"Тексерушілер қоқыс жәшігімізге дейін қопарып кетті"

7441

Карантинді бұзған кәсіпкерлер қамауға алынған. 

"Тексерушілер қоқыс жәшігімізге дейін қопарып кетті"

Танымал барбершоп және тату-салонының иесі Азат Серғазы бақылаушы органдардың карантин кезінде кәріне мініп, кәсіпкерлерге қаһарын төгіп жатқанын қынжыла жеткізді.

"Ел Үкіметі, бас мемлекеттік санитар Айжан Есмағамбетова шағын және орта бизнестің ашылуына ақыры рұқсат берді. Бірақ ашылу үшін қойған талаптарының қатаңдығы сонша, олар тезірек жабылып қалуға бастайды. Мысалы, біздің салонда 5 қызметкерден істейді. Олар жұмыс күнінде кем дегенде 2 рет бетперде, 2 рет қолғап ауыстыруға тиіс. Оны арнаулы қоқыс жәшігіне тастап отырыңыздар деді. Біздің жігіттер мен қыздар бейғам ғой. Біреуі оны үйіне алып кеткен, енді бірі жолай көшедегі жәшікке лақтыра салған. Жұмыс күні соңында екі тексеруші сау ете қалды. Қоқыс жәшігіне дейін тексерді. Ондағы бетперделер мен қолғаптарды суырып алып, бірінен соң бірін тізіп қойып, санап шықты. Бұлардың әрқайсысы кем дегенде 20-дан болуы керек екен, бірнешеуі жетпей қалды. Соған қарап, қызметкерлеріңіз санитарлық талапты сақтамаған деп, үлкен айыппұл салып кетті", – дейді жас кәсіпкер.

Ол енді қызметкерлерінің талапты қатаң сақтауын, бетперде-қолғапты арнайы бөлінген қоқыс жәшігіне ғана тастауын қадағалаумен әлек. Бұдан бөлек, салонның іші арнайы тазартқыш және дезинфекциялық құралдармен өңделіп тұруы қажет. Тексерушілер ол құтыларды да қарап, қанша шығындалғанын бағалайтынды шығарыпты. Санитарлық-індетке қарсы шараларын бұзу дерегі қайталанса, айыппұл еселеп өседі, тіпті бизнес нысанын жауып тастауы ықтимал.

Қазақстанның бизнес омбудсмені Рустам Жүрсінов бизнестің қызмет көрсету саласында ғана 1,5 миллионға жуық адам пандемиядан зардап шегіп отырғанын айтады.

"Биыл елімізде төтенше жағдай енгізілуі, коронавируске қарсы күрес аясында шектеулер қойылуы салдарынан қызмет көрсету секторы қатты зардап шекті. Микро және шағын бизнестің басым көпшілігі сонда шоғырланған. Бұл шамамен 838 мың компания немесе мемлекетіміздегі барлық микро және шағын кәсіпкерлік нысандарының 60%-ы. 1 миллион 357 мың қазақстандық осы саладағы компанияларда еңбек етуде", – дейді кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл.

Оның мәліметінше, қызмет көрсету саласында өндіріс те, табыс та күрт құлдырады. Мәселен, қоғамдық тамақтандыру секторында – 53%-ға, бөлшек саудада – 45%-ға, көлік қызметтері сегментінде – 37%-ға кеміді.

Омбудсмен шектеу шараларының жалғасуы бизнеске жабылу, банкрот болу, сот тартысына тартылу қаупін төндіргеніне назар аудартты.  

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров те карантиндік шараларды бұзғаны үшін кәсіпкерлердің айыппұлға жаппай маңдай соққанын, тіпті кейбірі тұтқындалып кеткенін мәлім етті.

"Айыппұл көлемі заң бұзушылыққа сайма-сай емес, тым ауыр болып тұр. Мысалы, лауазымды тұлғалардың талаптарын және ұйғарымдарын орындамағаны үшін бизнесмендерге басқа баламасыз, бірден жоғары айыппұл салынады. Шағын кәсіпкерлер 100 АЕК немесе 277 800 теңге, орта кәсіпкерлік – 200 АЕК не 555 600 теңге, ірі кәсіпкерлік нысандары – 500 АЕК не 1 млн 389 мың теңге айыппұлмен жазаланады, қызметі уақытша тоқталуы мүмкін. Бұдан өзге, "халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнаманы бұздың" деп 230-дан 1 600 АЕК-ке дейін айыппұл салады. Ал бұл – 4 млн 444,8 мың теңге!", – дейді Ербол Өстеміров.

Ол ТЖ режимін бұзғаны үшін биылғы 15 мамыр мен 1 сәуір аралығында 1 244 адам жазаға тартылғанын хабарлады. Оның 60 пайызына айыппұл салынған, 36 пайызы бірнеше тәулікке қамалған. 4 пайызы ғана ескертумен құтылыпты.

Жалпы, осы кезеңде 44,5 мың шағым түскен көрінеді.

Коронавирус індеті әлемге де, елге де ұзаққа келіп, орныққанға ұқсайды. Сол себепті кәсіпкерлер барлық салалар мен өңірлер үшін бірыңғай және түсінікті санитарлық нормаларды әзірлеуді өтінді.

"Бүкіл өңірде жергілікті бас санитардың қаулылары және санитарлық-індетке қарсы талаптар мүлтіксіз сақталуға тиіс. Алайда талаптардың тым көптігі қауіп тудырады. Олардың көбі жұмыс процестерін ұйымдастыруға қатысты. Бұған дейін кәсіпорындар еңбек қауіпсіздігін сақтай отырып, сапалы өнім шығаруға, өнімді жұмыс істеуге баса мән беретін. Енді індетке қарсы талаптар бірінші орынға шықты. Оның бәрін қалай сақтаймын деп кәсіпкер дағдарады. Егер жаза басса, бас салып жазалайды. "Ескерту" деген жоқ. Осынау күрделі кезеңде кәсіпорындарды және жұмыс орындарын сақтап қалу үшін мемлекеттен жазалау емес, қолдау шаралары керек" – деп түйді "Атамекен" өкілі.

Сондықтан ұлттық палата және бизнес-омбудсмен формальды, елеусіз, болмашы бұзушылықтар үшін, яғни Құқық бұзушылық кодексінің 425, 462 баптары бойынша жазаны жеңілдетуді ұсынды. Ербол Өстеміров бұл бастаманы мемлекеттік органдар мен Жоғарғы сот қолдағанын жеткізді.

"Формальды бұзушылықтар үшін қамауға алу секілді бұған дейін болған қатаң жазалау тәжірибесі өзгертілді", – деді ол.

Карантин енгізілгелі "Атамекенге" форс-мажор мәселелеріне қатысты 4 мыңдай өтініш түсті, 2 643 куәлік берілді. Қалғаны – қаралу үстінде.

Алдын ала бағалауға сәйкес, елімізде шамамен 4,5 миллион мәміле жасалған. Оның 1,5 миллионы сатып алулар еншісінде. Шектеулер салдарынан көбі мерзімінде орындалмай қалды. Нәтижесінде, бұл 1 миллионнан астам сот өндірісіне соқтыруы мүмкін.

Бұл сот жүйесіне алапат ауыртпалық түсіреді. Себебі, істер саны 2019 жылмен салыстырғанда 4 есе артқалы тұр. Басыартық және қаптаған сот тартыстарын болдырмау мақсатында және елдегі іскерлік орта тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін "Атамекен" ТЖ-ны жаппай форс-мажор деп тану мәселесін көтерді. Ақыры іс ілгері жылжыды. Жоғарғы сот осы мәселені заңнамада бекітуді сұрап, Үкіметке жүгінді. Осылайша, ТЖ – келісімшарттағы міндеттемелердің бұзылуы үшін жауапкершіліктен босататын жағдай болып танылмақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу