Тоқаев Үкіметті таратуы мүмкін бе – Айдос Сарыммен сұхбат

2047

Күзгі саяси маусымның шымылдығын 1 қыркүйек күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауы ашқалы тұр.  

Тоқаев Үкіметті таратуы мүмкін бе – Айдос Сарыммен сұхбат

Парламент төрінде не айтылатыны әзірге бәріне жұмбақ. Біреулер "Үкімет пен Парламентті таратуы керек" десе, екіншісі "Бұл Жолдау бұрынғыдан ерекшелене қоймас" деп те жатыр. Ертең шынында да, ауыс-түйіс жағынан саяси салмақты шешімдер қабылдануы мүмкін бе? Осы және өзге де сұрақты inbusiness.kz тілшісі саясаттанушы, депутат Айдос Сарымға қойып көрді.

– Бәрі Президенттің ертеңгі Жолдауын күтіп отыр. Әркім әртүрлі ой айтады? Жолдау барысында Үкіметті немесе Парламентті таратарлық салмақты саяси шешімдер қабылдануы мүмкін бе?

– Меніңше, Үкіметті төңкеретін немесе стратегиялық саясатты мүлде басқа жаққа бұрып жіберетін ешқандай саяси шешім болмайды. Қазіргі жағдайда қоғамдық пікірді көріп отырмыз. Өзіміз де ел аралап келдік. Түсініп жатқанымыз – қоғамды мазалап отырғаны әлеуметтік-экономикалық мәселелер. Сарапшы ретінде айтайын, талай ашық та, жабық әлеуметтанушылық зерттеулердің бағасын көріп жүрміз. Егер осыдан жарты немесе бір жыл бұрын жұртты саяси жаңалықтар – қандай партия келеді, қандай партия болады, кімдер болады, кімдер болмайды деген әңгімелер қызықтырса, қазір меніңше, қоғамдық-саяси парадигма ауысты деп айтуға болады.

Қазір жұртты баға, мұнай мен бензин бағасы секілді мәселелер алаңдатады. Яғни бүгінгі күннің өзінде де басты мәселе, айналып келгенде үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың тым араласуы, бағаның тым өсу-өспеу қарқынына назар аударуына басымдық беріледі. Сондықтан егер ауыс-түйіс болса, олардың сипаты негізінен адресті болуы керек. Нақты азаматтарға немесе мекемелерге байланысты болуы мүмкін. Ал Үкіметтің ауысуы болашақтың әңгімесі шығар.

Екіншіден, менің жеке ойым: қазір ең үлкен мәселе – сөзсіз, істеліп жатқан жұмыстардың тиісті нәтижелерге жету тұрғысынан қадағалау. Шешімдер қабылданды, енді соны іске асыру. Әкім немесе министр боласың ба – саған нақты тапсырмалар қойылды. Соны іске асыр! Бағытта! Жеткізе алмайтын болсаң, сол арқылы тағдыры шешіліп отырады деп ойлаймын.

– Өзіңіз де өңірді аралап келдім деп отырсыз. Халықтың жағдайы жақсы деп айтудан алыс. Сол себепті көпшілік үлкен шешімдерді күтетін секілді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Меніңше, мәселе саясаттан гөрі нақты шешімдерге байланысты. "Мына әкім мәселені шеше ала ма, шеше алмай ма? Мына министр бағаны төмендете ала ма, жоқ па?" дегендей. Тіпті кезінде ең көп дау туғызған жемқорлық секілді кеселдердің бәрі шетке кеткен сияқты. Тікелей алғанда, жемқорлық немесе басқа да әңгімелер жеке азаматтардың өміріне, ешқандай тағдырына тікелей әсер етпейді. Қазір проблема әлеуметтік мәселелерге ауысып жатыр. Яғни "менің тіршілігім қалай болады? Баламды мектепке жібере алам ба? Қыстық азығымды дайындай алам ба?" деген сұрақтар туындап жатыр. Бұл енді жаңағыдай бір жағынан заңды. Өйткені бір ғана саяси мәселемен немесе дүниелермен қоғамды алаңдатып ұстап отыру мүмкін емес. Халықтың өзі де түсініп отыр. Қазір оңды қандай саясат жүргізуге болады? Көптеген мәселе біздің елдің саясатына емес, әлемдік конъюктураға да тіреліп тұр.

– Күзгі саяси сессияны бәрі күтіп отыр ғой. Мүмкін субъективті пікіріміз шығар. Бірақ халық тарапынан ескі кадрлардан құтылу керек деген сияқты пікір де бар. Солар белгілі бір жерде істі тығырыққа тіреп отыр деген ойлар да айтылады. Әріптесіңіз Еділ Жаңбыршин де осы ойға ұқсас жазба жариялады. Сол кісінің пікірінен байқаймыз...

– Мен Еділ ағаны жақсы көрем. Менің жақсы көретін ағам. Мен білсем былай: біз қанша жерден жаңа кадр немесе басқа деп айтуымыз мүмкін. Бірақ сіз де, мен де елді, жерді білеміз. Бір Алматы мен Астананың өзінде жаңа әкім немесе министр табудың өзі оңай емес. Ал енді 15-16 мың адам тұратын аудандарға жаңа кадр түгілі, жаңа әкімнің өзін табу қиын. Ал Қазақстандағы халықтың 95 пайызының өмірі аймақта өтіп жатыр. Нақты аймақта, ауылда! Екіншіден, мен білсем, Жаңа Қазақстан деген әңгіме бір ғана нәрседен туындауы мүмкін. Бірте-бірте біздің қазақтың қауымы өз билігін өзі тағайындауы, сайлау, араласу арқылы өз талабын көтеріп, пікірін естіртіп, саяси талаптарының салмағын көтеру арқылы 5-10 жылдың ішінде сол деңгейге жетуі ықтимал. Ал енді жұрт ойлағандай, "кереметпіз, ғаламатпыз, қазір аударып тастайық" дейтін болсақ, онда бұдан да бетер регресске, яғни қайта төмендеуге, опық жеуге баруымыз мүмкін деп ойлаймын. Өз басым! Мен саясаттанушы немесе қоғамтанушы дейсіз бе, пікірім осындай. Сондықтан егер шын ниетпен елді өзгерткіміз келсе, онда ұзақ мерзімді айқасқа, айтысқа, тартысқа дайын болуымыз керек.

Бірінші кезекте, келген сайлауда ешкім жақсы нәтижеге жетпейді. Алдымен дауысы, қатты шыққан, қатты сөйлейтін, озбыр сөйлейтін адамдар жеңіп шығуы мүмкін. Содан кейін жұрттың көңілі кете бастайды. "Ал жарайды, айттыңдар, кереметсіңдер, нәтиже қайда?", – дейді. Сол сияқты қоғамның талғамы бірте-бірте өсу арқылы ғана біз елімізді жаңғыртып, жаңарта аламыз.

– Қатты сөйлейтін жігіттерге мүмкіндік беру керек дейсіз бе? Біразы қазір партия құрамыз деп жүгіріп жүр ғой.

– Ол жақсы ғой.

– Соның бәрі Парламентке кіруі керек пе?

– Бәрі кіре алмайды, кіргісі келсе де кіре алмайды.

– Сіз айтып тұрған қатты сөйлейтін жігіттердің кім екенін сезіп тұрмыз. Олар халықтың дауысын алып та кетуі мүмкін екенін аңғарамыз...

– Мысалы Қазақстанда жүзуден немесе биіктікке секіруден бәріміз чемпион болғымыз келуі ықтимал. Бірақ тиісті дайындығымыз бен демеушілеріміз болмаса, қиын. Сондықтан барынша көп партия алаңға келсін. Барынша көбі тіркелсін. Сосын өзін бағалап, сынап көрсін. Мен білсем, әлемде әртүрлі ел бар. Қытайдың компартиясының өзі 8 партиядан тұрады. АҚШ-та 50-60 партия болғанымен, негізгі билік үшін таласатын екі партия бар. Ағылшындарда 4, Ресейде 4 партия бар. Сол сияқты жоғарғы лига мен төменгі лига бар. Біз де оған жетерміз. Сол сияқты қазір біз бір өтпелі, аумалы-төкпелі заманда отырмыз. Одан да өту керек. Содан өткеннен кейін бір-екі сайлау өткен соң белгілі бір түсінікке келеміз. Біздің қоғамдағы әртүрлі көзқарастар жиынтығы үшін 5 партия, 3 партия керек бола ма – оны қоғам шешеді. Бірақ айналып келгенде соның айналасында алдағы 5-10 жылдың ішіндегі саяси талас-тартыс осының айналасында жүреді.

– Сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін рахмет!

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу