Токио Олимпиадасы 2021 жылы да өтпей ме?

4945

Коронавирусқа қарсы вакцинаның жоқтығынан Жазғы ойындар 2021 жылдың жазында да ашылмаса, Жапония астанасы бұл ғаламдық спорттық шараны өткізу мүмкіндігінен мүлде айрылуы мүмкін. 

Токио Олимпиадасы 2021 жылы да өтпей ме?

Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ сәрсенбі күні мәлімдегендей, коронавирус пандемиясына тосқауыл қойылмаса, Токио Олимпиадасы келесі жылы да өтпейді.

Айта кету керек, Халықаралық Олимпиада Комитеті мен жапон үкіметі биыл өтуге тиіс Жазғы Олимпиада ойындарын өткен айда коронавирус дағдарысына байланысты келесі жылдың шілдесіне қалдырды.  

Содан бері жер-жаһанда вирустық эпидемия өршіп, Covid-19-ға қарсы вакцина жасау үшін әлі ұзақ уақыт қажеттігі жайлы болжамдар жиі айтылып, әлемдік спорттық шараның келесі жылы да өтетініне күмән туындап отыр.

"Біз Олимпиадалық және Паралимпиадалық Ойындар толық өтіп, оған спортшылар мен көрермендер қауіпсіз қатысуға тиіс деп айтып келеміз. Егер коронавирус пандемиясы тоқтатылмаса, Олимпиаданы толыққанды өткізу мүмкін емес", – дейді Абэ парламентте оппозициялық депутаттардың бірінің сауалына жауап бере отырып.

Жапония министрлер кабинетін ең ұзақ басқарған Абэ Олимпиаданы сәтті өткізіп, туризмді өркендетіп, тұтынушылық шығындарды көбейтіп, экономикаға үлкен серпін беруге үміттенгенді және оның үкіметі Олимпиадаға демеушілерден 3 млрд доллар жинап, рекорд жаңартып, Ойындарды дайындауға  13 млрд долларға жуық қаражат жұмсады.

Жапония премьер-министрінің мәлімдеуінше, Олимпиада "әлем коронавируспен шайқаста жеңіске жеткені белгілі болғанда ғана" өтуге тиіс. Тағы бір сөзінде ол өз елінің эпидемиямен "ұзақ ұрысқа" дайындалуы керектігін ескертті.

Коммерциялық Nippon Television арнасы хабарлағандай, сәрсенбі күні Токиода 47 адамнан коронавирус табылды. Ал, "Эн-эйч-кэй" ұлттық телерадиокорпорациясының дерегінше, 29 сәуірге дейін Жапонияда бұл инфекцияны 13 895 адам жұқтырып, 413-і қайтыс болған.

Әрине, бұл көрсеткіш өзге елдердегі эпидемия ауқымымен салыстырғанда әлдеқайда төменірек. Бірақ  қазір Жапония үкіметі тесті жеткілікті деңгейде жүргізбегендіктен, эпидемияның ауқымын дұрыс анықтай алмай, кейбір ауруханаларды өте ауыр жағдайға душар етті деп сынға ұшырап отыр.

Токио губернаторы Юрико Койке Жапония астанасындағы жағдайды "қиын" деп сипаттап, Абэнің кабинетін 6 мамырда аяқталуға тиіс ұлттық төтенше жағдай режимін әрі қарай созуға шақырды.

Абэнің парламентте жасаған мәлімдемесі Жапонияның жоғары лауазымды өкілдерінің осы аптада айтқан сөздермен үндес деуге болады.

Токио-2020 президенті Йоширо Мори Nikkan Sports телеарнасына берген сұхбатында Олимпиада 2021 жылы да өтпейтін болса, мүлде доғарылуы керектігін айтты. Ал, сейсенбі күні Жапония медициналық қауымдастығының басшысы Йошитаке Йококура жаңалықтар брифингінде "егер тиімді вакцина жасалмаса, Олимпиаданы өткізу қиын болатынын" ескертті.

Қысқы Олимпиада ше?

Халықаралық Олимпиада Комитетінің Токио Олимпиадасын үйлестіру комиссиясының басшысы бірқатар ғалым мен дәрігердің  "Ойындарды өткізу үшін Covid-19-ға қарсы вакцина жасалу керек" деген ойымен келіспей отыр.

"Біз ДДҰ-дан (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы) алған кеңестерде Олимпиаданы көрсетілген датаға жоспарлауымыз керектігі айтылған. Соған сай әрекет етіп жатырмыз. Мұның вакцинаға еш қатысы жоқ", – дейді Халықаралық Олимпиада Комитетінің австралиялық мүшесі Джон Коутс.

Дегенмен, Коутс әлемнің 200-ден астам елінен жиналатын 11 000 олимпиадалық спортшы мен 4400 паралимпиадашының Жапонияға вирус таратпай қалай қауіпсіз кіріп-шығатынын нақтылап айтқан жоқ. Сонымен қатар, мыңдаған атлет "Спортшылар тұратын жерге"  бірге орналасуы керек. Олардың жанында мыңдаған штаб қызметкері, жаттықтырушылар болады. Бұған Олимпиадаға қызмет ететін тағы сан мың техникалық маман мен төрткүл дүниеден жиналатын телевизиялық компаниялардың өкілдерін қосыңыз.

Коутстің айтуынша, Олимпиада келесі жылға қалдырылғаннан кейін де талай жұмыс атқарылып, Жазғы ойындарға арналған тағы 43 нысан дайындау көзделіп отыр.

Эдинбург университетінің ғаламдық денсаулық профессоры Деви Шридхардың ойынша, Олимпиаданың өтуі вакцинаның табылуына байланысты болуы мүмкін. Болжамдарға қарағанда, 2022 жылы Бейжің қабылдайтын Қысқы Олимпиаданың өту-өтпеуі де коронавирусқа қарсы препараттың жасалуына байланысты болмақ.

"Ассоушиэйтид пресс" агенттігінің хабарлауынша, наурызда Токио Олимпиадасы 2021 жылға қалдырылғанда, Халықаралық Олимпиада Комитетінің президенті Томас Бах пен премьер Абэ Токио Олимпиадасын 2021 жылдың жазынан кейін өткізбеу туралы да шешім қабылдаған.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу