"Тобыл" қайта көш бастады

1116

19-тур ойындарынан кейін қостанайлық клуб 42 ұпаймен көш басына шықты.

"Тобыл" қайта көш бастады

"Тұран" Қазақстан Премьер-лигасының он тоғызыншы турында "Тобылды" қабылдады. Матч "Түркістан Аренада" өтіп, 2:4 есебімен қостанайлық клуб жеңіске жетті.

Кездесудің 16-минутында "Тұран" шабуылшысы Темірлан Әміров есеп ашты. Ал 33-минутта Олжас Керімжанов өз қақпасына гол соғып, таразы басын тең қылды. 56-минутта "Тобыл" капитаны Азат Нұрғалиев пенальтиді сәтті пайдаланды. 76-минутта өз қақпасына гол соққан Сергей Малый 84-минутта керісінше, "Тұран" қақпасын дәл көздеді. Үш минуттан кейін Элгуджа Лобжанидзе матчтың нүктесін қойды.

Сырт алаңда жеңіске жеткен қостанайлық клуб 42 ұпаймен көш басына шықты. Ал түркістандық команда 18 ұпаймен он екінші орынға тұрақтады.

Сонымен қатар "Қайсар" Қазақстан Премьер-лигасының он тоғызыншы туры аясында "Ордабасымен" кездесті. Матч Қызылордадағы Ғани Мұратбаев атындағы стадионда өтіп, 1:0 есебімен аяқталды.

Ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды "Қайсардың" жартылай қорғаушысы Мақсат Байжанов 42-минутта соқты. Ал шымкенттік клуб екі гол соққан еді, төреші қос голды да есепке алмады. Үш ұпайға қол жеткізген қызылордалық клуб 15 ұпаймен он үшінші орынға табан тіреді. "Ордабасы" 27 ұпаймен бесінші орында қалды.

Айта кетейік, бүгін 19-тур ойындарының соңғы матчы "Тараз" бен "Каспий" командаларының арасында өтеді. Кездесу Тараз қаласының орталық стадионында өтеді. Матч Нұр-Сұлтан уақытымен 19:00-де басталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу