тоталитарлық замандағыдай жеке басқа табынуға оралған солтүстік көршіде енді Путиннің әрбір басқан қадамы – тойға тең.

Мысалы, тарихшы, Ресей саясат ғылымы қауымдастығының басқарма мүшесі Владимир Шаповаловтың байламынша, бүгінде ТМД саммиттері тек осы кеңістіктегі елдердің Мәскеумен ынтымақтастығын растау үшін жиналады.

Атап өтер жайт, бұрынғы жылдары ресейлік сарапшылар ТМД-ны "туа шөккен", құрыла сала, қызметін доғарған, пәрменсіз, мәнсіз ұйым деп бағалайтын. Енді пікір өзгеріпті. 

"ТМД посткеңестік кеңістіктегі ең ірі өңірлік ұйым және қазіргі заманғы әлемдегі ең беделді аймақтық ұйымдардың бірі болып табылады. Ең ұзақ жасап келе жатқаны да сол: ТМД құрылғанына отыз жылдан асты. Оның Бішкекте осы ғана өткен саммиті де аймағымыз үшін аса маңызды. Өйткені ол салмақты сыртқы сын-қатерлер аясында өтіп отыр. ТМД елдерінің лидерлері Бішкекте Ресеймен бірге екенін, жаһандық қауіпсіздікке қол жеткізуге қатысты пікірлері мен ұстанымдары да Мәскеудікімен бірдей екенін паш етті. ТМД елдерінің президенттері қол қойған Бірлескен мәлімдемеге баса назар аудартқым келеді. Онда өзге мәдениеттерді, өзге халықтардың өкілдерін, олардың тірек еткен бөгде құндылықтарын құрметтеу, оған толерантты қарау қажеттігі атап өтіледі. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта төл саясатын агрессивті тықпалаған Батыс осы қағидатты өрескел бұзып отыр", – деді Владимир Шаповалов.

Бұл ретте әрине, Бірлескен мәлімдемеде көрші елге шапқыншылық жасап, оған өз дүниетанымы мен "әлемін" тықпалаған Мәскеуді айыптау деген жоқ. 

"Батыстың Ресейге қарсы гибридті соғысы және эскалацияны төтенше жоғары дәрежеге жеткізуі жағдайында ТМД республикаларының Ресеймен ынтымақтастығын үнемі білдіріп отырғаны ерекше маңызды. Тек сонда елдеріміз арасындағы экономикалық және басқа қатынастар кеңейіп, дами береді", – деді ресейлік сарапшы. 

Дегенмен, ресейлік барлық басылым мен сарапшылар ТМД саммитіне көңілі тоғайып, марқайып отырған жоқ. Мысалы, ресейлік "Независимая газета" ТМД кеңістігі жыл өткен сайын тарылып бара жатқаны жөнінде көңілсіз тұжырымға келді. 

Кеңес одағының тарап, орнына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылғаны 1991 жылғы 21 желтоқсанда, Алматыда жарияланғаны мәлім. Сонда жаңа ұйым туралы келісімнің хаттамасын күйреген КСРО құрамына кірген 11 мемлекеттің басшылары қабылдады. Олардың қатарында Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Белоруссия, Қырғыз Республикасы, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Украина болды. 1993 жылы ТМД құрамына Грузия қосылды (Грузия Ресеймен арадағы соғыстан соң, 2009 жылы достастық құрамынан шықты).

Өткен ғасырдың соңында ТМД-ны таныған 12 елден Бішкек саммитіне небары 8 ел ғана қатысып отыр. "Әлемдегі ең беделді ұйымнан" мүшелері қашпас болар? Мысалы, Еуропалық Одаққа мүше болу үшін қаншама елдің ұзын әрі ұзақ кезекте тұрғанын Inbusiness.kz сараптаған болатын. 

Ресейлік газеттің жазуынша, ТМД өз шекарасын өзгертуге мәжбүр. Өйткені өзге елдер Ресейден теріс айналуда.

"Ресейге жаңа өмір шынайылығына бейімделіп, тату көршіліктің жаңа формаларын іздеуге тура келеді. Бішкектегі ТМД саммитінің өзі толық емес құрамда өтті. Іс-шараға Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян бармай қалды. Бұл достастықтың атқарушы комитетінің жоспарларын бұзды. Өйткені саммит аясында Мәскеу Пашинянның Әзербайжан лидері Ильхам Әлиевпен келіссөздерін өткізуді ұйымдастырған болатын. Қалай болғанда, Бішкек саммитіне қатысқан елдердің географиясы бұл бірлестікке қатысты қалыптасқан күрделі жағдайдан көрініс береді", – деп жазған кремлшіл "Независимая газета" достықтан да, достастықтан да сау-тамтық қалмай бара жатқанына қынжылады. 

Басылым бірлестікті тәрк еткен елдерді талдады. Украина әу бастан ТМД-ның жарғысын қабылдамады, ратификацияламады. Грузия заң жүзінде шықты. Молдова Еуропамен интеграциялануға ден қойып, Ресей жетегіндегі достастықтан шығу процесін жалғастыруда және саммиттеріне қатыспайды. Енді олардың қатарына Армения қосылды: Ереван Әзербайжанмен арадағы келіссөздерін Мәскеудің емес, Батыстың араағайындығымен, батыстық алаңдарда жүргізуді қалайды. 
  
"Таулы Карабах республикасы өзін өзі таратқан соң, Ереван Әзербайжанмен арасындағы ресейлік бітімгершілерді халықаралық бітімгершілерге ауыстыру идеясын ілгерілетуде. Саммит қарсаңында әлеуметтік желідегі парақшасында Никол Пашинян бітімгердің әлеуетті кандидаты ретінде Еуроодақты атады. Ол Арменияның Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты тереңдету жөнінде ымыраға келгенін жариялады. Бұған қоса, армян лидері Таулы Карабахтан кететін ресейлік бітімгершілік күштердің Армения территориясында орналасу мүмкіндігіне қатысты нақты ұстанымын білдірді: "Егер ресейлік бітімгершілер Таулы Карабахты тастап шықса, онда олар Ресейге оралуға тиіс". Мәскеу сынақ алдында тұр: егер Ресей тетігін тауып, Армения мен Әзербайжанды тезірек бейбіт келісімге қол қойғыздырта алмаса, онда ТМД кезекті мүшесінен айрылады", – деп пайымдады ресейлік басылымның сарапшылары.

Жалпы, ресейлік сарапшылардың бір тобы болашақта Кремлдің ТМД-ны ұстап қала алатынына сенбейді. Бүгінде іс жүзінде достастықта тек РФ вассалына айналған Беларусь, сондай-ақ Орталық Азия елдері мен кавказдық Әзербайжан ғана қалды. Сонымен бірге эксперттер осы елдердің бәріне Қытай мен Түркияның ықпалы күшейіп келе жатқанына екпін түсірді. 

Себебі, Бейжің мен Анкара олардың тәуелсіздігі мен жерінің бүтіндігіне кепілдік беріп отыр. Мысалы, бүгін Бейжіңде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз жүргізген ҚХР төрағасы Си Цзиньпин: "Халықаралық жағдайдың қалай құбылатынына қарамастан, Қытай мен Қазақстан өздерінің бастапқы ұстанымдарынан айнымай, бір-біріне жәрдемдесетінін" нықтады. Сонымен қатар ҚХР көшбасшысы "Қытай Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын толықтай қолдайтынын" кезекті рет растады. 

Мәскеу болса, достықты доқ көрсетіп ұстап тұруға тырысады.

Ресейлік сарапшылар Бейжің мен Анкараның тағы бір артықшылығын атады: мүмкіндіктері шектелу үстіндегі Ресеймен салыстырғанда, Қытай мен Түркия Орталық Азия мен Кавказ елдерінің басты инвесторына айналуда. 

Бұл аумаққа Батыс та баса көңіл бөле бастады. Мұны АҚШ пен Еуропаның Орталық Азия елдерімен бірлесіп, саммиттер ұйымдастырғанынан байқауға болады. Америка Орталық Азияда әскери инфрақұрылымын дамыту мәселелерін пысықтап жатқан көрінеді. Бұған жауап ретінде РФ Қырғызстан мен Тәжікстандағы базаларының ұрысқа дайындығын арттыруға кірісті.

Ресейлік сарапшылар "кезінде ТМД достастығы Ресейдің айналасын достас елдермен қоршау үшін құрылғанын" қаперге салды. Бүгінде одан оңтүстіктегі (Орталық Азия) және батыстағы (Беларусь) белдеу ғана қалыпты. Оңтүстік Кавказдағы ахуал бұлыңғыр. Армения – Франция мен Американың, Әзербайжан – Түркияның ықпал аймағына тартылып барады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу