Трамп & TikTok

6287

АҚШ президенті қытайлық видеосервистен не жабылуды, не америкалық компанияға айналуды талап етіп отыр. 

Трамп & TikTok

АҚШ үкіметі Қытайдың TikTok және WeChat қосымшаларына ауыр соққы беріп, оларды жүктеудің жолын жауып жатыр. Президент Дональд Трампқа сенсек, Қытай үкіметі бұл қосымшаларды тыңшылыққа пайдаланып отыр. Ал, TikTok-тың өзі мұны үнемі жоққа шығарып келеді.

Дегенмен, Трамп  TikTok-ты "өте-мөте танымал әрі ғажап компания" деп атап, оған тығырықтан шығатын жол ұсынды. Екі бәсекелес держава арасындағы даудың құрбанына айналған қосымшалар жайлы қысқаша сұрақ-жауаптар төмендегідей: 

Тыйымдар өз күшіне қашан енеді?

TikTok пен WeChat қосымшаларын смартфондар дүкендерінде қолдануға тыйым салу туралы бұйрық жексенбі күні – қыркүйектің 20-сында күшіне енді. Сондықтан қытайлық видеосервис пен мессенджерді енді АҚШ территориясында телефонға жүктеп алу мүмкін емес.

Егер Қытайдың ByteDance компаниясы TikTok-тың Американың ұлттық қауіпсіздігіне зиянсыз екеніне Вашингтонның көзін жеткізе алмаса, бұл қосымшаға салынған тыйым 12 қарашада тіпті кеңейтіледі. Яғни, АҚШ-та президенттік сайлаудан кейін TikTok-тың қызметі оны дауға дейін жүктеп алған 100 миллиондай адамның смартфонында да шектеледі.

 Бірақ Трамп айтқандай, ол видео бөлісуге арналған әйгілі қосымшаны Oracle және Walmart компанияларына серіктес етіп,  "Қытайға еш қатысы жоқ" америкалық компанияға айналдыру туралы келісімді мақұлдаған. Алайда бұл туралы құжат қол қоюға бүгінше толық дайын емес.

TikTok, WeChat деген не?

TikTok – қысқаша видеоны түсіруге және тамашалауға арналған смартфон қосымшасы. Түрлі билерімен, күлкілі оқиғаларымен танымал қосымшаны негізінен жасөспірімдер мен жастар көбірек қолданады. TikTok-қа сенсек, оны АҚШ-тың өзінде жүз миллиондай, әлемде миллиардтан астам адам қолданады. TikTok –тың видео және ірі компаниялардың жарнамаларын орналастыру арқылы адамдарға табыс табуға мүмкіндік беретін өзіндік ықпалы мен мәдениеті бар.

WeChat – хабарлама алмасуға, достармен, отбасылармен, клиенттермен, кәсіпкерлермен байланыс орнатуға арналған қосымша. Оның иесі – Қытайдың технологиялық алыбы – Tencent мәлімдегендей, WeChat-ты Қытайда бір миллиардтай адам мәтін жіберуге ғана емес, такси шақыруға , төлемдер жасауға және де өзге де сан түрлі қызмет түрлеріне пайдаланып отыр.

Бұған дейін АҚШ-та смартфон қосымшаларына тыйым салынды ма?

Дәл бұлай шектелмеген. Тұтынушылық құпия жөніндегі сарапшы Пол Бишофф "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында Қытайда мұндай тыйым – үйреншікті жағдай екенін айтқан.

Бишоффтың сөзінше, алаңдатарлық жайт сол – Қытай үкіметінің TikTok-ты шын мәнінде шпионажға пайдаланғанына ешқандай дәлел жоқ және де оған енгізілген жеке мәліметтер өзге әлеуметтік желілерге де жазылады.

"Біз бірінші рет қаулы негізінде қосымшаға тыйым салып отырмыз. Бүгінгі әкімшілік тағы қандай қосымшаны қауіпке балап, ұнатпайды екен?  Бұл да қызық сұрақ", – дейді Бишофф.

Америкада TikTok-қа енді кім басшылық етуі мүмкін?

Трамп TikTok-тың қызметіне мүлде тыйым салғысы келген еді. Алайда бұл қосымшаны сату туралы келісім пайдалы көрінгендіктен, президенттің қытайлық видеосервиске қатысты позициясы біршама жұмсарды.

Алдын-ала уағдаластыққа сәйкес, ByteDance компаниясы TikTok –тың америкалық сегменті акцияларының кемінде 60 %-ын АҚШ-тағы  Oracle және Walmart және тағы басқа фирмаларға сатуға тиіс. Сонда TikTok-тың жергілікті (америкалық) бөлімшесі  Құрама Штаттардың бақылауына өтеді. Дегенмен, өзге бір мәліметтерге қарағанда, құнды қағаздардың 80 пайызы ByteDance-тың  өз иелігінде қалады. Ал, Oracle мен Walmart өкілдерінің сөзінше, олар TikTok Global акцияларының 20 пайызын сатып алады және компания директорлар кеңесі мүшелерінің көбі америкалықтар болмақ.

Бұған қоса, екіжақты келісімге сай, TikTok АҚШ-та 25 мың жаңа жұмыс орнын ашып, Америка бюджетіне 5 миллиард доллардан астам салық төлеуге тиіс болады.

Арыс Әділбекұлы


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу