Терезеден сығалаған квадрокоптер тұрғындарды кіжінтті

4160

Дрондарға 50 метр биікке дейін рұқсатсыз самғауға рұқсат. 

Терезеден сығалаған квадрокоптер тұрғындарды кіжінтті

Қазақстанда пилотсыз ұшатын аппараттарға (ПҰА) қатысты арнайы заң қабылданған, яғни оларды пайдалану ісі қатаң реттеледі. Қазіргі кезде оларды әсіресе, қыз ұзату, үйлену, басқа тойларға қызмет ететін фотографтар, сондай-ақ көркем және деректі фильмдер түсіруші топтар көп қолданады. "Қазпоштаның" аудандық бөлімшелерінің қолында да осы техниканың бірнеше түрі бар.

Бірақ квадрокоптерлерді, мультикоптерлерді көршісінің терезесінен қарау, еңселі коттедждердің үлкен дуалының ар жағындағы көріністі тамашалау үшін пайдаланатын бұзықтар жетерлік.

Сондайлардың тентек тірлігінен зардап шеккендердің бірі Жандос Бұқатаев Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы елді мекенде, жеке секторда тұрады. Ол өзі ғана емес, көршілері де беймаза масадай ызыңдаған осы заманауи ұшқыш құрылғыдан әбден зәрезап болғандарын айтады.

"Квадрокоптердің ұдайы ұшуы қолайсыздық тудыруда. Оның иесі біздің үйлердің жанында және одан шамамен 3 метр биіктікте бірнеше рет ұшып жүреді. Кейде туу биікке, шамамен 150–200 метрге дейін шығандап кетеді. Мұндай ұшуларын тоқтатуды талап етіп, бірнеше рет ескерттік. Дронның қожайыны бұған былқ етер емес. Сөз өтпейді. Оның үстіне тиісті құжаттары және ұшуға рұқсаты жоқ көрінеді", – дейді Жандос.

Оның айтуынша, бұл ауданы "Нұр-Сұлтан–Қарағанды" трассасының бойында орналасқан. Тиісінше, аудан үстінен үнемі үлкен ұшақтар әрлі-берлі ұшып өтеді, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан бірі ұшып шықса, артынша келесісі соған қонуға бет қояды.    

"Менің жорамалдауымша, дронның иесі әуе кеңістігі ережелерін бұзады, сонымен қатар пилотсыз ұшатын аппаратты жеке мақсаттарына пайдаланады. Әрі шпион болып жүрмесін! Негізі, заңнамаға өзгеріс енгізіп, мұндай бұзушылықтар үшін жазаны қатайту керек. Егер сырт көзден дуалмен қоршалған сіздің жеке өміріңізге бөгде біреу үнемі қол сұқса, тұрақты бақыласа, бұл ешкімге де ұнамас деп ойлаймын", – дейді елорда тұрғыны.

Құзырлы органдар мұндай жағдайда қазақстандықтарға арыз жазып, жергілікті полиция бөліміне жүгінуге кеңес береді. 

"Ел Үкіметінің 2011 жылғы 12 мамырдағы №506 қаулысымен бекітілген Қазақстанның әуе кеңістігін пайдалану қағидасына сәйкес, ПҰА-ның ұшуына рұқсатты оның иесі Қорғаныс министрлігінің Әуе қозғалысын басқару орталықтарынан алады. Сонымен бірге, бұл аппараттардың ұшуы Ұлттық қауіпсіздік комитетімен және Мемлекеттік күзет қызметімен келісілуі керек. Бұған қоса, дрондардың иелері оны пайдаланбас бұрын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымға, яғни бізге оны есепке қою туралы өтінішпен жүгінуге тиісті", – дейді Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Ардақ Өтепов.

Ол ел Үкіметінің жаңа қаулысы бойынша былтырғы 1 тамыздан бастап, Азаматтық авиация комитеті әуе көліктерін және пилотсыз ұшатын аппараттарды мемлекеттік тіркеу фукнцияларын "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ-ына тапсырғанын жеткізді. Сондықтан дрон иесіне немесе сондай құрылғыларға қатысты сұрағы бар азаматтарға осы мекемеге жүгінуіне болады. "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" Нұр-Сұлтан қаласында, "Мәңгілік ел даңғылы, 55/15" мекенжайында орналасқан (телефоны 8 7172 64-58-11, e-mail: ao_aak@bk.ru).

Ал кәсіпкер Шыңғыс Садықов өз кәсібі мақсатында, атап айтқанда геодезиялық аэрофототүсірілім үшін ПҰА-ларды жұмысқа жеккісі келеді. Ол Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жазған хатында осы жұмыстарға дрондарды пайдалану үшін қандай рұқсат қағаздарын алу керектігін сұрады.

Жалпы, әуеден түсірілімдер жүргізу жұмысына рұқсат беру мәселесі 2 бірдей құжатпен – Үкіметтің 2003 жылғы 4 маусымдағы "Аэротүсірілім жұмыстарын жүргізуге рұқсаттарды тіркеу, есепке алу және беру қағидаларын бекіту туралы" №530 қаулысымен, сондай-ақ Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы болған Марат Құсайынов 2015 жылғы 27 наурызда қол қойып кеткен "Жер қатынастары, геодезия және картография саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің стандарттарын бекіту туралы" бұйрықпен реттеледі.

Мұны неге егжей-тегжейлі айтып отырмыз? Шенеуніктердің заманауи тұрғыда ой ойлай алмайтынының көрінісі болса керек, 5-ақ жыл бұрын қабылданған бұл бұйрық ендігі ескіріп қалыпты.

"Осы екі нормативтік құқықтық актіде де ПҰА-ларды аэротүсірілім жұмыстарында пайдалану тәртібі қарастырылмаған. Оларда тіпті пилотсыз ұшатын аппарат ұғымы да жоқ. Сол себепті әуеден түсірілім жүргізу кезінде ПҰА қолдануға рұқсат алу талап етілмейді. Әйткенмен, қазіргі кезде Үкіметтің 2003 жылғы 4 маусымдағы қаулысына түзету енгізетін жаңа қаулы жобасы әзірленіп, өзге министрліктерге келісім алуға жолданғанын хабарлай кеткім келеді. Үкіметтің осы жаңа қаулысында аэротүсірілім жұмыстарында дрон-квадрокоптерлерді және басқасын пайдалану мәселесі ескерілген", – деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дарын Тұяқов.

Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ресми блогында ПҰА иесі құрылғының ұшу жоспарын көрсетіп, құзырлы органға жолдауға міндетті екенін жазды. Алайда олай жасамауға да болады екен.

"Егер жоспарланып отырған ұшудың биіктігі жер бетінен 50 метрден аспаса, ал ұшу бағыты, траекториясы аэродром дуалына 5,5 шақырымнан азға жақындап келмейтін болса, онда пилотсыз ұшатын аппараттың ұшу жоспарын Әуе қозғалысын басқару орталығына бағыттамауға болады", – деді министр.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу