Таза өнімнің беделін алаяқтар бүлдірді

2779

"Табиғи таза өнімдер" деп, шынында химиялық ласталған ауыл шаруашылығы тауарларын өткізген жергілікті алаяқтар кесірінен Қазақстанның өзі әлемде "тәуекелді" деп танылыпты.

Таза өнімнің беделін алаяқтар бүлдірді

Айта кету керек, бұл нарық дүниежүзіндегі ең қарқынды өсуші, келешегі мол, әрі табысты сала саналады. Тек Германияның өзі жыл сайын 10 миллиард еуро көлемінде органикалық өнімдерді қажетсінеді, оның тек бестен бір бөлігін ғана неміс өндірушілері өтейді. Қазіргі кезде Қазақстан батыс елдеріне небары 10 миллион еуроға эко-өнімдер өткізеді. Сарапшылардың бағалауынша, осы экспорт ауқымын бірден 200 миллион еуроға жеткізуге болады. Оған не кедергі?

"Атамекен" ұлттық палатасының біліктілік орталығының директоры Арсен Керімбековтың айтуынша, қазақстандық органикалық өнім өндірушілер негізінен еуропалық одақ елдерінің нарығына бағдарланған және тауарларын соларға сатуға көбірек ынта-ықылас танытады. Өйткені еуропалықтар бұл өнімдерді лайықты бағалай біледі және тиісінше, қымбат бағаға сатып алуға әзір.

Бүгінде елімізде "органикамен" айналысатын шамамен 60 қазақстандық компания бар. Олар денсаулыққа аса пайдалы май, дәрі-дәрмек, косметика, диеталық ботқа және басқа қаптаған өнімдер өндіру үшін пайдаланылатын сұлы, зығыр, күнбағыс және дәрілік шөптер өсірумен шұғылданады. Кәсіпорындар Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан.

Мамандар Қазақстанда әзірге эко-өнімдердің өндірісі көлемі бойынша статистика жүргізілмейтінін айтады. Неге екені белгісіз, олардың сапасын бақылау денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулықты қорғау комитетінің құзырына берілген. Бұл ретте ішкі нарықта да эко-тауарларға деген сұраныс жоғары қарқынмен өсіп келеді. Дегенмен, саланың болашағы еліміздегі аз шоғыр тұтынушыларды қанағаттандырумен емес, жаһандық алып нарықты игерумен байланысты.

Бірақ АҚШ-ты айтпағанда, таяудағы Еуропа нарығына экспортпен шығу үшін қатаң сынақтардан сүрінбей өтіп, сертификатталу – міндет. Сондықтан Ұлттық палатаның біліктілік орталығы бизнеске осы рәсімнің қыр-сырын түсіндіру үшін органикалық өнім өндірушілер одағымен тізе қоса отырып, Литвадан эксперт-мамандар тартып, бірқатар семинарлар ұйымдастыруда. Семинарлар 5 және 6 наурызда Петропавлда, 11-13 наурызда Көкшетауда, 18-19 наурызда Павлодарда өтеді деп жоспарлануда.

Анықталғанындай, дүниежүзінде отандық осы өнімді сертификаттай алатын небары 15 ұйым ғана бар екен. Олардың бізге ең жақын орналасқан орталықтары Украина астанасы Киевте, Литва астанасы Вильнюсте және Германияда орналасқан. Рас, осындай ұлттық орталық өзімізде де құрып қойылған. Әйткенмен, сарапшылардың айтуынша, ол мүлдем танымал бола алған жоқ.

"Жұмыс жасаған бір жарым жыл ішінде ол орталық шетелдік нарыққа бағдарланған бірде бір сертификат бермеген. Оның себебі қарапайым: елімізде өз орталығымыз бар, алайда ол еуропалық одақта тіркеу-аккредиттеуден өтпеген. Еуропа ұстанымы да қарапайым: "өз өнімдеріңіздің таза екеніне өздеріңіз сене беріңіздер, бірақ бізге оны дәлелдеңіздер!" дейді олар. Біз Германияда болдық, олар әрбір елде еуроодақта аккредиттелген төл сертификациялық органы болуы қажеттігін растады", – дейді "Біліктілік орталығы" ЖШС директоры Арсен Жақашұлы.     

Әрине, бұл салада ұлттық орталықты дамытуға шығындалмай-ақ, шетелдік ұқсас ұйымдар қызметін пайдалана беруге болар еді. Бірақ ол жергілікті бизнеске аса қымбатқа түседі, демек, осы өндіріс өрісінің кеңеюін шектейді.

"Қазақстан жыл сайын шетелге шамамен 10 миллион еуроға органикалық өнімдер экспорттайды. Ал отандық бұл саланың әлеуеті қазірден жылына 200 миллион еуроға дейін жетеді деп бағалануда. Әйтсе де, басты проблема – органика нарығына шығу болып отыр, ол үшін еуропалық сапа сертификатын алу шарт. Ұсақ фермерлер, әсіресе, еліміздің оңтүстігіндегі шаруа қожалықтары еуропалық одақ талаптарын еңсере алмайды. Өйткені сертификаттау – аса қымбат рәсім. Әсіресе, үлкен егістікті алып жатқан жеміс бақтары үшін", – деді Арсен Керімбеков. 

Оның дерегінше, органикалық өнім бойынша ұлттық сертификат алу аграршыларға 600 мың теңгеге түседі. Ал шетелдік нарыққа арналған сертификат құны 2 мың еуродан (шамамен 900 мың теңге) басталып, жоғарылай береді. Киев, не Вильнюстегі орталықтардан келетін инспекторлар сапарының шығындарын шаруашылықтың өзі көтереді. Бұған Германиядағы зертхана шығындары қосылады. Нәтижесінде, сертификаттау кәсіпкер қалтасын кем дегенде, 5 мың еуроға қағады.

Осы орайда Еуропаның өзінде мемлекет осындай сертификат алғысы келетіндерге бюджеттен демеуқаржы – субсидия береді. Бірақ біліктілік орталығының басшысы Қазақстанда ондай тетіктің қажет еместігіне сенімді.

"Сертификаттауды арзандату бойынша бизнеске көмектесу қажет. Және бұл іспен айналысудамыз. Біз тиісті бағдарлама әзірлеу туралы ұсыныспен үкіметке әдейі шықпай отырмыз. Әйтпесе, бағдарлама әзірленсе, әкімдер жергілікті аграршылар алдына органикалық өнімдер бойынша жоспар, міндет қояды. Онда бітті, істің құрығаны! Міндетті жоспар деген қажет емес, ол қауіпті нәрсе. Мысалы, ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру үшін он жыл ішінде 1 миллиард еуроға жуық субсидия мен қолдау қаржы төленген. Ал экспорт жылына 50 миллион еуроға да жетпейді. Органикалық өндіріске өту ерікті түрде болуға тиіс. Тек аграршыларды осы бағытта адал жұмыс жасауға үгіттеп, көндіру керек. Бұл – күрделі, десек те, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан және басқа облыстарда бұған ден қойған адамдар бар, біз соларға сүйенуіміз керек. Олармен бірге күштеп таңуды емес, тек үйретуді қарастыратын оқыту жүйесін түзудеміз", – деді Арсен Керімбеков.

Бұдан бөлек, органикалық өнімдер нарығындағы бәсеке де күшеюде. Украина осындай өнімдерін миллиондаған еуроға арттыруда. Ресей де санкцияларға қарамастан, жаһандық осы нарықты жаулауға үлкен күш-жігер мен ресурстар бағыттауда. Қазір қам қылмаса, қарап отырса, Қазақстан құр қалады. Мысалға, көрші Ресейде бүгінде тек "органикамен" айналысатын 60 мың гектарлық егісітікке ие ірі шаруашылықтар әрекет етуде. Ал еліміздегі ең ірі органикалық өнімдер өндіруші Ақмола облысында орын тепкен және оның иелігінде тек 27 мың гектар ғана жер бар көрінеді.

Қазақстандық өнімдерді сертификаттайтын литвалық "Ekoagros" компаниясының сарапшысы Виргиния Лукшене Еуропа мен АҚШ нарығына шығу үшін ең бастысы, химикаттардан бас тарту және қоршаған ортаны қорғау қажеттігін айтады. Айналасында экология бүлініп, не қоқыс жайлап жатса, фермер мың жерден "органикалық" өнім өндірсе де, онысын батысқа өткізе алмайды: инспекторлары мұрындарын шүйіріп, беттерін тыржитып, құптамай тайып тұрады.

"Біздің инспектор шақырылған шаруашылыққа келеді, тексереді, хаттама толтырады. Содан соң кері қайтады. Бұдан кейін зертхана органикалық өндірістің басты талаптарына сәйкестігі бөлігінде сарапшылық қорытындыға баға береді. Егер қорытынды "сәйкес" деп танылса, органикалық өнімге сертификат шығарылады. Ол құжат екі жыл күшінде болады", – дейді Виргиния Лукшене.

Алайда Қазақстанның "тәуекелді" мәртебесін иеленуі салдарынан, еуропалық одақ талабы бойынша сертификат берілмес бұрын, тексеру екі рет жүргізіледі екен. Яғни, сарапшылар бір жыл ішінде екі рет келіп, өнімнен сынама алады. 

Арсен Керімбековтың түсіндіруінше, кейбір фермерлерді адал жұмыс жасауға иліктіру де "проблема болып табылады". "Тәуекелді" мәртебесін Қазақстан био-өнімдер нормаларына сәйкес келмейтін тауарларды осындай маркамен сатуға талаптанулар кесірінен иеленіпті.

Тағы бір қиындық сол, органикалық таза өнімдер өндірісіне көшу орташа есеппен, үш жылға созылады. Тиісінше, тек үшінші жылдағы қымбат егін өнімдерін ғана сатуға рұқсат етіледі. Яғни, әлгі уақыт ішінде фермер пайда таппайды. Еуропада осы кезеңде өндіруші субсидиялар алады. Бірақ Қазақстан қаражаттың шектеулілігі себепті, оған бара алмайды. 

Қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы алғанда, 300 мың гектардай жер сертификатталған. Украинаның "Органикалық қозғалыс федерациясының" атқарушы директоры Андрей Коняшин өз елінің заңнамалық база құру арқылы осы істе ілгерілеудің барлық әдістерін сынап көргенін, ақыр соңында тиімді жасыл бизнес түзуге қол жеткізгенін айтады. Оның пікірінше, табысқа жету үшін Қазақстан ауыл кәсіпкерлері арасында ақпараттық жұмысты жандандыруы, мамандандырылған әдебиеттің қазақ тілінде де басып шығарылуын ұйымдастыруы, аккредиттелген сертификаттау орталығын түзуі, органикалық өнімдер сататын арнайы супермаркеттер желісін Астана не Алматымен шектемей, барлық өңірлерде кеңейтуі керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу