Тегеран билігі Вашингтоннан қалай кек алмақ

4777

Бірқатар ел Трамптың бұйрығын қатаң сынға алды. 

Тегеран билігі Вашингтоннан қалай кек алмақ

Иранның ықпалды генералы Касем Сулейманидің өлімін елдегі бұқаралық ақпарат құралдары үзбей көрсетіп жатыр. Орталық телеарналар оны дін үшін ажал құшқандардың қатарына қосуда. Аятолла Хаменеи бастаған топ АҚШ жасаған бұл әрекетті жауапсыз қалдырмайтынын әрі кек алатынын мәлімдеуде. 

Вашингтоннан өш алуға қатысты ереуілдер Иранда жұма күні, нақтырақ айтқанда, Бағдад әуежайына жасалған шабуылдан кейін дереу басталған еді. Шабуыл салдарынан Сулеймани мен оның қасындағы бірнеше әскери қаза тапқан болатын. Иран президенті Хасан Рухани АҚШ-тың бұл операциясын Ирак жерінде жасалған халықаралық лаңкестік деп айыптап, Таяу Шығыстағы елдерді Ақ үйдің басқыншылық саясатына тойтарыс беруге шақырды. Ал Иранның БҰҰ-дағы елшісі Құрама Штаттардың ирандық генералды өлтіруі соғыс ашумен пара-пар деп басып айтты. 

Ислам революциясы күзетінің генералы Голамали Абухамзе болса, Тегеранның АҚШ-тың Парсы шығанағындағы әскери кемелеріне шабуыл жасап қалуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды BBC.

Бірақ, кей сарапшының болжамынша, Иран америкалықтармен тікелей қақтығыспауы ықтимал. Өйткені қазір Парсы шығанағында Пентагонның негізгі әскери күштері орналасқан. Оның орнына Тегеран күтпеген жерден шабуыл жасауы мүмкін. Ал оның қалай және қашан жүзеге асатынын Иран билігі нақты жарияламасы анық. 

Трамп не дейді?

Америкалық президент Дональд Трамп Тегеран америкалықтарға шабуылдайтын болса, ол Иранға 52 мәрте әуе шабуылын жасайтынын жеткізді. Ол бұған дейін Касем Сулеймани соғысты бастау үшін емес, керісінше, тоқтату үшін өлтірілді деп мәлімдеген болатын. 

Әлем елдерінің реакциясы қандай?

Сирия Ақ үйдің әрекетін қатаң сынға алды. Ресми Дамаск операцияны АҚШ-тың зұлым басқыншылығына теңеп, мұның арты міндетті түрде аймақтағы жағдайдың ушығуына әкеліп соғатынын ескертті. Елдің Сыртқы істер министрінің сөзінше, бұл шабуылдан кейін Таяу Шығыс америкалықтардың аймақтағы елдердің ісіне араласуына қарсы күресті әрі қарай да жалғастыра береді, деп хабарлайды Euronews басылымы. 

Ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху болса, Дональд Трампқа Сулейманиді өлтіргені үшін алғысын білдіріп, АҚШ-тың қауіпсіздік, бейбітшілік орнатуда жасаған бұл әрекетін қолдайтынын айтты.  

Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Трамптың бұйрығымен Сулейманидің жер жастандырылуы халықаралық құқыққа қайшы келетінін айтып, Таяу Шығыстағы бірқатар түйткілдер шиеленісіп кететін мәлімдеді. 

Ресми Бейжің бұл жағдайға тек қатты алаңдаулы екенін жариялады. Елдің Сыртқы істер министрлігінің өкілі барлық тараптарды, әсіресе АҚШ-ты сабырлыққа шақырды. Сонымен қатар ол Қытайдың әрдайым халықаралық қарым-қатынастарда күш қолдануға қарсы екенін тілге тиек етті. 

Франция, Ұлыбритания, Германия бастаған елдер бірауыздан Вашингтон ұйымдастырған операция Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына әкеліп соғады деген пікірлерін айтты. 

Сулейманидің өлімі нарыққа қалай әсер етті?

Иран генералының өлімінен кейін мұнай бағасы күрт өсіп кетті. Аналитиктердің ойынша, енді әлемдік мұнай өндірісі үшін маңызды екі мемлекетте, нақтырақ айтқанда, Ирак пен Иранда тұрақсыздық кең етек жаюы мүмкін. Тегеранның Вашингтонға қалай жауап беретінін белгісіз. Бірақ Иран қандай шешім қабылдаса да, оның салдары Парсы шығанағындағы шикізат өндірісіне тікелей әсер етіп, мұнай бағасы әрі қарай да көтерілуі мүмкін деген ойда сарапшылар. 

Касем Сулеймани деген кім?

Касем Сулеймани – Иранның әскери қайраткері, генералы әрі Ислам төңкерісі күзетінің құрамындағы "Әл-Кудс" арнайы бөлімінің қолбасшысы. Ол 1957 жылы 11 наурызда дүниеге келген. Естеріңізге сала кетейік, ол 2 қаңтарда америкалықтардың Бағдад қаласындағы әуежайға әуеден жасалған зымыран соққыларының салдарынан ажал құшты.

Пентагон Сулейманиге қарсы өткізілген операция Трамптың бұйрығымен жүзеге асқанын растады. Ведомство өкілдері шабуылдың Иран тарапы ұйымдастырып жатқан соққыларды тоқтату мақсатында жасалғанын және генералдың коалиция базалары мен генералдың АҚШ пен Ирактағы елшіліктерге қарсы бағытталған операцияларға қатысы бар екенін мәлімдеп отыр. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу