Төлем қабілетін қалыпқа келтіру тетігі ұсынылды

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
41176

Қаржы министрлігі несие шотын төлей алмай отырған азаматтарға көмек көрсететін механизмді әзірледі.

Төлем қабілетін қалыпқа келтіру тетігі ұсынылды

Шыны керек, көптің күтіп отырған жеке тұлғаларды банкрот деп тану рәсімінің орнына азаматтардың төлем қабілетін қайта қалпына келтіру механизмін енгізу ұсынылды. "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетін қалыпқа келтіру туралы" заң жобасының тұжырымдамасында осыдан бұрын жеке тұлғаларды банкрот деп тану емес, нақ осы механизм неге таңдап алынғаны түсіндірілген.

"Жеке тұлғаға қатысты "банкроттық" ұғымын қолдану экономикалық, сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан қолайсыз жағдайлардың туындау қаупіне әкеледі. Өзінің өсіп жатқан қарызын реттеп, қарыз жүктемесін төмендеткісі келетін азаматқа қоғамның оның әлеуметтік дәрежесіне кері көзқараста болуы сияқты мәселе қиындық тудырмауы керек. Сонымен бірге жалпы "банкроттық" деген ұғымды дұрыс түсінбеу, яғни заң жүзінде бекітілген банкрот деп тануды барлық қарызынан толықтай, сөзсіз құтылудың жолы деп қарап, қаржылық міндетін орындамауы мүмкін. Жеке тұлғаны банкрот деп тану жүйесі борышкердің төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін қолдану негізінде жасалып, азаматқа қарызын төлеуге "жаңа бастау" береді.

"Жаңа бастау" алған табысы жоқ, бірақ қарызы бар адам жалғыз қалмайды. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитетінің борышкерлермен жұмыс басқармасының бас сарапшысы Меруерт Сейсембаева азаматтың төлем қабілетін қалыпқа келтіру үшін біршама кешенді шара қарастырылған деп түсіндірді abctv.kz-ке. Бұл үшін ең бірінші өкілетті органға өтініш беру керек. Ол жерде өтініш талапқа сай қаралады (азамат жеке кәсіпкер болмауы керек, оған қатысты қылмыстық іс ашылмаған болуы керек, "Сеніп тапсырылған біреудің мүлкін иелену немесе жұмсау", "Алаяқтық", "Жалған кәсіпкерлік", "Әдейі банкрот болу" сияқты баптар бойынша сотталмаған болуы керек), содан кейін кандидатура мақұлданса, қаржылық әкімгер тағайындалып, жоспар әзірлеу басталады.

Төлем қабілетін қалыпқа келтіру жоспарына кез келген ұйымдастыру, қаржы-экономикалық, құқықтық және заңға қайшы келмейтін борышкердің төлем қабілетін қалыпқа келтіруге бағытталған басқа да іс шаралар кіруі мүмкін. Жоспарды іске асырудың ең ұзақ мерзімі – бес жыл.

Сонымен бірге "жоспар несие берушіге ең аз шығын келтіретін, сондай-ақ борышкердің төлем қабілетін қалыпқа келтіру үшін жетерлік механизмді қарастыратын болуы керек" деген ережені, несиелік қарызын өтеу мен әкімшілік шығындарды төлеу кестесін заңды бекітеді.

Сонымен қатар қарыздарды төлеу кезегін бекіту ұсынылды. Әкімшілік шығындар кезектен тыс өтеледі. Одан әрі кемуі бойынша: өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу талабы, алимент төлеу талабы, Қазақстан Республикасының заңына сәйкес рәсімделген банкроттың кепілге қойылған мүлкімен қамтамасыз етілген несие берушінің міндеттері талабы; бюджетке салық және басқа да міндетті төлем қарызы, басқа несие берушімен азаматтық-құқықтық міндеттер жөніндегі есеп, несие берушілердің тұрақсыздықты (айыппұл, өсімақы) өндіріп алу жөніндегі талабы деп жалғаса береді.

Заң жобасында қарастырылған, төлем қабілетін қалыпқа келтіру жоспары айыппұл, өсімақы, тұрақсыздық, қарызды немесе оның жартысын кешіру; қарызды пайдаланғаны үшін сыйақы мөлшерлемесінің пайызын азайту; қарызды пайдаланудың жалпы мерзімін арттыруға байланысты тұрақты төлемді азайту; борышкердің жасаған төлемі бірінші негізгі қарызын төлеуге жіберіледі, содан кейін төленбеген пайызына жіберілетіні жайында келісім сияқты құралдардың бірін қарастыру керек.

Төлем қабілетін қалыпқа келтіру үшін мүліктің (активтердің) жартысын сату, мүлікті жалға беру, дебиторлық қарызын өндіріп алу, баспанасын ауданы кіші баспанаға ауыстыру, борышкерді жұмысқа орналастыру сияқты шаралар ұсынылып отыр.

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитетінің борышкерлермен жұмыс басқармасының бас сарапшысы Меруерт Сейсембаеваның айтуынша, адамның барлық мүмкіндігі есепке алынды. Сонымен бірге қарызды өтеу кестесі азаматтың өзінің талап-тілегін есепке алумен жасалады. Оған күнкөріс үшін табысының мөлшері қалдырылып отырады. Ең бастысы борышкердің басындағы жалғыз баспанасы сатуға шығарылмайды.

"Заң жобасы егер бұл адамның жалғыз баспанасы болса, ол нормативтерден (бір адамға 18 шаршы метр) асып кетпейтін болса, онда мүлік жиынтығына кірмейтінін қарастырады. Ол жеке тұлғаның өзінде қалады", – дейді қаржы министрлігінің өкілі.

Қалған қарызды есептен шығару және басқа да бірқатар шара болуы мүмкін, бірақ бұл шешімдер сот тәртібімен қабылданады. Бірақ алимент төлемеуге қатысты қарыздар есептен шығарылмайды.

Ел азаматтарының төлем қабілетін қалыпқа келтіру туралы заң жобасы және қолданыстағы заңға түзетудің ілеспелі пакеті көпшіліктің талқылауына ұсынылды. Осы жылдың соңына дейін парламент қарауына беріледі деп жспарланып отыр.

Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу