Теміржолда мемлекеттік функциялар жекенің қолына берілуі мүмкін

4615

Үкіметтің дерегінше, саладағы бәсекелі нарықтың қазіргі моделінің үлкен кінәраты әшкереленді.  

Теміржолда мемлекеттік функциялар жекенің қолына берілуі мүмкін

Әлеуметтік желіні қазақстандық пойыздардағы вагондардың нашар, масқара жағдайын паш еткен видеоайғақтар кернеп тұр. Оған тіпті шетелдік туристер де шағымданады. Осы орайда мемлекеттік "Хабар 24" арнасы Маңғыстау-Ақтөбе бағытындағы пойыздың вагондарына қатысты сюжетін жариялады. Тележурналистердің байламынша, ондағы сорақылықтарды бір сөзге сыйдыруға болады: "Бұл – сұмдық!"

"Маңғыстау-Ақтөбе бағытындағы пойыздың жолаушылары кондиционерсіз сервиске, сұрықсыз, әбден ескірген вагондарға шағымданады. Ішіндегі адамдар қолқаны атқан күлімсі иістен азап шегеді", – деп хабарлады телеарна.

Сюжетте жолаушылардың пікірлері келтірілген: "Бұл вагондар менен кәрі көрінеді. Жағдайы неткен масқара. Сіз оның әжетханасын көрдіңіз бе? Қалпымен антисанитария жайлаған! Әрбір вагондағы жағдай осындай", "Біздің вагондарда кондиционерлер жоқ екенін өзіңіз көріп тұрсыз. Ал сыртта 40 градустық аптап ыстық. Пойызда тоңазытқыштар да жоқ. Өзімізбен бірге жолға алған тамақ, азық-түлік бұзылып кетеді. 10 жылдан бері ұдайы сапарлап жүрмін. Ақтөбе-Маңғыстау-Ақтөбе" бағыты осындай сорақылықтан арылар емес", "Біз әдейі купе вагонға билет алдық. Алайда соның өзінде ешқандай жағдай жасалмаған. Вагон іші тымырсық, демалу қиын. Балалармен бірге мұның ішінде бір тәуліктен артық болу мүмкін емес. Жүрегінің ұстамасы бар адамдар қайтпек?", – дейді жолаушылар.  

Онда іс насырға шабуы ықтимал. Пойызда дәрігер болмайды. Тіпті дәріхана қобдишасындағы дәрілердің мерзімі өтіп кеткен көрінеді. 

Жолсеріктердің мәліметінше, вагондардың бәрі ескі, 20 жыл бұрын жасалған. Олардың қабырғалары қақырап, "тігістері" сөгіле бастаған.

Бұл жайтқа билік өкілдері назар аударды.

"Тексеріс барысында біз 10 бұзушылықты анықтадық: өртке қарсы жабдық істен шыққан. Датчиктер жұмыс істемейді. Алмалы-салмалы мүкәммалдар жоқ болып шықты. Басқа да жөнсіздіктер әшкереленді. Бұл – осы мартшрутқа жүргізіліп отырған 8-ші тексеріс. Тасымалдаушы Әкімшілік кодексінің 571-бабының 4-бөліміне сәйкес, әкімшілік жазаға тартылады. Жолаушылар пойыздардың іші қапырық екеніне көп шағымданады", – деп хабарлады Маңғыстау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы бөлімінің бас маманы Қуандық Аяпов.

Ал тасымалдаушы компания құрылтайшысының түсіндіруінше, мемлекеттік қолдау болмай, теміржол паркі жаңартыла алмайды.

"Бізге арнайы мемлекеттік қолдау қажет. ҚТЖ өз вагондарының паркін өз ақшасына жаңартпайды, ол қаражатты Ұлттық қордан алады. Жеке компаниялар мұндай мүмкіндіктен қағылған. Біздің тарифтерімізді де мемлекет реттейді. Оны қалағанымызша көтере алмаймыз. ҚТЖ игілігін көріп отырған бағдарламаны бізге де таратса, жөн болар еді", – дейді "Оtpan Logistic" ЖШС құрылтайшысы Нұрғали Махмұтов.

Қазір Маңғыстау-Ақтөбе-Маңғыстау бағытында 3 жеке теміржол құрамы сапарлайды. Алдағы 3 жылда оларды жаңарту жоспарланыпты (40 вагон сатып алынбақ). Бұл үшін кем дегенде 23 миллиард теңге қажет болады.

Салада үлкен проблема барын және оның жыл сайын ушығып бара жатқанын көлік ведомствосы – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де мойындады.

Меморганның байламынша, саладағы бәсекелі нарықтың қазіргі үлгі-моделі тәуелсіз тасымалдаушылар санының артуына әкелді, бірақ жылжымалы құрамды жаңартуға салынатын жеке инвестициялардың ағынын сол бойы қамтамасыз еткен жоқ.

"Қазіргі уақытта теміржол көлігімен тасымалдау саласында шұғыл шешімдерді қажет ететін бірқатар өткір мәселелер жинақталған. Біріншіден, жылжымалы құрам паркі моральдық және физикалық тозды. Соның ішінде әсіресе, теміржол инфрақұрылымының, локомотивтердің тозуы жоғары деңгейге жетті. Екіншіден, локомотив паркі мен вагондардың тапшылығы туындады. Үшіншіден, қаржыландырудың және қолайлы инвестициялық климат жағдайларының жеткіліксіздігінен локомотивтер қажетті көлемде сатып алынбайды. Компаниялардың оған мүмкіндігі жоқ. Төртіншіден, жүктерді теміржолмен тасымалдау қызметіне қойылатын біліктілік талаптары да тым төмен. Бұл тасымалдаудың сапасы мен қауіпсіздігін лайықты дәрежеде арттыруды қамтамасыз етпейді. Бесіншіден, компаниялардың өз инфрақұрылымының өткізу қабілетін жақсарту мүмкіндіктері шектеулі", – деп түсініктеме берді министрлік.

ИИДМ дерегінше, бүгінде қазақстандық локомотив паркінің 71%-ы – тозығы жеткен ескі техника. Мұның не екенін түсіну үшін мынаны көзге елестетуге болады. Бұл Қазақстандағы барлық жолда жүйткіп жүрген көліктердің 71%-ы – кеңес заманында шығарылған "Запорожец", "Москвич" және "Волга" болып кетсе, соған тең. 

2010 жылдан бері мемлекеттігін, жекесін қосқанда, отандық локомотив паркінің нарығы 22%-ға ғана жаңартылды. 2021 жылы Қазақстанның теміржолдарында 2 төңкерілу; 1 авария; 298 жазатайым оқиға және 877 инцидент тіркелген. Бұл тек жүк көлігі саласында тіркелгені ғана.

ИИДМ теміржол көлігімен жүктер таситын тасымалдаушыларға қатысты реттеу шараларын пысықтап жатыр. Нақтыласақ, салада міндетті өзін-өзі реттеу енгізіледі. Министрліктің тұжырымдауынша, осы арқылы нарық қатысушыларының жүк тасымалы қызметін дербес реттеу тетігі енгізіледі.

Қазақстанда бизнестің көптеген саласында өзін-өзі реттеу енгізілді, палаталар, қауымдастықтар құрылды. Жүк тасымалы саласында да ұқсас ұйымдар бар. Бұрынғы Көлік министрі Нығметжан Есенғариннің "Қазақстанның Ұлттық экспедиторлар қауымдастығы", оған 75 компания кіреді. KAZLOGISTICS Қазақстан көлік қызметкерлері одағы – 54 мүшесі бар. Одақтың төралқа төрағасы – "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев.   

Енді мемлекет бұл ұйымдарға бірқатар салмақты өкілеттіктер мен құзырлар беруге ниетті. Атап айтқанда, жүк тасымалы саласындағы белгіленген талаптарды сақтау бойынша нарық субъектілерінің қызметіне бақылау жүргізу механизмі берілмек. Бұл үшін олар ішкі стандарттар мен ережелерді қабылдауы шарт.

ИИДМ сендіруінше, осы арқылы уәкілетті орган қызметкерлерінің еңбек ресурсы үнемделеді, оларға түсетін жүктеме төмендейді, сондай-ақ бюджеттік шығыстар азаяды. Тек бұл қадам жекеменшік монополист-алпауыттардың пайда болуына соқтырмаса болғаны.  

Министрліктің мәліметінше, мемлекеттің күш-жігері саланы кешенді дамытудың стратегиялық аспектілеріне және өзін-өзі реттейтін ұйымның қызметін жалпы бақылауға шоғырландырылатын болады. Сондай-ақ бұл кәсіпкерлік қызметін реттеуге мемлекеттің қатысуын барынша азайтуға бағытталған.

Әйтпесе, саланы бақылауға меморганның мүмкіндігі шектеулі көрінеді.

"Жақсы жұмыс істейтін теміржол жүк тасымалы жүйесі – кез келген табысты экономиканың маңызды элементтерінің бірі болып табылады. Жүк тасымалын жедел реттеу және тасымалдаушылардың қызметін бақылау жөніндегі мемфункцияларды тиімді орындауға мүмкіндік бермейтін кедергі көп. Мысалы, меморганда білікті жұмыскерлер және жалпы алғанда, кадрлар жетіспейді. Бақылаушы органдар тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы кесірінен салада көптеген функциялар толық орындалмайды", – деп мәлім етті ИИДМ.

Оның ұстанымынша, қолданыстағы реттеу тетіктері проблемаларды шешуге қабілетті бола бермейді. Мысалы, теміржолмен жүк тасымалдаудың қауіпсіздігін және сапасын – лицензиялау, қауіпсіздік сертификатын беру арқылы қамтамасыз ету қарастырылған. Қауіпсіздік сертификатын ИИДМ Көлік комитеті береді. Алайда ол тасымалдаушы ұсынған құжаттарды қашықтан зерделеумен шектеледі екен. Яғни, компанияны кабинеттен шықпай тексереді. Бұл ретте зерделеуге бюджет есебінен сырттан білікті маман тарту көзделмеген. Салдарынан, бұл процесс формальды, атүсті жүруі мүмкін.  

Оның үстіне кейін бір шикілік шықса, онда қауіпсіздік сертификатын беру бойынша функционалдық міндеттерді орындаған шенеунік қылмыстық қудаланбақ түгіл, оған тіпті жұмыстарының сапасына матриалдық жауапкершілік жүктелмейді.

Сонымен қатар берілген қауіпсіздік лицензияларына, сертификаттарына мониторинг және талдау жүргізілмейді. Есепке алу қолмен жүргізіледі, автоматтандырылмаған және ол нарықтағы компаниялардың қызметі туралы ақпаратты қамтымайды.

Басқаша айтқанда, мемлекеттің бақылау қызметін былық жайлаған және жылдар бойы одан арыла алмады. Сондықтан билік бұл фунцияларды өз мойнынан алып, кәсіпкерлердің өзін-өзі реттеуіне артпақ. Мемлекет тек жоғарыдан қадағалап, жазалап қана отырады.

Көлік комитеті осы мақсатта жеке, арнайы ұйым құрылуы да мүмкін екенін жеткізді. Өзін-өзі реттеу ұйымы біріншіден, өзіне мүше тасымалдаушылардың жауапкершілігін сақтауын, қызмет сапасын тиісті деңгейде ұстауын бақылауға міндеттеледі. Екіншіден, мүшелерінің жыл сайын жаңа локомотивтер мен вагондардың белгіленген санын сатып алуын қадағалауға тиіс. Үшіншіден, заңсыз тасымалдаулар үлесін анықтауы шарт.  

Өз кезегінде тасымалдаушылар аталған ұйымдарға мүше болуға және жарна төлеуге міндеттеледі.

Қазіргі кезде Көлік комитеті нарықтағы әрбір тасымалдаушыны өзі тексеріп, бақылауға міндеттелген. Егер жаңа тетік енгізілсе, онда ол тек өзін-өзі реттеу ұйымын ғана тексеріп, бақылайды.

Бақылау мемфункциялары өзін-өзі реттеу ұйымдарына 2022 жылдың соңына дейін беріледі деп жоспарланған. Болашақта бұл тәжірибе өзін ақтаса, теміржолмен жолаушылар тасымалына да таралуы ықтимал.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу