Төлем картасы шариғат шартымен шектейді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
7666

Қазақстанда арақ алуға, букмекерлік бәс тігуге тыйым салатын банк картасы пайда болды.

Төлем картасы шариғат шартымен шектейді

"Al Hilal" ислам банкі" АҚ-ның хабарлауынша, бұл карточка шариғат шартына сай жасалған.

"Исламдық карта риба – тыйым салынған пайызының болмауымен дараланады. Яғни картадағы ақша қалдығына пайыздық сыйақы есептеуге тыйым салынған. Бұл карталардың тағы бір ерекшелігі – клиенттер банк картасы арқылы шариғат бойынша тыйым салынған тауарлар мен қызметтердің ақысын төлей алмайды. Банк картасын ойын-сауық және көңіл көтеру орындарында, казиноларда, букмекерлік кеңселерде, темекі және алкоголь өнімдерін сатумен айналысатын дүкендерде қолдануға болмайды", – деп мәлімдеді "Al Hilal" ислам банкі" АҚ-ның басқарма төрағасы Гордон Хаскинс.

Әзірге "халал" карталар Астана, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары үшін ғана қолжетімді. Исламдық банк жақын арада картаның қолданылу географиясын кеңейтіп, оларды Қазақстанның өзге өңірлерінде де қолжетімді етуді жоспарлап отыр.

Картаны ұстаушылар тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ шетелде де тауарлар мен қызметтердің ақысын төлей алады. Бұл ретте әрбір сатып алу үшін 0,5 пайыздан бастап, 1 пайызға дейінгі қаржы "кэшбэк" қағидаты бойынша картаға қайтады.

Картаны интернет арқылы сауда жасау кезінде де қолдануға мүмкіндік берілген. Бұған қоса бұл картадан басқа банктің картасына ақша аударуға, салықты, айыппұлды, коммуналдық және өзге қызметтерді онлайн төлеуге болады.

Есепшот "Al Hilal" банкінің төл филиалдарындағы касса арқылы толтырылады. Сондай-ақ әріптесі "Қазкоммерцбанктің" банкоматтар желісі арқылы немесе басқа банктің картасынан исламдық картаға ақша аудару арқылы толықтыруға да жол ашық.

Картаны басқару мейлінше ыңғайлы болу үшін клиенттерге интернет-банкинг қызметі қолжетімді болады.

"Жақында ғана "Al Hilal" жеке тұлғалар үшін өз есігін айқара ашты. Енді дебеттік карталарды айналымға жіберу біз ұсынатын қызметтерімізді кеңейту жолындағы заңды құбылыс, кезекті қадам болып отыр. Бұл клиенттерге жаңа өнімді пайдалану мүмкіндігін беріп қана қоймай, сонымен қатар банктің болашақтағы қызметтері үшін тұғырнама даярлайды. Негізі исламдық карта шариғат нормаларын ұстанатын клиенттер үшін үлкен мүмкіндік береді", – дейді Гордон Хаскинс.

Банктің дебеттік карталары Master Card Gold және Master Card Platinum санаттарында шығарылатынын айта кету керек. Келесі жылдың басында банк өзінің алғашқы несие карталарын шығаруды жоспарлап отыр.

"Al Hilal" – Қазақстан мен ТМД кеңістігіндегі бірінші ислам банкі болып табылады. Ол 2010 жылы Қазақстан және Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметтері арасындағы келісімге сәйкес құрылды. "Al Hilal" БАӘ-дегі Абу-Даби үкіметінің 100 пайыздық қатысуымен жылдам әрі үдемелі дамып келе жатқан ислам банктерінің бірі "Al Hilal Bank" PJSC" қаржылық ұйымының еншілес банкі болып табылады.

Fitch Ratings халықаралық агенттігінің бағалауы бойынша "Al Hilal" банктік холдингінің несие рейтингі жоғары А+ рейтингіне, ал Moody’s агенттігі бойынша А1 көрсеткішке ие.

Айтқандай, "Al Hilal" банктік картасы – Қазақстандағы алғашқы исламдық карта болып табылмайды. Одан бұрын, биылғы қазан айында "Әл Сақр Финанс" (Al Saqr Finance) компаниясы қазақстандықтар үшін шариғат нормалары мен қағидаттарына жауап беретін төлем карталарын іске қосты.

Оның өнімі де "Al Hilal" банктің карточкасына ұқсас. Айырмашылығы ретінде картаға онлайн, яғни интернет арқылы тапсырыс беру мүмкіндігін, клиенттің қолына төлем картасын тегін жеткізіп беретінін, кэшбэк көлемі 1,5%-ды құрайтынын айтуға болады.

Жалпы, бұл карталар көп валюталы болып келеді. Ақшаны толықтыру және банкоматтан шығару үшін комиссия ұстамайды. Олардың дизайны да ерекше, онда фирмалық паттерн араб жазуымен жазылған.

Бұған дейін лизинг саласында әрекет еткен және нарықта 17 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар "Әл Сақр Финанс" компаниясы бір жыл бұрын бірегей исламдық қаржы ұйымы ретінде қайта құрылды және елімізде исламдық қаржылық қызметтердің кең ауқымын ұсынуға кірісті.

Исламдық қаржыландыру қағидаттары негізіндегі Қазақстандағы алғашқы мәмілелерін компания биылғы жыл басында жасаған көрінеді.

Сарапшылардың мәліметінше, қазіргі кезде исламдық қаржыландырудың әлемдік нарығы 2 триллион долларды құрайды. Исламдық банкинг мүмкіндіктерін тек дәстүрлі мұсылман  мемлекеттері ғана емес, сондай-ақ Азия мен Еуропа елдері пайдаланады. Себебі батыстағыдан бір айырмашылығы, бұл индустрия жаһандық қаржылық дағдарысқа жақсы төтеп береді.  

Қу сүйектен қуырдақтық ет қырқуға үйренген қазақстандық банктер өзінен несие алған кәсіпкердің не бизнес ұйымының қалтасын қағып, қит етсе кәсіпорнын тартып алуға бейім тұрады. Ірі қаржылық ұйымдарда банкрот болған зауыт-фабрика, жылжымайтын мүлік, автокөлік секілді бейінді емес активтердің үлкен көлемде қордаланып қалатыны да сондықтан.

Ал исламдық қаржыландыруда мәмілелер тек нақты қолда бар активтер негізінде ғана жасалады, исламдық банк өзі несие берген кәсіпкермен бірге тәуекелді бөліседі. Мұнда қарыз-ссудалық пайыз есептеуге тыйым салынған. Сондай-ақ шариғат қағидаттарына сәйкес келетін экономика секторлары ғана несиелендіріледі.

Әрине, исламдық банк картасы жоғарыда айтылған шектеулерді қояды. Бірақ сонымен бірге, мысалы, ата-аналар исламдық банктік картасы бар баласының сол арқылы ішімдік сатып алмайтынына, құмар ойындарымен елікпейтініне сенімді бола алады.

Бір қызығы, еліміздің Ұлттық банкі жақында ағылшын тілінде жариялаған "Kazakhstan Islamic Finance 2016: a new frontier for Islamic finance" атты есебіне жүгінсек, Қазақстанда сұрау салынған адамдардың 45,6%-ы (оның 33%-ы мұсылман емес) исламдық қаржы ұйымдарының қызметін пайдаланғысы келетінін айтқан. Тағы 28%-ы солардың ипотекасы арқылы тұрғын үй сатып алуға мүдделі екенін жеткізген. 11%-ы автонесиелендіруге, тағы 11%-ы шағын және орта бизнесті қаржыландырушы өнімдеріне қызығушылық танытқан.

Бұл саланың баяу дамуына нарықтың жақында ғана пайда болуы және жарнамасының жетіспеуі ықпал етіп отырса керек.

Айтқандай, халықаралық тәжірибе бойынша шариғат шартына сүйенетін банк карталарын иелену үшін клиенттің мұсылман болуы шарт емес, бірақ одан картаны пайдалануда шариғатта қарастырылған шектеулерді сақтау талап етіледі.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу