Тендер емес, бюрократия "тозағы"

11419

Сатып алуларда кәсіпкерлерді қалай алдайтыны анықталды. 

Тендер емес, бюрократия "тозағы"

Коронавирус елге баса-көктей еніп, төтенше жағдай жарияланғанда мемлекеттік сатып алулар жаппай арнаулы тәртіпке (спецпорядок) көшірілген болатын. Оған сәйкес, меморган не квазисектор ұйымы конкурс жарияламайды, оның орнына порталда тіркелген компаниялардан бағалары көрсетілген ұсыныс сұратады. Бұған қатысу мүмкіндігі тек отандық тауар өндірушілерге ғана берілген. Егер олардың арасында бағасы мен өнім сапасы қатар қызықтыратын ұсыныс болмаса, онда министрлік, әкімдік немесе ұлттық компания тауарды шетелдік жеткізушіден сатып ала алады. Бұдан не шықты?

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, арнайы тәртіп аясында дағарысқа қарсы шаралар қабылданды, сондай-ақ Жұмыспен қамту жол картасы бойынша жұмыстар сатып алынды, бұған бюджеттен 1 триллиондай, яғни 955 миллиард теңге жұмсалған. Сонымен қатар 117 миллиард теңгеге COVID-19 індетімен күрес үшін шұғыл сатып алулар жүргіліпті. Атап айтқанда, өкпені жасанды желдету аппараттары, жедел жәрдем көліктері алынған, ауруханалар жөнделген, медициналық персоналдың жатын орнын сайлау және тамақтандыру ақысы төленіпті. Одан отандық бизнеске қандай пайда келді?

"Бүгінде арнайы тәртіп арқылы отандық тауар өндірушілерден 62 миллиард теңгеден астам сомаға тауарлар сатып алынды. Өз тиімділігін көрсеткендіктен, арнайы тәртіптің әрекет ету мерзімі 2020 жылғы 1 қазанға дейін ұзартылды", – деді қаржы министрі.

Жалпы, сарапшылардың айтуынша, арнайы тәртіп шенеуніктерге тауар мен қызметті өзі қалаған көзден сатып алуына жол ашты. Ал кәсіпкерлердің қиналысы ары қарай жалғасуда.

"Transparency Kazakhstan, "Талап" орталығы және "Атамекен" палатасы жүргізген зерттеулер көрсеткендей, барлық өңірде тұрғындар мен бизнес өкілдері түрлі мәселеде сыбайлас жемқорлыққа тап болып жатыр. Жалпы жағдай мәз емес. Кез келген кәсіпкер жемқорлық дегеннің не екенін жақсы біледі. Олар салық заңнамасы бойынша бірқатар түйткілді мәселе көтеруде. Сатып алулардың, меморгандардың жер, сәулет және әкімшілік рәсімдеріне шағымданады. Ұлттық палата сыбайлас жемқорлыққа қарсы органмен осы бағытта тығыз қарым-қатынас орнатқан, үлкен жұмыс атқарылып жатыр", – дейді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов.

Шенеуніктердің көбі бағасы ұтымды тауарды іздеуге тырыспайтыны байқалады. Мысалы, 2019 жылдың желтоқсанынан бері бизнес-омбудсмен "Атамекенмен" бірлесіп, "Тендерлердің бірыңғай терезесі" арқылы сатып алуларды қадағалапты. Соның арқасында меморгандардың бюджетін 6,1 миллиард теңгеге үнемдеп берген. Басқаша айтқанда, бизнес қауымдастық бақылауға алмағанда шенділер қымбат тауар мен қызметті осынша қымбатқа ала салуға құлшынды. Биылғы маусымда айға шаққандағы бұл көрсеткіш 2 есе өсіп, 2 миллиард теңгеге жетті.

Өз кезегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 510-ға жуық инвест-жобаны қадағалауға алды.

"Коронавирус індеті әлемді өзгертті, көптеген процесс онлайн форматқа көшті. Кәсіпкерлерге де жаңа өмір шындығына бейімделуге тура келуде. 6 жыл бұрын "Мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай терезесі" жобасын қолға алдық. Ол біріншіден, 5 негізгі тендерлік алаңды – goszakup мемсатып алулар веб-порталын, сондай-ақ "Самұрық-Қазына" қорының, "Бәйтерек" және "ҚазАгро" холдингтерінің, "NadLoc" АҚ порталдарын біріктірді. Екіншіден, ол бизнеске нарықтың сұранысы мен сыйымдылығын айқындауға мүмкіндік береді. Портал негізінде облыс, қала, аудандар деңгейіндегі сатып алуларға мониторинг жүргізілуде. Бақылау қорытындысында барынша көп сома – 2,2 млрд теңге Шымкент қаласында үнемделді. Алматы облысында үнемдеу 812 млн теңгені құрады. Үштікке 412 млн теңге сомасымен ШҚО кірді. Бұлар – қымбат бағаға сатып ала жаздаған антилидерлер", – дейді бизнес-омбудсмен.

Ең аз бұзушылықтар СҚО-да – 45 миллион теңге және Павлодар облысында – 37 миллион теңге.

Өңірлерді бағалауда мемсатып алулар қағидаттарының қаншалықты сақталғанын анықтауға мүмкіндік беретін қосымша талаптар енгізілмек. Мәселен, тендер кезінде үміткер жеткізушілердің барлығына тең мүмкіндіктің ұсынылғаны, әлеуетті жеткізушілердің өзара адал бәсекеге түсуі, мемсатып алу процесінің ашықтығы тексеріледі.

Белгілі кәсіпкер Евгения Соколова тендер кезінде бизнес нысандарының қандай сергелдеңді бастан кешетінін айтып берді. Сатып алулар, соның ішінде жер қойнауын пайдаланушылардың тендерлері де қатпаған талапқа толы. Бұл салада бизнесті өркендету қиындап барады дейді ол.

"Мысалы, сайтта жеткізушілерді аттестаттау рәсімі бар. Оған сәйкес, әр компанияның құжаттары тексеріледі. Содан кейін конкурсқа қатысар кезде компания құрылтайшылық және басқа құжаттарының топтамасын тағы ұсынуы керек. Осыған бір жұмыс аптасы кетеді. Егер тендерде жеңсең, енді салыстыру үшін барлық құрылтайшылық құжаттардың түпнұсқасын әкелуің керек. Осының бәрінде кәсіпкерге нотариус қызметіне, әртүрлі көлік және курьерлік тасымал қызметіне және басқасына шығын шығаруына тура келеді. Ол топтамаға асығыста қандай да бір құжат кірмей қалса, ереженің 115-116 тармақтарына сәйкес, қосымша енгізуге тыйым салынады. Басқа да сергелдеңі жетерлік. Оның бәрі ақыры келісім бекітуді кешіктіреді. Салдарынан көптеген компания "сізбен келісім бекітуден бас тартылды" деген хабар алып жатады", – дейді бизнесмен әйел.

Ол өз тәжірибесіне сүйене отырып, бір тендерге керек топтаманы рәсімдеуге кем дегенде 150–200 мың теңге кететінін жеткізді.

"Қазіргі күрделі кезеңде шағын және орта бизнестің тендерге қатысуына ешқандай жеңілдік беріліп отырған жоқ. Кәсіпкерлер болса "штатты қалай сақтап қаламын" деп жанталасуда. Тағы бір мәселе: тендерлік комиссиялар орындалатын жұмыстың маусымдық сипатын ескере бермейді. Кейде тендерлік рәсімдер 6 ай бойы жүреді. Салдарынан мәселен, құрылыс не жөндеу жұмыстары үскірік аязға тап келеді, құрылыс үшін ең қолайлы маусым қолдан сусып кетеді. Билікте тендерлердегі сәйкессіздіктерді, жөнсіздіктерді тауып, жөнге келтіретін бақылаушы орган керек сияқты. Әйтпесе, тапсырыс беруші меморган не ұлттық компания тек барлық рәсімдердің бұзушылықсыз өткізілуіне ғана басымдық береді. Ал ары қарай кәсіпкердің оны қалай орындайтынында, тым аз уақыт қалғанында шаруасы жоқ. Бұл жалғыз біздің компания ғана емес, қаптаған басқа да мердігерлер кезігіп отырған мәселелер. Тек олар ашық айтудан қымсынады", – дейді Е.Соколова.

Бюрократиядан мемлекеттің өзі де зардап шегеді. Мысалы, Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қолданыстағы мемлекеттік қорғаныс тапсырысының регламенті "Казспецэкспорт" мемлекеттік кәсіпорнына контрактілердегі міндеттемені орындау үшін аз уақыт қалдырады екен. Қазақстан қару-жарақты және әскери техниканы негізінен шетелден сатып алатыны мәлім. Бұл мысалы, Батыстың алпауыт қару өндірушілерінің нарығы шағын, бірақ талабы күрделі Қазақстанның тендерлеріне қатысуға құлықсыз болуына соқтырған. Нәтижесінде, "Казспецэкспорт" 2017 жылы жеткізушілермен арадағы контрактілерінің 30,1%-ын бұзған, ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 40%-ға жетті.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу