Құрылтай аясында белгілі болғандай, Қазақстанның үш қаласына "Еңбек даңқының қаласы – Город трудовой славы" деген мәртебе берілмек.
"ТМД елдерінің бірқатар қаласына, соның ішінде Астана, Алматы, Қарағанды қалаларына "1941-1945 жылдардағы Еңбек даңқының қаласы" құрметті атағын беру туралы шешім келісілді", – деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.
Үш қаламызға жаңа титул Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында салтанатты түрде тапсырылмақ. Ары қарай ресейлік және өзге басылымдар бұл қалаларды атағанда осы атағын қоса айта алады.
Бұл ретте Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Алматының, Астананың және Қарағандының зауыт-кәсіпорындары тоқтаусыз жұмыс істеп, әскери және азаматтық өнімдерді мол шығарғаны, жоспарды бірнеше есе асыра орындағаны атап өтілді.
Бұл қалалардың тұрғындары жаппай еңбек қаһармандығын, зор қажыр-қайрат, жеңіске құштарлық танытты. Осы себепті қалаларға "Еңбек даңқының қаласы – Город трудовой славы" мәртебесін беру туралы ұйғарым жасалған.
Қазақстандық қалаларға ТМД ұйымы берген мәртебе тек қағаз жүзінде қалмайды. Ұйымның атқару комитетінің хабарлауынша, Астананың, Алматының және Қарағандының кіреберісінде жергілікті билік осы қалалардың жаңа мәртебесі туралы ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі қабылдаған шешімнің мәтіні жазылған және тиісті гербі бейнеленген жаңа стеллалар орнатуы керек.
"Өз территориясында Еңбек даңқының қаласы орналасқан елдердің билігі және уәкілетті органдары Ұлы Отан соғысының әскери-тарихи және еңбек мұрасын қатаң сақтау бойынша шаралардың үнемі жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге міндеттеледі! Сондай-ақ, мемлекеттік билік тұрғындардың, бірінші кезекте жастардың арасында Ұлы Отан соғысындағы жеңісті дәріптейтін патриоттық тәрбие және басқа да іс-шараларды тұрақты жүргізуге міндеттеме алады", – деп хабарлады ТМД Атқару комитетінің баспасөз қызметі.
Соған қарағанда, ел Үкіметі өткір бюджет тапшылығы кезеңінде өзге қалалардың бюджетіне салмақ түсірмеу үшін тек осы үш қаланы ұсынғанға ұқсайды. Әйтпесе, Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанның әрбір қаласы мен ауылы жеңіс үшін барын салды, әрқайсысы еңбек саласында қаһармандық жасады.
Бұл жерде осы үш қалаға ғана атақ беру туралы ұсыныстың Қазақстан тарапынан болғаны айтылды. Республика тиісті тізімін ұйымның Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесіне бағыттапты.
Ол құпталғаннан кейін, тиісті тізім Алматыда өткен ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында қаралды және мақұлданды.
ТМД Атқару комитетінің баспасөз қызметі "Еңбек даңқы қаласы. 1941-1945 ж.ж." деген құрметті атақты 2024 жылғы 8 қазанда, Мәскеуде ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі тағайындағанын мәлім етті.
Сол саммитте президенттер қол қойған ережеге сәйкес, бұл мәртебе "тұрғындары Ұлы Отан соғысындағы жеңіске жетуге елеулі үлес қосқан, ал, қала аумағындағы кәсіпорындары майданды әскери және азаматтық өнімдермен үздіксіз қамтамасыз еткен қалаларға" берілетін болады.
Бұл атақты тағайындау үшін кандидат қаланың сол кездегі тұрғындарының 1941-1945 жылдары еңбек қаһармандығы мен қажымас қайрат танытқанын, соның ішінде майданға, Ресейге қанша және қандай өнімдер жолдағанын айғақтайтын құжаттар негіз болады.
Бұдан бөлек, ол қалалардағы кәсіпорындардың Кеңес одағының мемлекеттік наградалармен марапатталуы, өндіріс орындары жұмысшыларының ерен еңбек сіңіргені үшін кеңестік мемлекеттік наградаларды алуы, сондай-ақ КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитетінің көшпелі Қызыл туының тапсырылуы есепке алынады.
ТМД атқару комитеті өзінің нақты қандай қалалары бұл құрметті атаққа лайық екенін, яғни, кандидат қалалардың тізімін әр ел өз бетінше анықтайтынын түсіндірді.
Содан кейін республика тиісті өтінішті Гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңеске жолдайды. Оны кеңес құптаған соң, "Еңбек даңқы қаласы. 1941-1945 ж.ж." құрметті атағын тағайындау туралы ұсыныс ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің қарауына енгізіледі.
Ресейлік Lenta.ru жазуынша, "1941-1945 жылдардағы Еңбек даңқы қаласы құрметті атағын беру" туралы федералдық заңды 2019 жылғы 14 желтоқсанда Мемдумаға Владимир Путин енгізді. Ресейлік депутаттар заңды 2020 жылғы 20 ақпанда қабылдады. Содан бері, 2020-2025 жылдары Ресейде 38 қала "Еңбек даңқы қаласы" мәртебесіне ие болды.
2020 жылғы 29 маусымда ТМД Парламентаралық ассамблеясы Ресейде "қалаларға Еңбек даңқы қаласы құрметті атағын беру тәжірибесін" басқа елдерге де тарату бастамасын мақұлдады. Енді өмірге жолдама алды.
ТМД атқару комитеті ұйымға мүше мемлекеттердің президенттері 2025 жылғы 9 мамырда Мәскеуге жиналып, Жеңістің 80 жылдығын бірге тойлайтынын еске салды. Сондай-ақ, 2025 жыл ТМД кеңістігінде "Бейбітшілік және нацизммен күрестегі бірлік жылы" деп жарияланыпты.
Оқушылардың тамағын таңдайтын ортақ ұйым белгіленді
Атқару комитеті Алматыда апта соңында өткен кеңесте басқа да мәртебелер таратылғанын жариялады. Атап айтқанда, ТМД елдерінің ұлттық армияларының ақпараттық қауіпсіздігінің ортақ, базалық ұйымы мәртебесін ресейлік мекеме иеленді.
"Қарулы күштердің ақпараттық қауіпсіздік саласындағы білім және ғылым, ғылыми-техникалық қызметтерін жүзеге асыру бойынша базалық ұйымы статусы С.Штеменко атындағы Краснодар жоғарғы әскери училищесіне берілді. Ол бейінді оқулық, материалдық және ғылыми базаға ие. Сондай-ақ, оның халықаралық әскери ынтымақтастықта үлкен практикалық тәжірибесі бар", – деп хабарлады ұйым.
Ресей тарапы таратқан ақпаратта "бұл шешім достастыққа кіретін елдердің қарулы күштерінің ақпараттық қауіпсіздігіне жауап беретін әскери және әскери-техникалық кадрларды дайындау, кәсіби қайта даярлау және біліктілігін арттыру процесіне озық білім технологияларын, инновациялық әдістемелерді ендіруді қамтамасыз ететіні" қадап айтылған.
Сондай-ақ, ТМД-ға кіретін елдер армияларының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ғылыми негізделген рекомендацияларды да ресейлік осы жоғарғы әскери училище түзетіні нақтыланды.
Алматыдағы саммитте елді елең еткізетін тағы бір жаңалық жария болды. Бірақ оның әскерге қатысы жоқ, ол азаматтық саланы, соның ішінде жас ұрпақты қамтиды. ТМД кеңістігіндегі оқушылардың не ішіп, не жейтінін де енді ресейлік ұйым анықтайтын болды.
"Достастық аумағында оқушыларды тамақтандыру мәселелері бойынша базалық ұйым статусын РФ Салалық тамақтандыру институты иеленді. Бұл институт Ресейде және шетелде оқушыларды тамақтандыру саласындағы жетекші эксперттік ұйымдардың бірі саналады. Қазірдің өзінде ресейлік институт Арменияда, Қырғызстанда, Тәжікстанда, Тунисте, Мароккода және Иорданияда мектептегі тамақтандырудың ұлттық бағдарламаларын дамыту, мәзірін әзірлеу бойынша техникалық қызмет көрсетеді", – деп мәлімдеді ұйымның атқару комитеті.
ТМД дерегінше, базалық ұйым статусына ие болған РФ Салалық тамақтандыру институты бұдан былай достастық елдерінің, соның ішінде Қазақстанның оқушыларын тамақтандыруды ұйымдастырудың жергілікті жүйесін үйлестірмек.
Сондай-ақ, қазақстандық оқушылар үшін қандай тамақ "саламатты, қауіпсіз және сапалы" болатынын анықтауға ықпал етеді – әдістемелік және қолданбалы көмек көрсетеді, Ресейдің тәжірибесін алмасады.
Айта кету керек, ТМД-ның ресми сайтында, "Государства – участники СНГ" бөлімінде ТМД-ға 11 мемлекеттің кіретіні көрсетілген.
Соның ішінде тізімде Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Украина, Молдова бар. Алайда бұл 1991 жылғы тізім, содан бері соңғы екі ел ұйымдағы мүшелігін тоқтатты.
Мысалы, ТМД сыртқы саясат ведомстволары басшыларының күні кешегі саммитіне Қазақстанның және Ресейдің сыртқы істер министрлері Мұрат Нұртілеу мен Сергей Лавров сыртында, Әзербайжан СІМ орынбасары Самир Шарифов, Армения СІМ орынбасары Мнацакан Сафарян, Беларусь СІМ орынбасары Павел Утюпин, Қырғызстан сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев, Түрікменстан СІМ орынбасары Ахмет Гурбанов, Өзбекстан СІМ орынбасары Бобур Усманов қатысты.
Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі отырысы 2025 жылғы қазан айында ТМД Мемлекет басшылары саммитінің қарсаңында Душанбе қаласында өтеді.