Тоқаев төраға бола ма?

10162

Үш күннен соң онлайн-форматта өтетін "Nur Otan" партиясының кезектен тыс XXI съезінің "болғанынан боладысы" қызық болып тұр. Қазірдің өзінде бәзбіреулер билік партиясының жер жебіріне жетіп жатыр.

Тоқаев төраға бола ма?

Inbusiness.kz тілшісі осыған дейін "Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс" болып" келген саяси ұйымның болашағына қатысты сауалдарды саясаттанушылар Дос Көшім мен Толғанай Үмбеталиеваға қойды.

1. Нұрсұлтан Назарбаев "Nur Otan" партиясының кезектен тыс XXI съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев партия билігін қолына алатыны туралы сенімді пікір білдірді. Мұны қалай түсініп, қалай қабылдауымыз керек?

2. Президент "Nur Otan" партиясын төрағасы атанбай-ақ, билік жүргізе берсе не болады?

3. Қазақстан Парламенттік республикаға айналуы мүмкін бе?

4. Ел арасындағы "Nur Otan партиясын таратып жіберу керек" деген пікір қаншалықты орынды?

5. Неліктен бізде саяси бірлестіктердің ресми тіркелуіне тосқауыл қойыла береді?

Дос Көшім, саясаттанушы:

– Ешқандай интрига көріп тұрған жоқпын. Елбасы сенімді түрде айтса, солай болады. Бірақ бұл "Nur Otan" партиясының жарғысында демократиялық ережелер мен нормалардың жоқ екенін көрсететін үлкен қате. Партия съезіне дейін бір адамды екінші адаммен алмастыруға болмайды. Бірақ бұл – "Nur Otan" партиясының ішкі жұмысы, олар осылай жұмыс істейді және төрағаны осылай таңдайды.

Қазақстанда нақты көппартиялық жүйе жоқ. Сондықтан сайлау кезінде бәсекелестік болмайды. Президент партияны басқара ма, басқармай ма, маңызды емес. Авторитарлық жүйе көппартиялы жүйеге, классикалық көппартиялыққа жол бермейді.

Парламент үнемі Президентті қолдап, 90-100% дауыс берсе, Парламенттік республика бола ма, Президенттік республика бола ма, айырмашылық жоқ. Қазір бүкіл парламент, тіпті 2 парламенттік партияның фракциялары биліктің сөзін сөйлеп, Президенттің ұсынысына бас изеп отыр. Бұрынғы Президент те, қазіргі Президент те Парламентті өз қолына алды. Сондықтан оларға Парламенттік немесе Президенттік республика бола ма, бәрібір. Себебі қандай республика болса да, елді Президент басқарады.

Иә, "Nur Otan" партиясын тарату туралы бастама бар. Мен мұны бір жағынан қолдаймын. Мысалы, 2015 жылдың қарашасында олар жерге қатысты заң қабылдады. Мұның соңы көтеріліске ұласып, кейін мәселені реттеу үшін жер комиссиясы құрылды.

Парламенттік фракция өз шешімі үшін жауап беруге тиіс. Егер шешім қате немесе қылмыстық болса сұрауы қатты болуы керек. Қазақстандағы орын алған соңғы оқиғаларда да билік партиясының кінәсі бар. Өйткені қабылданған заңдардың 90%-на "нұротандықтар" дауыс берген.

Кадрлық құрамы өзгерсе де, мұндай партия қажет пе, білмеймін. Біз мұндайдан шаршадық. Бір премьер-министр кетеді, оның орынбасары келеді.

Бұл – жаңа Парламент емес, Үкімет өзгерді деуге негіз жоқ. Барлығы бұрынғы адамдар, тек аты-жөндері мен лауазымдары ғана өзгереді.

Егер, Байбектің орнына дәл сол сияқты әрекет ететін Тайбек келсе, ештеңе өзгермейді. "Nur Otan" классикалық партия емес, бұл – шенеуніктердің, биліктің, билік үшін күрестің партиясы. Оның ең басты проблемасы осы. Олар барлық заң шығарушы билікті қолдарында ұстау үшін саяси партия құрды. Бізде көппартиялық жүйе жоқ, сондықтан біз демократияның жүгін көтере алмай келеміз.

Билік партиясы саяси алаңда бәсекелестердің болғанын қаламайды.

Экс-президент сайлау кезінде екі-үш рет пікірсайысқа да шықпады. Мен Тоқаев мырза шығады деп ойладым, бірақ 2019 жылы ол да Әміржан Қосановқа қарсы пікірсайысқа шықпады. Бұл – электоратты құрметтемеу ретінде қабылданады. Жаңа саяси партиялардың пайда болуы, олардың ұстанымының билік партиясының ұстанымына сай болмауы, барлық мәселені тежейді. Жаңа партиялар бәсекелес ретінде электораттың алдында пікір таластыруы керек. Кез-келген авторитарлық режим мен билік партиясы мұндайдан қорқады. Сондықтан олар қарсыластарына түрлі тәсілмен кедергі келтіріп отырады.

Толғанай Үмбеталиева, саясаттанушы:

– Тоқаевта таңдау құқығы бар. Ол төрағалықтан бас тартып, басқа кандидатура ұсына алады. "Nur Otan" партиясын басқару немесе басқармау ел басқаруға оң немесе теріс ықпал етпейді. Тоқаевта партия құрылымын реформалау идеясы болса, жағдай басқаша. Тоқаев партия төрағалығынан бас тартса, партия осыған дейінгі артықшылықтарынан айырылады және партияның халық арасындағы нақты қолдауы анықталады. Екінші жағынан, Тоқаев партияны тиімді пайдалана алса, маңызды саяси құрал ретінде қолданады. Тоқаевтың шешімі Президентке қосымша саяси ықпал ету құралы қажет пе, қажет емес пе дегенге қатысты болатын тәрізді.

Партиялардың басқару жүйесіне қатысуын арттыруды жоспарласа, Тоқаев партия төрағасы лауазымынсыз Президент болуы мүмкін. Ол қыркүйек айында саяси реформалар блогын ұсынатынын мәлімдеді. Осы кезде Президент Парламентке өтетін саяси партиялармен Үкімет құрамын құруды ұсына алады. Ең көп дауысқа ие болған партия жетекшісіне Үкіметті басқару құқығы беріледі. Бұлай болатын болса, Тоқаев "Nur Otan" партиясының төрағалығынан бас тартуы мүмкін. Көшбасшылықтан бас тартудың тағы бір жұмсақ нұсқасы – партия ішінде сайлау ұйымдастыруды ұсыну. Бұл – демократиялық шешім, кадр жаңартудың тиімді тәсілі және партияның әділ бәсекелестік арқылы өзіне жаңа көшбасшы сайлауы ретінде қабылдануы мүмкін.

Болашақта болуы ғажап емес. Бірақ күрделі реформа қажет. Өйткені қазіргі жүйенің басқару тәсілі Парламенттік республиканың стиліне келмейді. Шешім қабылдау ережесі ашық және әділ болса, Президенттік басқару формасы демократияның принциптеріне қайшы келмейді. Парламенттік басқару нысанына көшу үшін партиялық жүйені реформалау қажет. Халықтың, түрлі әлеуметтік топтардың мүддесін нақты білдіретін күшті партиялар болмаса, парламенттік басқару нысаны жұмыс істемейді.

Келісемін, тарату орынсыз. Бар нәрсені жоюдың қажеті жоқ. Партияны реформалау үшін партияға жаңа кадр тартылуға тиіс. "Nur Otan" партиясы ескірген идеямен жұмыс істеп отыр.

Партияішілік қағидаттарды демократияландыру қажет. Мысалы, төрағаның орынбасарлары тағайындала салады, ішкі бәсекелестік жоқ. Байбек партия ішінде өскен жоқ, ол партия ішіндегі қандай да бір құндылықтар үшін, бағдарлама үшін күрескен жоқ. Оны президент тағайындады. Партия бірнеше рет ребрендинг жасады, бірақ партия айтарлықтай өзгермеді. Яғни оларға ребрендинг көмектеспейді.

Қыркүйекте Президент партияларды тіркеуге қатысты өзгеріс ұсынады, демократиялық принципке басымдық беріледі деп үміттенемін. Кезінде ппартияларды тіркеу ережесі қабылданғанда билік партиясымен тіл табыса алатын саяси бірлестіктерге басымдық беру қажеттігі нақтыланған сияқты. Себебі сын айтатын саяси күштерден аулақ болу ұстанымы анық байқалады. Бізде саяси бәсекелестік бітіспес жаумен күрес сияқты қабылданады. Сондықтан билікке ұмтылғандарға тосқауыл қойылады.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу