Кеше, 4 шілдеде Ұлыбритания патшалығында Парламент сайлау өтті.
Politico басылымы жалпыбритандық әлеуметтік сауалнама нәтижелерін жинастырып, кейінгі жылдары тиісінше Консервативтік (тори) партияға және Лейбористік партияға дауыс берушілер үлесінің қалай өзгергенін паш етті:
- 2020 жылғы 27 наурыз: Консервативтік – 51%, Лейбористік – 29%;
- 2020 жылғы 29 қазан – тиісінше, 39% және 39%;
- 2021 жылғы 22 мамыр – 43% : 32%;
- 2021 жылғы 23 қараша – 37% : 37%;
- 2022 жылғы 17 қаңтар – 32% : 41%;
- 2022 жылғы 20 қазан – 22% : 52%;
- 2023 жылғы 18 сәуір – 29% : 44%;
- 2023 жылғы 25 қазан – 26% : 46%.
Кешегі сайлаудың ақырғы қорытындылары кейінірек шығады, алайда еуропалық беделді ақпарат құралдары, соның ішінде британдық BBC Ұлыбританияда он бес жылға жуық кезеңде алғаш рет билік ауысатынын жариялап та жіберді.
"Билік басындағы консерватор Премьер Риши Сунактың орнына жаңа премьер-министр – лейборист Кир Стармер болады. Осылайша, егер Еуропадағы сайлауларда оңшыл популистердің танымалдылығы артып, жаппай жеңімпаз болып жатса, Британияда керісінше, билік басына солшыл прогрессивті күштер келуде", – деп жазды ВВС.
Бірде бір әлеуметтік зерттеу билік басындағы консерваторларға– "елдегі биліктің қайнары" саналатын Қауымдастар (өкілдер) палатасындағы 650 орынның 100-ден артығын "бермейді". Салыстырсақ, билік партиясы бүгінде 345 орынға ие.
Лейбористер керісінше, Тони Блэр дәуірлеген сонау 1997 жылдан бері болып көрмеген мандат санына қол жеткізетінге ұқсайды. Қауымдастар палатасының жаңа құрамына оның 400-ден көп депутаты кіруі мүмкін. Партия лидері Кир Стармерді құптау рейтингі 44%-ға жетті, оның қарсыласы Риши Сунактың рейтингі 23%-ға да жетпейді.
Осылайша, халықаралық сарапшылардың байламынша, лейбористердің жеңетініне еш күмән қалмаған. Мәселе тек биліктегі консерваторлардың жеңілісінің қаншалықты ауыр болатынында көрінеді. Сайлаудың ақырғы қорытындысының басты интригасы да сонда. Консервативтік партия аз қалған абыройын сақтап, екінші тұғырға көтеріле ме? Онда "корольдік оппозиция" ресми мәртебесін иеленеді. Немесе одан да терең құрдымға құлап, үшінші күшті – либерал-демократтарды алға оздыра ма?
Халықаралық сарапшылар іс басындағы Премьер Риши Сунакты алып кемесін мұзтауға соғылуға апара жатқан "Титаниктің" капитанына теңеді. Партиясын осындай тарихи жеңіліске жығатындай Сунак не істеп қойды? BBC сарапшылары Сунактың премьерлік лауазымдағы "жолашарларының" зілбатпан ауыр күнәсінің жүгін арқалауға мәжбүр болғанын айтады.
