Төтенше жағдай кезіндегі интернет желісінің жұмысы

3494

Жыл соңына дайін барлық ауыл интернетке қосылады.  

Төтенше жағдай кезіндегі интернет желісінің жұмысы

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дарын Тұяқов 1250 ауылды интернет желісіне қосу жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты.

"Байланыс операторларымен бірлесе отырып, бірқатар жобаны іске асырудамыз. Заңға сәйкес, операторлар өз қаражаты есебінен байланыс жүйелерін салып, оны дамытады. Бұл жұмыс 2018 жылы басталған болатын. Қазіргі кезде 1250 ауылды интернет желісіне қосу жұмысы жүзеге асуда. Бүгінгі таңда 50%, дәлірек айтқанда 607 ауыл интернетке қосылды. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасын табады. Қалған 643 ауыл биылғы жылдың аяғына дейін интернет желісіне қосылады", – деді вице-министр.

Сондай-ақ, ол жыл соңына дейін 250 адамнан көп халық тұратын 928 елдімекенде интернеттің 3G және 4G жоғары жылдамдықты технологиясы орнатылатынын айтты.

Байланыс операторлары басшылары интернеттің тұрақсыз болуы себебін түсіндіріп өтті. "Қазақтелеком" АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев танымал интернет ресурстардың кей кездері дұрыс жұмыс істемеуіне тоқталды.

"Netflix, YouTube тәрізді танымал ресурстар Еуропалық Одақтың өтініші бойынша сапасын төмендетті. Өйткені олар желіні "бітеп" тастайды. Ал сапасын төмендеткен кезде, пайдаланушыларда мәселе пайда болды. Дәл сондай мәселе Zoom жүйесінде де бар. Сол себепті қашықтан оқыту үшін Zoom жүйесінен бас тартылды. Ал екінші мәселе бойынша біршама жұмыс жүргіздік. Ол проблема желі жұмысының тепе-теңдігін ретке келтіру болды. Қазір желі сапасының жеткіліксіздігі байқалмайды", – деп айтып өтті Қуанышбек Есекеев.

Әріптесінің сөзін толықтыра кеткен Beeline Қазақстан компаниясының бас атқарушы директоры Евгений Настрадин компания карантинге алдын ала дайындалғанын айтты. Желіде бір жағдай бола қалса, 1-2 күнде мәселе шешіледі.

"Қаңтар айында қытайлық әріптестерімізден ол елде не болып жатқаны жайында хабар алып отырдық. Дайындық жұмыстарына қаңтар, ақпан айында кірістік. Жүйені күшейтіп, тасымал каналдарының ауқымын кеңейттік. Карантин аяқталғанша жеткілікті сақтық қорлары бар. Желіде апаттық жағдай, артық жүктеме болған жоқ. Желіде бір жағдай бола қалса, 1-2 күнде мәселе шешіледі. Басқа мобильді байланыс операторлармен бірлесе отырып, елдің барлық ауылдарын мобильді байланыспен қамтуды жоспарлап отырмыз", – деді Евгений Настрадин.

"Қазақтелеком" басшысы Zoom арқылы оқыту неге іске аспағанын да түсіндірді. Оның айтуынша, бұл жүйе білім беру үдерісіне арналмаған.

"Онлайн білім беруді Zoom жүйесі арқылы жүзеге асыру жоспарланған болу керек. Ол жүйеде болған мәселелер интернет провайдерлерге емес, Zoom жүйесіне қатысты. Zoom арқылы көптеген ел білім беруді іске асырғысы келді. Сингапур тәрізді елдер бұл жүйеден бас тартты. Біріншіден, байланыс тұрақсыз болды. Екіншіден, толыққанды сабақ өткізуге қолайсыздық туды. Күніне миллион адам, соның ішінде сыртқы ресурстардан көп адам қосылған кезде зор проблема туындауы мүмкін. Әрі бұл жүйе білім беру үдерісіне арналмаған. Мен педагог-әдіскер емеспін, бірақ білуімше, онлайн оқытуда барлық оқушы бір уақытта онлайн отыруды білдірмесе керек. Олар онлайн тапсырмалар алады, сынақтар, емтихандар тапсырады. Үйге берілген тапсырмаларды орындайды. Жалпы интернетті жақсы немесе жаман жұмыс істейді деп әркім айта алады. Мысалы, YouTube арнасын көп адам көргенімен, біздің жүйелерде жақсы істеп тұр", – деді Қуанышбек Есекеев.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу