Атырау аймағындағы Теңіз кенішіндегі коронавирустық инфекция жұқтырғандар санының көбеюі өндіріс ошағындағы жұмысты әрі қарай жалғастыру немесе тоқтату мәселесін күн тәртібіне шығарған болатын. Аталған облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Темірбек Мұсағалиевтың "бір вахталық жұмысқа шамамен бір-екі мың адам шығады, біздің скриниг жасағанымыздың арқасында "вахталар" таза шығып жатыр", деп мәлімдегеніне қарамастан, дерт азаюдың орнына көбейе түскен.
Бүгін қалыптасқан ахуал жөнінде Атырау коммуникациялық қызметінде өткен баспасөз мәслихатында "Теңізшевройл" компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиев баяндап берді. Белгілі болғандай, төтенше жағдай жарияланып, карантин басталғалы Теңіз кен орнынан өндіріске тікелей қатысы жоқ 18,5 мың қызметкер шығарылған. Оларды үйлеріне жеткізу үшін қырықтан астам коммерциялық әуе рейсі, компанияға қарасты "Dash 8" ұшағымен 211 рейс және 170 автобус рейсі жасалып, он алты бірдей пойыз жөнелтілген.
Теңіздегі COVID-19 инфекциясы 5 сәуір күні сондағы Ватернас вахталық қалашығындағы әйел адамнан анықталған еді. Одан бергі уақытта көз ілеспес жылдамдықпен тараған жұқпалы індет жұқтырғандар саны қазір мұнайшылар қалашығында 787-ге жетті, емделіп шыққандар саны – 149. Бұдан басқа, науқастармен қарым-қатынаста болған 1369 адам стационарлық емдеуде жатыр.
Дерт неге ауыздықталмай, жедел тарап кетті? ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов оны "Жұмысшылар жатақханалар мен асханаларда бір дәлізбен жүреді, бір-бірінен оқшаулана алмайды және жұмыс кезінде де, демалыс уақытында да тығыз араласады, мұндай кезде инфекцияның таралуын тоқтату қиын" деп түсіндірген болатын. "Теңізшевройл" компаниясының өкілі Теңіздегі жұмысшылардың 90 пайызында ауру симптомсыз болып, жаппай сынақтар жүргізу барысында вирус белгілері жоқ адамдарда да ауру анықталғанын алға тартып отыр. Бұған дейінгі әлеуметтік желілерде таралып, нақты дәлелденбеген "сап-сау азаматтарды жатқызып тастапты", "қолдан әдейі көбейтіп отыр екен" дегендей алыпқашпа әңгімелердің шығуына да дерттің осындай ерекшелігі себеп болған.
"Бүгінгі күні Теңіз кен орнында ПТР талдауларының саны сегіз мыңнан асты, орташа есеппен күн сайын төрт жүзге жуық талдау жасалады. Бұл Қазақстандағы жан басына шаққандағы тестілеу көрсеткішінен бірнеше есе жоғары", – дейді Рзабек Артығалиев.
Инфекцияның әрі қарай таралуын болдырмау, алдын алу мақсатында қазірде Теңізде оқшаулау, ара қашықтықты сақтау, бетперде кию және жеке гигиеналық шаралар қатаң сақталмақ. Қауіпсіздік шаралары барлық қызметкер үшін міндетті және бұл талапты орындамаған адамдарға келісімшартты бұзып, жұмыстан шығаруға дейінгі шаралар қолданылады.
Ал кен орнындағы өндірістік жұмыстар жалғасуда. Статистикаға сүйенсек, биылғы бірінші тоқсанда ТШО 7 млн 680 мың тонна шикі мұнай өндірген, бұл – өткен жылғыдан артық көрсеткіш. Келешек кеңею жобасы мен ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасы (ПБР-ПУУД) 77 пайызға орындалған. "Теңізшевройл" компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиевтың айтуынша, өндірістік жұмыстар кестеге сай жүзеге асуда.
Құралай Қуатова