Мысалы, Премьер Дэвид Кэмерон елді "Брекзитке" соқтырып, Ұлыбритания корольдігін Еуропалық Одақтан шығарып тынды. Тори партиясы 2015 жылғы сайлауалды манифестінде ЕО-дан шығу туралы референдум өткізуге уәде еткен еді. 2016 жылғы референдумда "Брекзитті" қолдаушылар 52% дауыспен жеңіске жетті. Содан еуроинтеграцияның берік жақтаушысы Кэмерон бір жыл ғана премьер-министр болғанына қарамастан, дереу отставкаға кетті
Оның орнын басқан ізбасары Тереза Мэй Еуроодақтан шығудың британ еліне тиімді шарттары туралы уағдаласа алмады, содан соң ол 2017 жылғы маусымға кезектен тыс сайлау жариялап, онда жеңіліп қала жаздады. Саяси сауатсыздық танытып, өз тарихындағы ең нашар сайлауалды үгіт жұмысын жүргізген Консервативтік партия 317 орын ғана алып, Парламенттегі көпшілік даусынан айрылды.
Партия Тереза Мэйді Борис Джонсонмен алмастырды. ЕО-мен "ажырасу" шарттары бойынша Борис келісті, ізінше әшкереленгендей, ол шарттар Британия үшін қолайсыз болып шықты.
Содан кейін шетсіз-шексіз дау-жанжалдар басталды. Джонсон өзіне жақпаған Парламентті мерзімінен бұрын таратып жіберуге талпынды, онысы заңсыз екені мәлім болды. Артынша, әлемде ковид пандемиясы ушығып, билік атаулы бұқара атаулыны үйлеріне қуып тығып, оқшаулағанда Британия Премьері Б.Джонсонның іші пысқаннан қызметкерлерін Даунинг-стритке жинап, тойлағаны белгілі болды. Бұл "PartyGate" жанжалына соқтырды. Джонсонның Парламент депутаттарын алдауға талаптанғаны анықталды.
Британдықтар билік өзін бұқарадан биік ұстайды деп ұғынды, оған деген сенімі құлдырады: "Заң алдында бәрі тең, бірақ консерваторлардың құқығы кең" деген мәтел тарады.
Жанжал толқылы тағынан тайдырған Джонсонның орнына Лиз Трасс келді. Ол ел тарихындағы ең беделсіз Премьер болып, бұл лауазымды ең аз атқарған тұлға ретінде заманауи тарихқа енді. Оның салықты азайту және несиені арзандату саясаты баспана бағасының көтерілуіне түрткі болды. Қазынаны оңды-солды жұмсап, зейнетақы жүйесін жайратып сала жаздаған Трасс ханым 49 күн өткенде Үкімет басшылығынан және саясат сахнасынан мүлдем кетуге мәжбүрленді.
Осылардың бәрінің ісі Риши Сунакқа мұраға қалды. Бұл ретте оны да халық жалпыұлттық сайлауда сайлап алған жоқ: орынтақ оған тори партиясы мүшелерінің дауыс беруі арқылы тиді.
Артынша Сунактың да бұқарадан алыс екені әшкере болды: журналистер Үнді миллиардерінің күйеу баласы, экс-банкир Ришидің жұмысына тікұшақпен баруды қатты ұнататынын білді. Содан жұртпен бірге екенін паш ету үшін ел арасына шыққанда оның тіпті автомобильге бензинді қалай құю керектігін де білмейтіні анықталды.
Екінші Дүниежүзілік соғыстың бастапқы жылдарында гитлерлік Германиямен жалғыз дерлік алысқан Ұлыбритания жаһандық қырғыннан кейін жайрап жатты. 1950 жылдардан кейін қалпына келіп, өсім жолына тұрды. Бірақ кейінгі онжылдықтарда, консервативтік күштер билік құрған кезеңде Ұлыбритания экономикасы дәстүрлі түрде өсу орнына, кері кете бастады.
Салдарынан BBC жазуынша, халық кедейленуде, баспана тапшылығы күшейді. Мемқызметтер сапасы құлдырауда. Денсаулық сақтау жүйесі естен танып құлап, өз-өзіне келе алмады. Қымбатшылық шығандап барады, жалақы болса, оның соңынан ілесе алар емес. Мұның бәрі кейінгі жылдары ереуілдердің өршуіне соқтырды.
Лейбористер болса, әсіресе, халыққа қатты батқан дәрігерлер мен мейірбикелердің ереуілдеріне нүкте қоюға, операцияға деген кезекті қысқартуға уәде етті.
Ұлыбританияның Борнмут университетінің коммуникация факультетінің бас ғылыми қызметкері Валерий Аджиевтің жазуынша, 4 шілдедегі жалпыға бірдей сайлау нәтижесінде алдымен Парламенттің төменгі палатасы қалыптастырылады, содан кейін жаңа Үкімет құрылады.
"Сайлауалды жағдай Британия үшін тіпті де үйреншікті, дәстүрлі емес: әдетте, мұнда саяси процесс қызу бәсекеде өтеді және сайлау қорытындыларын болжап білу оңай емес еді. Бұл жолы бәрі түсінікті: 14 жылдай билік құрған консерваторлар Лейбористік партияға жеңіледі, ал тори лидері Риши Сунак креслосын Кир Стармерге босатып береді. Мәселе тек жеңістің ауқымы қандай болатынында. Болжам бойынша торилер жай ғана жеңілмейді, күйрей, ойсырай жеңіледі. Бұл бір жағынан соңғы жылдары елді тұйыққа бастап, тығырыққа тіреген консерваторларға деген сайлаушылардың терең түңілісін білдіреді. Екінші жағынан, британдықтар жаңаруды, өзгерістерді аңсайды. Лейбористердің "Change" (өзгеріс) деген сайлауалды басты ұраны да соны меңзейді", – деді Валерий Аджиев.
Оның айтуынша, жалпы алғанда, Риши Сунак берген уәделерін біршама орындады. Біріншіден, 10%-дан асып кеткен инфляцияны бүгінде 2%-ға дейін төмендетті. Екіншіден, экономиканың өсіміне қол жеткізді: 2022 жылдың соңғы тоқсанында Ұлыбританияның ЖІӨ-сі 0,1%-ға төмендеген. Ал, 2024 жылдың бірінші тоқсанында 0,6% өсімге шықты. Бұл "Үлкен жетілік" елдеріндегіден жоғары.
Үшіншіден, Ұлттық денсаулық сақтау жүйесінде (NHS) медкөмек күтушілердің кезегін қысқартуға сөз берді: кезегін күтушілер саны пандемия кезінен бері 7 миллион адамға жетті. Табысы салмақты емес, бірақ төмендеу тренді байқалады.
Сунак Британияға ағылған заңсыз мигранттардың ағынын тоқтатуға тәуекел етті. Заңсыз босқынданды Франциядан катерлермен өткізетін тұтас мафия қалыптасқан. Бұл бағытта елеулі жетістігі жоқ. Британ патшалығы "детеррант" саясатын әзірледі: өзара келісім аясында мұндай босқындар Руандаға аттандырылады. Оған айырбас ретінде Лондон бұл елдің инфрақұрылымын дамытуға 300 миллиондай фунт құяды. Алайда 2023 жылғы наурыздан бері мигранттар саны 40 мыңнан асып кеткен.
Өйткені заңсыз босқындарды Руандаға жолдау бастамасы бұғатталды. Британ Үкіметі Жоғарғы сотта Руанда мемлекетінің ол қашқындарды әрі қарай өз елдеріне депортацияламайтынын дәлелдей алмады. Демек, өз елдерінде ол адамдарға қауіп төнуі мүмкін.
Халықаралық сарапшылардың байламынша, Британиядағы биліктің ауысуы бұл елдің Украинаны қолдауына нұқсан келтіре алмайды: Лейбористердің ұстанымы Украина мәселесінде консерваторлармен бірдей. Соғыс басталғалы бұл партия және оның лидері Кир Стармер патшалықтың қолдауынан Киевтің қағылмайтынын қайталаумен келеді.
Бірақ Ұлыбританияның қару арсеналы жұтаң. Украинаның жеңісі немесе жеңілуі негізінен, АҚШ пен Германияның қолдауына байланысты.