Теңге "Жаңа жылды" қандай бағаммен қарсы алмақ?

13196

Ұлттық валюта жан-жақтан қысым көруде.

Теңге "Жаңа жылды" қандай бағаммен қарсы алмақ?

Қазіргі кезде Қазақстанның ұлттық валютасына көптеген фактор теріс ықпал етіп жатыр. Сарапшылар байламынша, олардың көбі жыл соңына дейін, тіпті, келер жылдың басында шешілмейді. Мысалы, Қазақстанның экономикасы құлдырауда. Экспорт күрт кеміді. Мұнай бағасы тым арзан. Мемлекетіміздің сауда балансы нашар.

Алайда ең ауыр фактор – пандемияның қайтадан өршуі болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пандемиясының төтенше жағдайдан да асып түскенін жариялады. Жаһандық ұйымның бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус "қазіргі дағдарыс – соңғысы еместігін" мәлімдеді.

АХҚО биржасында тіркелген UNIVER Capital LLC инвесткомпаниясының департамент директоры Артем Тузовтың пікірінше, пандемияның ұзауы дамушы елдердің ұлттық валютасына зиян.

"Бұл дегеніміз – жаһандық экономикалық дағдарыс күшейеді, көптеген кәсіпорындар жұмысын тоқтатады, экономикалық және кәсіпкерлік белсенділік төмендейді деген сөз. Демек, шикізатқа, әсіресе, мұнай мен газға деген сұраныс азаяды. Бұл – Қазақстан мен Ресейдің басты экспорттық тауары, олай болса, экспорт және жаһандық нарықтан валюталық түсімдер азаяды. Тиісінше, ішкі валюта нарығында валюта ұсынысы күрт кемиді, яғни доллар сатушылардан оны алушылар басым болады. Бұл девальвацияға соқтыруы мүмкін", – дейді сарапшы.

Мұнайлы елдер қазір шикізатын фьючерспен болашаққа сатуда. Яғни нарық бірнеше айға оза, арзан "қара алтынға" қанығып болды. Артем Тузов жаһандық зерттеу ұйымдарының болжамына сүйене отырып, "алдағы екі жылда шикізатқа деген әлемдік сұраныс қалпына келмейтінін, ендеше оның бағасы ары қарай төмен болып қала беретінін" айтады. Бұл да теңгеге қысым жасайды.

Ұлттық банк теңгені үлкен девальвациядан сақтап қалуға тырысуда. Бірақ істері ебедейсіз. Шамалы интервенциямен шектелген. ҰБ төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың дерегінше, сыртқы нарықтардың әсерімен теңге қазан айында қалпымен құбылумен болды. Әйткенмен ай соңында ол мүлдем құнсызданып кете жаздапты.

"Қазанның соңғы күндерінде мұнай бағасының күрт төмендеуі аясында теңгеге айтарлықтай қысым болды. Айдың соңғы аптасында мұнайдың бір баррелінің құны 10,3%-ға қарқынды түрде төмендеді. Бұл – 2020 жылғы сәуірден бергі ең нашар көрсеткіш. Осы кезеңде валюта нарығында валюта ұсынысы күрт азайды. Осыған байланысты Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізді. Оның көлемі 91,3 миллион долларды құрады", – дейді Ә.Молдабекова.

2015 жылғы 20 тамызда ұлттық валюта 188,38 теңгеден 255,26 теңгеге дейін құлдырағанда, Қазақстанның төлем балансының нашарлауы – сол үлкен девальвацияның бір себебі ретінде жарияланған. Содан бері сарапшылар осы көрсеткіштің ахуалын да бақылайды.

Ұлттық банктің Төлем балансы департаментінің директоры Азат Өскенбаевтың айтуынша, ол көрсеткіш нашарлады.

"2020 жылғы 3-тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстанның төлем балансының ағымдағы шотының тапшылығы -5,5 миллиард долларды құрады. Нәтижесінде биылғы 9 айдағы ағымдағы шот теріс аймаққа ауысты. Осының алдында – 2020 жылдың І жартысында ағымдағы шот оң болды: 1,7 миллиард доллар профицит қалыптасқан еді", – деді ол.

ҰБ департамент директоры төлем балансы ары қарай нашарлауы мүмкін екенін жасырмады.

"3-тоқсандағы статистика, пандемияның екінші толқыны, Еуропада жаңа карантин шараларының енгізілуі және әлемдік экономиканың қалпына келуіне қатысты белгісіздік – ахуалдың одан әрі нашарлайтынын көрсетеді. Ұлттық банктің болжамдары "қараша-желтоқсан" болжамдық кезеңі шеңберінде жаңартылатын болады", – деді Азат Өскенбаев.

Бүгін шетелдік валютаға шаққанда ұлттық валюта шамалы нығайды. ҰБ Ақша-кредит операциялары және алтын валюта активтері басқармасының бастығы Мұхтар Орманның айтуынша, теңге биржада 10 қарашада 1 доллар үшін 428,70–429,20 аралығында саудалануда. Банктерде және айырбастау бекеттерінде АҚШ ақшасы 430–431 теңгеден сатылуда. Бір қызығы, бұған Байденнің сайлауда жеңуі ықпал етті: оның алға озуы жаһандық нарыққа оптимизм сыйлап, акциялардың көтерілуіне серпін берді. Трамп жеңгенде бәрі басқаша болатын еді.

"Теңгенің нығаюы әлемдік қаржы нарықтарындағы қолайлы сыртқы конъюнктура аясында орын алып отыр. Бұдан бөлек, Pfizer және BioNTech фармкомпанияларының коронавирусқа қарсы вакцинаны әзірлеуде жетістікке жеткені туралы жаңалық әлемдік қор нарықтарындағы тәуекел-сентиментке қолдау көрсетті. Бұл вакцина 90%-дық тиімділікті көрсетті, ол COVID-19-бен күрестің ұзақ мерзімді келешегіне қатысты оптимизм үшін негіз болды. Бұл жаңалық нарықтарды жасыл аймаққа айналдырды. Дүйсенбіде Brent маркалы мұнай бағасы сұраныс ұлғаюына қатысты оптимизм аясында бір баррель үшін $42,4 дейін рекордтық 7,5%-ға өсті", – дейді М.Орман.

Алайда бұл оптимизм де ұзаққа созылмады. Сейсенбі күні Азия сессиясында мұнай бағасы құлдырай бастады. Бұған АҚШ пен Еуропадағы КВИ-мен ауырғандар санының өсуі және Pfizer вакцинасының ауырғандардың бәріне бірдей жетпейтіні, биыл кең өндіріске жіберілмейтіні себеп болыпты.

Мұхтар Орман жаһандық ахуал Дж.Байденнің әкімшілігі қаншалықты болжамды сыртқы саясат жүргізетініне, Қытаймен қарым-қатынаста нендей шешім қабылдайтынына байланысты болатынын ескертті.

"Теңгенің айырбастау бағамы сыртқы іргелі факторлардың серпініне сәйкес қалыптасады. Олардың арасындағы негізгісі – мұнай бағасы және әлемдік нарықтардағы "ралли" аталатын факторлар", – деді Ұлттық банк өкілі.

Отандық қаржыгерлердің пікірінше, билік Парламент сайлауы өткенше, яғни 2021 жылғы 10 қаңтарға дейін теңгенің үлкен девальвациясына жол бермеуі мүмкін. Бірақ қамданған қапы қалмайды деп, халық бәрібір доллар мен еуро сатып алуда.

Оның үстіне кезінде доллар бағамының 30-дан 60 рубльге дейін қымбаттайтынын тап басып айтқан ресейлік белгілі қаржылық сарапшы Степан Демураның байламынша, келесі жылы доллар бағамы 100 рубльге дейін құлауы мүмкін.

"Рубль алдындағы "мақсаттар" өзгерген жоқ. Алдымен ол 97 рубльге дейін құлайды, ары қарай 120 рубль бағамы тұр. Содан кейін 250 межесі бар. Біз сонда боламыз! Жалғыз ғана мәселе: қашан? 2020 жыл соңына дейін 97 рубль белгісіне жетеміз деп ойламаймын. Ал келесі жылы бұл цифр өмір шындығына айналуы мүмкін", – дейді С.Демура.   

Ондай жағдай бола қалса, екі ел валютасының паритетін ескерсек, 1 доллар 549–550 теңгеге дейін шарықтауы ғажап емес.  

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу