Тауы шағылып, қалтасы қағылып жатыр

3288

Қазақстан фермерлер одағы жанар-жағармайдың бағасы дихандарды діңкелетіп тұрғанын айтып, дабыл қақты.

Тауы шағылып, қалтасы қағылып жатыр

Оңтүстік Қазақстан облысында биылғы көктемгі дала жұмыстары үлкен даумен басталды. Дихандар жыл сайын жеңілдетілген бағамен берілетін жанар-жағармай құнының шарықтап кетуіне наразы болды.

Жығылғанға жұдырық"  демекші, дәл осы уақытта Шымкент мұнай өңдеу зауыты тағы да жөндеуге жабылды. Былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен  зауыт жөндеу жұмысының екінші кезеңін бастаған екен. Бұл туралы "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС баспасөз хатшысы Еркен Жұмаділ: "Зауытты жаңғырту жұмысының екінші кезеңі қыркүйек айында толық аяқталады. Жөндеу жұмысын 15 мамырға дейін тәмамдауды көздеп отырмыз.  Жанар-жағармай тапшылығын туғызбас үшін қоймаларды қажетті көлемге толтырып қойдық", – деді.

Халық бұл сөзге сенбей отыр. Бұқараның айтуынша, 15 мамырға дейін алыпсатарлардың дәурені жүреді. Олар бағаны қолдан қымбаттатып, тапшылықты қасақана ұйымдастырады. Мұның салдарын дихандар көреді.  

Шымкент мұнай өңдеу зауытының жабылуы дихандарды дизель отынын Ресейден алуға мәжбүрлеуі мүмкін. Ал солтүстіктегі көршіміздегі баға бізге қарағанда қымбат.

Халықтың болжамы бекер емес, себебі өткен аптада ғана Қазақстан фермерлер одағы құзырлы органдарға шағымданып, жанар-жағармайдың бағасы қымбаттағаны туралы дабыл қақты.

"Жеңілдікпен берілетін жанар-жағармайдың тоннасы 156 мың теңгеден сатылуы тиіс болатын. Көктемгі егіс науқаны бастала салысымен баға аяқ астынан құбылып шыға келді. Сәуір-мамыр айларына арналған дизель отынының тоннасы 160 мың теңге болып бекітілді. Бұл бағаны энергетика министрлігі бекітті", – деді Қазақстан фермерлер одағының басшысы Әуезхан Даринов.

Оның сөзінше, Қазақстан фермерлер одағы ауылшаруашылығы, энергетика министрліктеріне, парламент депутаттары мен "Нұр Отан" партиясының бөлімшелеріне шағымданған. Алайда мәселе шешілмеген. "Ауылшаруашылығы өнімінің табыстылығы азайып жатыр. Оған химиялық препараттардың, электр қуатының, жанар-жағармай мен техниканың қымбаттауы себеп болуда. Қазақстан фермерлер одағы дихандарға жеңілдікпен берілетін дизель отынының көлемін ең болмаса 500 мың тоннаға дейін ұлғайтуды сұрайды", – деді ол.

Фермерлер дизель отынының құны жыл сайын неге қымбаттай беретінін ешкім түсіндірмейтініне қынжылады.

"Біз бағаның өсуіне әсер ететіндей экономикалық алғышартты көріп тұрған жоқпыз. Дизель отыны қымбаттағанға дейін доллардың теңгеге шаққандағы бағамы айтарлықтай өзгерген жоқ, мұнай бағасы да қаз-қалпында тұрды. Бағаны Ресеймен тең ұстау саясаты дұрыс емес, Қазақстан дербес, егемен ел. Экономикалық кеңістік ортақ болғанымен, ел ішіндегі аграрлық саясатты біз өзіміз белгілеуге тиіспіз", – деді Қазақстан фермерлер одағының басшысы.

Өткен аптада энергетика министрінің орынбасары Махамбет Досмұхамбетов: "Барлығы министрліктің бақылауында. Зауыттың жөндеуге жабылуы жанар-жағармай тапшылығын туғызбайды, бағаның қымбаттауына әсер етпейді", – деген болатын. Ал осы аптада ол наурызда басқа, сәуірде басқа баға болатынын мәлімдеді.

"Наурыз айында көктемгі егіс жұмысын жүргізу үшін дизель отынын ұсыну бағасы 1 тонна үшін - 156 мың, ал сәуір айында дизель отынының 1 тоннасы - 160 мың теңгеден болады ", – деді Махамбет Досмұхамбетов.

Қазақстан фермерлер одағы алдын ала дабыл қаққанмен, сәуірден бастап баға өсті. Бұдан ешкімнің ештеңесі кеткен жоқ. Тек әдеттегідей дихандардың діңкесі құрып, қалтасы қағылды.

Жанат Нұржауқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу