Тихановская шетелге қашса да, Беларусьте шерулер тоқтамай отыр

6345

Полицияның жойқын күшіне қарамастан, жүздеген адам сейсенбінің кешінде Минск пен өзге қалаларда қарсылық акцияларын қайта жалғастырды.

Тихановская шетелге қашса да, Беларусьте шерулер тоқтамай отыр

Беларусь оппозициясының лидері Светалана Тихановская балалары үшін сейсенбі күні шетелге қашқанын мәлімдеді. Мұндай шешім жексенбі күні президенттік сайлауда Александр Лукашенко жеңіске жеткенін жариялап, билікке қарсы акциялар қантөгіске ұласқаннан кейін қабылданды.

Көрші Литваға бас сауғалаған 37 жастағы Тихановская - бұрынғы ағылшын тілі мұғалімі. Ол мамырда түрмеге жабылған күйеуінің орнын басып, мемлекет басшылығына кандидат болып, сайлауға түсті. Видеоүндеуінде Лукашенконың басты қарсыласы отандастарын полицияға қарсылық көрсетуді тоқтатып, өз өмірлерін қауіпке тікпеуге шақырды.

Бірақ  Минск пен өзге қалаларда көтеріліс үшінші түнге ұласып, тәртіп сақшылары көшеге шыққан мыңдаған адамды тарату үшін резина оқ атып, құлақты шуылдататын граната атты. Демонстранттарға сенсек, 1994 жылдан бері билікте отырған Лукашенко сайлау нәтижелерін осы жолы да өз мүддесіне бұрмалады. Алайда билік мұны жоққа шығарып отыр.

9 тамыздың  азаматтардың 80 пайыздайы Лукашенкоға, 10 пайызы Тихановская дауыс берген. Оппозиция мұндай нәтижемен келісер емес.

Куәгерлердің айтуынша, сәрсенбіге қараған түні де қауіпсіздік күштері ондаған адамды тұтқындап, көшеге шыққан шерушілерді соққыға жықты. Сонымен қатар, кейбір полицейлер адамдарды көліктерінен тартып шығарып, қол жұмсаған және де екі фотограф шабуылға ұшырап, камералары зақымданған.

Соған қарамастан, Минскте машиналар оппозиция жақтастарына қолдау білдіріп, сигнал беріп, жаяу жүргіншілер марш өткізіп, билікке қарсы "кет" деген ұрандар көтерді.

Бұның алдында Еуропа одағы Лукашенко үкіметін "бейпропорционалдық және қабылдануы мүмкін емес зорлық-зомбылық" үшін айыптап, Минскпен арадағы қатынастарын қайта қарайтынын ескертті.

Үкіметке қарсы сыни постарымен танылған блогер күйеуі Сергей түрмеге түскеннен кейін, Тихановская балаларын Литваға жеткізіп, олармен сейсенбі күні қауышты. Осыған дейін оппозиционерге белгісіз біреулер анонимді түрде қауіп төндіріп ескерту жасаған.

"Білесіздер ме, бұл науқан бойыма күш-қуат беріп, кез-келген қиындықты жеңетіндей рухтандырған еді. Бірақ мен ең алдымен әлсіз әйел шығармын. Маған ауыр шешім қабылдауға тура келді. Саяси тәртіпсіздік өмірді қиюға тұрмайды. Ал, балалар – өмірдің негізгі мәні", – дейді Тихановская.

Тихановская оппозициялық топтарды біріктіріп қана қоймай, өзінің сайлауалды науканына сан мың адам тартып, елде 1991 жылы Кеңес одағы құлағаннан бергі ең үлкен анти-үкіметтік шеру ұйымдастыра білді.

Гүлдер

Сейсенбі күні күндіз Минск көшелерінде біршама тыныштық орнады. Бірақ әлеуметтік желіде көтеріліске шақырған үндеулер жиілегендіктен, бірнеше зауыттың айналасына полиция жасақтары қойылды.

Кейбір тұрғындар болса, дүйсенбінің кешіндегі қақтығыстар кезінде Минсктің орталығында демонстрант мерт болған жерге гүл шоқтарын қойды. 

Лукашенко шерушілерді криминалдық элементтер мен қауіпті революционерлерге теңеп, оларға сырттағы күштер дем беріп отырғанын жеткізсе, мемлекеттік медиа қолы артына қайырылған жас жігітті жиі көрсетіп, оны "ресейлік арандатушы" деп атады.

Бүгінде Мәскеу мен Беларусь қатынастары шиеленісіп тұр. Соған қарамастан, президент Владимир Путин көрші мемлекет басшысына құттықтау тегераммасын жіберіп, жақын байланысты қабыл алуға шақырды. Дегенмен, Лукашенко көптен бері Ресейді  9,5 млн тұрғыны бар Беларусьті тәуелсіздіктен айырып, өз қарамағына алғысы келеді деп айыптап келеді. Кремль мұны да мойындаған емес.

Қысым әлде келісім?

Литва сыртқы істер министрі Линас Линкевичюстің сөзінше, Тихановская "мүмкін емес жағдайға" тап болған.

"Ол қандайда бір қысымға ұшырап, елінен кетуден басқа амал таппады", – дейді Балтық жағалауындағы республиканың бас дипломаты.

Беларусь үкіметіне жүгінсек, оппозициялық кандидатты ешкім зорлықпен кетірген жоқ. Алайда Тихановская Литваға қашпас бұрын, Орталық сайлау комиссиясының ғимаратына ұқсас жерде түсірілген өзге бір видеоға қарағанда, билік өкілдерінің оппозиционерді көрші мемлекетке қумадық деген сөзіне қатысты сұрақ туындап отыр.

Бұл бейнекадрда Тихановская айтар сөзін ресми тілмен жазылған мәтіннен оқып, бұрынғы позициясынан бас тартатынын хабарлап, жақтастарын сайлаудың қорытындысын қабылдауға және қантөгіске жол бермеу үшін шеруді тоқтатуға шақырады.

Жаңа видео қысыммен бе, әлде Литваға кетуге жол ашатын келісім бойынша түсірілді ме? Бұл сауалға әзірге жауап жоқ.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Беларусьте президенттік сайлаудың әділ өтпегенін мәлімдеп, ресми Минскті "жалғасып жатқан зорлық-зомбылықты және оппозиция жақтастарын ұстауды тоқтатуға" шақырды. Еуропа одағы болса, Беларусьпен байланыстарын қайта қарауға кіріскенін ескерткенімен, бұл мемлекетке қарсы қайта санкция жариялайтыны немесе жарияламайтыны жөнінде әзірге түсініктеме берген жоқ.

2004 жылы Батыста "Еуропаның соңғы диктаторы" атанып, санкцияға алынған Лукашенко "саяси тұтқындарды түрмеден шығарып, шерулерге рұқсат бергеннен кейін" 2016 жылы Брюссельдің шектеулерінен босатылған еді.

Беларусь Ішкі істер министрлігінің дерегінше, сейсенбі күні ел аумағында рұқсат етілмеген шерулерге қатысқаны үшін 3 мыңнан астам адам тұтқындалып, қақтығыстар кезінде 200-дей адам жараланып, госпитальге түсті. Зардап шеккендердің ішінде  құқық қорғау органдарының қызметкерлері де бар.

Бірқатар бақылаушылардың ойынша, Беларусьте коронавирус әкелген экономикалық шығын мен Лукашенконың пандемияны жеңіл-желпі "психоз" деп қабылдауы көптің наразылығын күшейтіп, талай адамды оппозиция қатарына өтуге мәжбүрледі.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу