ТМД кеңістігіндегі тағы бір елде халықтық толқулар жүріп жатыр

2847

Өткен түнде наразылық акциялары ел астанасы Тбилисиде, сондай-ақ Батуми, Кутаиси сияқты ірі қалаларында қайта жанданды. 

ТМД кеңістігіндегі тағы бір елде халықтық толқулар жүріп жатыр Фото: yandex.kz

Жергілікті әріптестеріміздің хабарлауынша, халық енді саяси талаптар қойып, соны орындауды талап ете бастады. Осылайша, қарсылық акциясының бастапқы тақырыбы – шетелдік агенттер туралы заңын қайтарып алу мәселесі өзектілігі жайына қалғанға ұқсайды. Мұның бәрі, сарапшылардың байламынша, жұмсақ (барқыт, раушан, түрлі түсті немесе басқа үлгідегі) революцияға ұқсап барады.

Халықты алдау жүзеге аспады

Бірнеше күн бұрын басталған шерулердің соңы құқық қорғау органдарымен ашық қақтығысқа ұласқан соң, әрі АҚШ пен Еуропалық Одақ даулы заң жобасына қатысы барларға халықаралық санкция салынуы мүмкін екенін білдірген соң, "Грузия арманы" билік партиясы "Шетелдік ықпалдың айқындылығы туралы" деп аталған атышулы заң жобасын кері қайтарып алатынын мәлімдеді. Осыдан кейін екі күн бойы толқыған халық тарай бастаған. Алайда биліктің бұқараны алдағаны белгілі болып қалды.

Конституциялық құқық сарапшысы Вахушти Менабде Парламентте көпшілік орынға ие билеуші күштердің "шетелдік агенттер" туралы заң жобасын кері қайтарып алатындары туралы мәлімдемесі түкке тұрмайтынын, біраз уақыт өткен соң Парламент оны екінші оқылымда түпкілікті қабылдай алатынын мәлімдеді. Себебі бұл жерде заңда бекітілген процедуралар мүлдем сақталмай отыр.

"Аталған заң жобасын Парламент бірінші оқылымда қабылдап қойды, сондықтан оны жай ғана кері қайтарып алуға болмайды. Парламент регламентіне сәйкес, бірінші оқылымда қабылданған заң жобасы кері қайтарып алуға жатпайды. Егер бастамашылар оның ары қарай қабылдануын тоқтатқысы келсе, онда екінші оқылымда дауыс беруге шығаруы және депутаттардан оған қарсы дауыс беруді сұрауы қажет. Дауыс беру рәсімі нәтижесінде ғана қабылданған заң жобасынан бас тартылады", – деді заңгер Менабде.

Оның үстіне "Шетелдік агенттерді тіркеу туралы" деп аталатын екінші құжатты Парламент бірінші оқылымда, яғни жалпылама, концептуалды түрде де мақұлдап үлгермеді. Рәсім бойынша оны кері қайтарып алу туралы құжатқа бастамашылардың бәрі – "Халықтың қуаты" қозғалысының өкілдері қол қоюға тиіс. Онсыз кері қайтарып алудың заңды күші болмайды, жай, елді алдарқатушы сөз болып қалады.

Ал мұның бәрі жасалмай тұр: Парламент аппараты ғимаратқа және оның инфрақұрылымына протест кезінде зақым келді, жөндеу жүргізу керек дегенді сылтауратып, аптаға ғимаратты жауып тастады және барлық отырыстарды кейінге шегерді. Netgazeti жазуынша, тиісінше, бұл аптада заң жобасы "жойылмайды". Наразылық басылып, қоғам тынышталса, депутаттар жаңа заңды қабылдауды ары жалғастыра алады.

БҰҰ-да баяндама жасау үшін Америкада сапармен жүрген Грузия президенті Саломе Зурабишвили Нью-Йорктегі "Бостандық статуясының" аясында өз халқына үндеу жасап, заң жобасына вето қоятынын жариялады. Егер Президенттің өзі вето қояр болса, жұртқа алаңдаудың қажеті жоқ қой? Шынында, Грузияда Президенттің символдық өкілеттіктері ғана бар. Ол заңға қол қоюдан бас тартса, онда Парламент көпшілік дауыспен оның ветосын еңсеріп, құжат күшіне енеді.

Парламенттің өзін алдағалы тұрғанын түсінген халық кеше кешкілік 19:00-де Парламент алдында қайта жиналып, наразылық акциясын жандандырды. Тбилисиде наразылық білдіруге шыққан халықтың көптігі сонша, Парламент алдындағы алаңда ине шаншар жер қалмаған. Курорттық Батумиде қалың нөпір халық Еуропа алаңына жиналды. Кутаиси тұрғындары полиция жұлмалап алып кетпеуі үшін қолтықтасып, "тірі шынжыр" түзді. Жұртшылық түнде де тарқамаған.

Акцияларға қатысушылар заң жобасын кері қайтарып алу процедураларын толыққанды әрі тез өткізуді талап етті. "Грузия арманы" партиясы барлық рәсімдерді сақтай отырып, заң жобасын жоюға уәде етті. Бұған елде реформа жасау, биліктегі күштерді ауыстыру, митингтер кезінде ұсталғандарды тегіс босату талаптары қосылды. Билік әзірге, соңғысын жылдам орындай алды. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 7 және 8 наурызда шеруге қатысқаны үшін кем дегенде 133 адам ұсталған. Грузия ІІМ-і олардың бәрі әкімшілік тәртіппен босатылғанын мәлімдеді: бір бөлігінің қамаққа алыну мерзімі аяқталған, енді біреулеріне сот үкім шығарып, айыппұлмен жазалап үлгерген.

Бірақ артынша ішкі істер органдары 133 адамның біреуі изоляторда қалып қойғанын нақтылады: 2001 жылы туылған Т.А. есімді жас адам Қылмыстық кодекстің 353-бабы, яғни полицейлерге шабуыл жасағаны үшін айыпталуда: 4-тен 7 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Шіркеуге басып кіру елді ызаландырды

Демалыс күндері Грузия астанасында қырғын болды. Кейбір азаматтар соған қатысқан туысқандарын таба алмай жатқанына, телефоны жауап бермейтініне шағымдануда. Ішкі істер министрлігі бұл хабарламаларды тексеретінін мәлім етті.

Тбилисидегі наразылық акциялары 6 наурызда басталған болатын. Бастапқыда бәрі тыныш өтті: Грузия мен Еуроодақтың туларын желбіретіп, Парламент алдына жиылған халық біріге дауыстап, депутаттардан демократияның тамырына балта шабатын зиянды заңды қабылдамауды талап етті.

7 наурызда таңғы 9-да тағы жиналған жұрттың қарасы күрт көбейген. Кенет қосымша жабық көліктер жетіп, бірнеше жүз "робокоп" (Грузияда арнайы экипировкамен жабдықталған, бет-аузы шлеммен тұмшаланған полицейлерді солай атайды) сау ете қалды. Олар Руставели даңғылындағы қозғалысты жауып тастады. Читадзе, Чичинадзе сияқты Парламентке апаратын шағын көшелерді де полицейлер бұғаттаған.

Осының бәріне аңтарыла қараған митингке қатысушы қалың топқа тосыннан жан кірді. Парламент көпшілік дауыспен заң жобасын бірінші оқылымда қабылданғаны туралы ақпарат тарайды. Толқыған халық заң шығарушы орган ғимаратына таяп, полициялық кордонды ығыстыра бастады. Полиция олардан тарауды, әйелдер мен балаларды алып кетуді талап еткен. Адамдардың нық бекінгенін байқаған күш құрылымдары дереу өрт сөндіруші машиналар және арнайы "водомет" арқылы халыққа үлкен қысыммен суық су шашып, тура мағынасында елді алаңнан "шаюға" кіріседі. Сонымен бір мезгілде адамдарға қарсы көзді ашытатын газ қолданылған.

Осыны пайдаланып, депутаттар өздері үшін күш құрылымдары түзген "дәлізбен" үйлеріне қашып құтылды. Ғимарат ішінде қалған оппозициялық депутаттардың екеуі – Хатуна Самнидзе мен Теона Акубардия тікелей стримге шығып, Парламент спикері Шалва Папуашвилиден мына масқараны тоқтатуды талап етпек болады. Смартфондарын қалқандай алға ұстаған күйі олар спикердің оққағарларын ығыстырып, оның кабинетіне баса-көктей кірді. Елдің іс жүзіндегі басшысын, яғни Парламент төрағасын екі әйел үстелдің астынан да, перденің артынан да іздеді, таба алмады. Зытып үлгеріпті.

Осыдан кейінгі сағаттарда Грузия астанасынан түсірілген видеолар мен фотоларға жаһан жұртшылығы үңілді. Парламент алдындағы алаңға бұрышты газдың тоқтаусыз себілгені сонша, көзді қарыған көк түтін тарамай қойған, қалың тұманға айналған. Ақпарат құралдары күш құрылымдарының сумен атқылауы салдарынан бірнеше адамның көзіне, дене мүшелеріне зақым келгенін хабарлап жатты.

"Мтавари" телекомпаниясының репортеры Бека Коршияның мәліметінше, тек бір рет полицияға "Молотов коктейлі" лақтырылған, бірақ оның арандатушы екені, шерушілердің оған қатысы жоқтығы анықталыпты. Ішкі істер органдары болса, қақтығыс кезінде оннан астам полицей жараланғанын, автокөлік өртелгенін, Парламент ғимаратына зақым келгенін мәлімдеді.

Сол күні түнде қатары бірнеше мың "робокоппен" толыққан күш құрылымдары әсіре белсенді қарсыласушыларды жаппай ұстауға кірісті. "Гирчи – көбірек бостандық" партиясының көшбасшысы Зуру Джапаридзенің өзін топ ортасынан суырып алып, сабап, полиция учаскесіне алып кеткен.

Құзырлы органдардың озбырлық танытқаны сонша, олар бас сауғалап қашқан жастарды індете отырып, Кашвети шіркеуіне басып кірген. Бұл енді дәндарлардың ашынысын туғызып, олардың наразы халық жағына шығуына итермеледі. Яғни, қазіргі кезде Грузияның православ шіркеуі Еуропаға қосылуға іңкәрланған жұрттың ұмтылысын қолдап отыр.

Грузия ақыны Рати Амаглобели оппозициялық телеарналарда тікелей эфирге шығып, арқалана сөйлеп, "тіпті коммунистер кезінде де Кашветиді арнайы жасақтар шабуылдамағанын" еске салды және "бүгінде Грузияда оккупациялық билік үстемдік етуде" деп салды.

"Адамдар газ жұтып, қақалғанда шіркеуді паналап, өзіне келген соң алаңға кері қайтып отырды. Жұртшылық жеңбей қайтпауға бекінген. Халық қатты ашынған. Батыстың арқасында бостандыққа қол жеткіздік, өркениетті әлемге қосылдық. Гарантымыз да солар. Ал мыналар бізді содан айырмақ. Бұл үкіметті тарихтың еншісіне жібереміз. Иванишвили өкіметі – өткеннің қалдығы", – деді Р.Амаглобели митинг алаңынан.

Наразылық білдірушілерді зиялы қауым, барлық футболшылар, спортшылар қолдап шықты.

"Ресейлікке" жақ болғаны – бостандықты шектегені

Грузин журналисі Ия Баратели грузин тілінде "ресейлік" деген термин жоқтығына назар аудартады: грузиндер байырғыдан жай ғана "русули", яғни "орыстар" деп айтады.

"Сондықтан шерушілер "Русули канони", яғни "орыс заңына" қарсы екендерін дауыстап айтумен болды. Шетелдік агенттер туралы заң Ресейде демократияны тұншықтырып, сөз бостандығын жоюға ықпал еткенін біліп отырмыз. Митинг қатысушылары "Нет русскому закону и русскому правительству!" деп айғайлады. Оның мәнісі бар. 2008 жылғы екі ел арасындағы соғыстан кейін Грузиядағы ірі наразылықтар негізінен Ресеймен байланысты. Мысалы, 2019 жылы "Гаврилов түні" деген оқиға болды. Теледидардан Грузия Парламенті спикерінің креслосында РФ Мемдумасының депутаты Сергей Гаврилов отырғаны туралы сюжет көрсетілді. Ресей депутаты православия ассамблеясына келгені айтылған, алайда оның Грузияның заң шығарушы органының отырысын басқарып отырғанын білген халық өз бетінше Парламентке жүгіріп, оның ғимаратын қиратуға кірісті", – дейді грузиялық журналист.

Грузин сарапшысы, саяси шолушы Тенгиз Аблотия Грузия билігінің Мәскеудің шылауынан шыға алмағанын айтады: салдарынан грузиндер Украина жағында болғанымен, Тбилиси соғысты соғыс деп мәлімдей алмады. Сарапшылардың айтуынша, басқыншыл Мәскеу саясатын айыптау орнына Грузия осы елдің санкцияларды айналып өтіп, тыйым салынған тауарларды сатып алуына көмектесіп отыр. 2022 жылғы маусымда Украина мен Молдова Еуроодаққа кандидат мәртебесін алғанда, Грузия билігі Кремльге қарайлап, соған құштарлық танытпады. Сонда да мыңдаған адам бұл салғырттыққа ашынып, көшеге шыққан.

Ал Еуропарламент Грузия билігін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған миллиардер Бидзина Иванишвилиге "Кремльмен байланысы үшін санкция салынуы мүмкін екенін" жариялағанда, билеуші партияның өкілдері "Онда бізге Еуропаның қажеті жоқ!" деп ашық мәлімдеді. 

Енді міне, ресейлік заңның көшірмесі грузиялықтардың төзім теңізін тасытып отырғанға ұқсайды. Оның соңы немен тынатыны белгісіз.

Бүгін, жұмада Грузия Парламенті кезектен тыс пленарлық отырысын өткізуге шешім қабылдады. Алдымен 11:45-те бюро жиналады, 15 минуттан соң отырыс өткізілмек. Наразы халық сонда қабылданатын шешімге қанағаттана қоя ма, ол жағы да беймәлім.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу