"Тәуелсіз Палестина мемлекетін құру – бейбітшілік пен тұрақтылықтың жалғыз ұстыны" – БҰҰ

2559

Мысыр (Египет) астанасында "Бейбітшілікті жақтау саммиті" өтті. 

"Тәуелсіз Палестина мемлекетін құру – бейбітшілік пен тұрақтылықтың жалғыз ұстыны" – БҰҰ Фото: businessnewspress.com

Мысыр Президенті Әбдел Фаттах ас-Сиси бастамашы болған құрылтайға Еуропа, Африка, Таяу Шығыстың және басқа аймақтардың 30-ға жуық мемлекеті, соның ішінде араб елдері, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Грекия, Қытай, Ресей өкілдері қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. ХАМАС пен Израильдің өкілдері кездесуге шақырылмады.

Саммит қорытындысында тараптар ешқандай құжатқа қол қоймады. Тіпті Бірлескен мәлімдеме де қабылданбады.

Өйткені анонимді дипломаттарға сілтеме жасап, франциялық AFP агенттігі мен германиялық Deutsche Welle жазуынша, араб лидерлері Батыс ұсынған, қақтығыс үшін барлық жауапкершілікті ХАМАС-қа жүктейтін тұжырымға келіспеді. Батыс тарапы сонымен қатар қорытынды мәлімдемеде палестиналық радикалды ұйымды "өз тұтқынында ұстап отырған барлық кепіл адамдарды босатуға" шақыру болғанын қалапты.

Мұның бәрі болмаған соң, Израиль саммит қатысушыларының "бүкіл әлем мен өңірді қатер құрдымына жыға жаздаған террорды айыптамағанына" қынжылыс білдірді. Оның Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде айтылғандай, "Израиль ойына алғанын жүзеге асырады және халықаралық қоғамдастық оның жүргізіп отырған күресінің әділеттілігін мойындайды деп күтеді"

Бірлескен мәлімдеме орнына саммитке бастамашы болған, оған төрағалық еткен Президент Әбдел Фаттах ас-Сиси араб елдерімен келісе отырып, төл мәлімдемесін жариялады. Құжатта қақтығысқа "халықаралық қоғамдастықтың әділетті шешімді ұзақ уақыт таба алмауы" айыпталады. Әлемдік лидерлер "қақтығысқа мәңгілік нүкте қоюға емес, қақтығысты реттеуге" күш салып, "зардап шегуші халықтың тіпті ең төменгі мұқтаждықтарына сәйкес келмейтін уақытша шараларды, паллиативтерді" ұсынып, уақыт жоғалтты делінген.

Бірақ мұның бәрі саммиттің сәтсіздікке ұшырағанын білдірмейді.

Euronews хабарлауынша, бұған дейін Израильге біржақты қолдау көрсеткен Еуропаның лидерлері саммит соңында ұстанымдарын жұмсартып, Палестина халқын Еуроодақта террористік ұйым деп танылған ХАМАС-пен теңестірмеуге шақырды. Яғни, ұжымдық Еуропа осы арқылы ЦАХАЛ-дың (израилдік қорғаныс армиясының) Газа секторына жерүсті операциясын өткізіп, жаппай лап қоюына, онда "тазарту" жүргізуіне қарсылығын білдірді.  

Жалпы, Каир саммитінде Израиль мен палестиналық ХАМАС тобы арасындағы қақтығысты бейбіт реттеудің ықтимал тәсілдері талқыланды.

Сарапшылардың тұспалдауынша, мұндағы мақсат – жауласушы қос тарапты келіссөз үстеліне отырғызу емес (Тель-Авив лаңкестермен келіссөз жүргізбейтінін мәлімдеген), қарулы жанжалдың бүкіл өңірді қамтып, соғыс өртінің Таяу Шығысты тұтас шарпуының алдын алу болған. Өйткені Израильдің Газа секторындағы үстемелеткен әуе соққысынан бас көтере алмай қалған ХАМАС-қа "Хезболла" көмекке келіп, Ливаннан еврейлер елін зымыранмен, артиллериямен атқылауда.

"Біз азаматтық тұрғындарды әрдайым, әр жерде әрі әруақытта қорғаудың маңыздылығын растаймыз. Біз Израилдің өзін өзі қорғау құқығын да растаймыз. Алайда өзін өзі қорғау құқығы тек қана халықаралық құқық пен гуманитарлық құқыққа сәйкес жүзеге асырылуға тиіс. Біздің парызымыз – бірге жұмыс істеп, өңірдегі эскалацияны болдырмау, қақтығысты тежеу және шет-шегі жоқ зорлық-зомбылыққа нүкте қою", – деді Еуропалық кеңестің төрағасы Шарль Мишель.

"Израиль қорғануға құқылы. Бірақ оның іс-қимылы әділетті болуға және халықаралық құқыққа қайшы келмеуге тиіс. Біз ХАМАС-ты айыптаймыз. Дегенмен, ХАМАС Палестина халқы емес", – деді Франция Сыртқы істер министрі Катрин Колонна.

Ирактың Премьер-министрі Мұхаммед Шиа ас-Судани Таяу Шығыстағы соғыстан бүкіл әлем зардап шегетінін мәлімдеді.

"Егер Израильдің ХАМАС-қа қарсы соғысы өңірдегі басқа елдерге ұласса, онда бұл халықаралық нарықтарға мұнай жеткізуге кері әсер етеді", – деп қорқытты ол.

Саммитте Палестина автономиясының басшысы Махмуд Аббасқа халықаралық мінбер ұсынылып, сөз берілді.

"Біз халқымызды Газадан көшірудің, палестиналықтарды Иерусалимнен немесе Иорданның Батыс жағалауынан аластаудың кез келген талабынан бас тарту керектігін ескертеміз. Біз қандай қиыншылық көрсек те, өз жерімізде табан тіреп қаламыз. Біз кетпейміз. Біз кетпейміз", – деп қайталай нықтады Махмуд Аббас.

Яғни, саммит біріншіден, әлемге Палестинаның пікірі мен ұстанымын жеткізуге бағытталды.

Екіншіден, Мысыр лидері Әбдел Фаттах ас-Сиси "Газа секторындағы гуманитарлых апатқа тоқтау салып, Израиль мен палестиналықтар арасындағы бітімге жол салатын" Жол картасын ұсынды. Ол Газаға көмекті тұрақты жеткізу және атысты доғару жөніндегі келісімнен тұрады.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттериш те Израильдің Газа секторын үстемелете бомбалауына қарсы екенін білдіріп, атысты дереу тоқтатуға үндеді. Оның айтуынша ХАМАС-тың Израильге шабуылы Израильдің Газа тұрғындарын "ұжымдық жазалауын" еш ақтай алмайды. Бұл ретте Израиль керісінше, Газа секторын талқандауға бағытталған соғысын өзіне ХАМАС шабуылымен ақтауға күш салуда.

Үшіншіден, Каир саммиті қорытындысында оның қатысушылары "тәуелсіз Палестина мемлекетін құру – өңірдегі нағыз бейбітшілік пен тұрақтылықтың жалғыз ұстыны" болады деген байламға келді. Бұл туралы да БҰҰ басшысы Антониу Гуттериш мәлімдеді.

Төртіншіден, саммитте әртүрлі елдер Палестинаға, соның бір аймағы саналатын Газа секторына көмектерін хабарлады. Мысалы, Германия СІМ басшысы Анналена Бербок Берлиннің Газаға гуманитарлық көмегін 50 миллион еуроға арттырғанын жариялады. Еуропалық Одақ та Палестинаға көрсетіп келген көмегін тоқтатпай, қайта өсіруге шешім қабылдады.

Саммит қарсаңында Мысырдан "Рафах" бақылау-өткізу пункті арқылы Газа секторына 20 жүк машинасынан тұратын гуманитарлық жүк кірді. Саммит күндері тағы 17 машинадан құралған керуен енді. Әлем жұртшылығы мен лидерлердің қысымымен Израиль тез өткізу үшін оларды жаппай тінту ниетінен бас тартты.

"Рафах" – Мысыр мен Газа арасындағы жалғыз шекаралық өтпе болып табылады. БҰҰ палестиналық эксклав тұрғындарының қажеттіліктерін өтеу үшін сол арқылы күніне шамамен 100 жүк көлігіне гуманитарлық көмек тиеп, жөнелтуге дайын екенін мәлімдеді.

Бірақ бұл үшін Израиль Газа секторын бомбалауын тыюы керек. Ол одан бас тартып отыр. CNN телеарнасының хабарлауынша, ЦАХАЛ Газа қаласының Әл-Сабра ауданының үстінен үнпарақтар жаудырды, онда тұрғындардан үйлерін тастап шығуды талап етті. Себебі, бұл аудан бомбаланатын болады.

ЦАХАЛ баспасөз қызметі хабарлағандай, өткен жексенбіде израильдік армия Газадағы көпқабатты тұрғын үйлерге, мешіттерге әуеден үстемелете соққы берді. Оларда ХАМАС топтары орналасқан деп санайды.

Мысалы, палестиналық ақпарат құралдары Джениндегі Әл-Ансар мешітінің әуеден соққыланғаны туралы хабар таратты. Мұны ЦАХАЛ растады және мешіттің астында радикалдардың жерасты кешені бар деп санайтынын мәлім етті. Онда ХАМАС пен "Исламдық джиһадтың" жергілікті штабы орналасқан деп есептейді. Бұдан бөлек, лаңкестер қазған жерасты тоннелдерінің шақталары, басқару орталықтары және қару қоймалары талқандалыпты.

Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соғыс басталғалы Газа секторында кем дегенде 4 мың адам қаза тауып, 14 мың адам жараланған. Мерт болғандардың арасында 37 медицина қызметкері бар.

ЦАХАЛ радикалды топтарға қарсы әуеден соққыны жалғастыратынын білдірді. Бұдан бөлек, Израильдің ортақ қауіпсіздік қызметі (Шабак) "НИЛИ" деп аталатын арнайы бөлімше құрғанын мәлім етті. Бұл арнаулы топтың атауы "Нецах Исраэль ло йешакер" (Адал Израиль жалған сөйлемейді) деген сөздерден құралған. Оның мақсаты – "Батыс Негевтегі елді мекендерде жасалған қырғынға, еврейлерді өлтіруге қатысы барлардың бәрін тауып, жою" болмақ.

Дегенмен, дүниежүзі бойынша қарсылық акцияларын өткізіп, тіпті ұлты еврей саналатын экобелсенді Грета Тунбергті өз қатарына тарта алған палестиналықтар бірте-бірте өз дегеніне жете бастады. Азат ел құру аңсарына әлем назарын аудара алды. Сонымен бірге Израильдің тартып алған территорияларын азат етуі мүмкін. Израильдің Төтенше жағдайлар жөніндегі ұлттық басқармасы кеше елдің солтүстігінен халықты қауіпсіз аймақтарға көшіру жоспарын тағы 14 елді мекенмен толықтырғанын жариялап, тізімін ұсынды. Қорғаныс министрлігінің Солтүстік қолбасшылығы қабылданған шешім туралы сол елді мекендердің жергілікті кеңестерінің басшыларын құлағдар етті. Қайта қоныстандыру, эвакуациялау шараларына жергілікті басшылар, Қорғаныс министрлігі және Туризм министрлігі басшылық ететін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу