Трамп үш елді тығырыққа тіреуде

1165

Жыл басында ғана АҚШ президентінің қызметіне кіріскен Дональд Трамптың әр мәлімдемесі америкалықтардан өзгелерге жағып жатқан жоқ. 

Трамп үш елді тығырыққа тіреуде Фото: style.rbc.ru

4 ақпаннан бастап Америкада Канада, Мексика және Қытайдан келетін импортқа баж салығының жаңа тарифтерін енгізу туралы жарлық күшіне енді. Аталған үш ел қазір жауап қайтарудың жолдарын қарастыруда. Кезекті "сауда соғысының" салдары қандай болуы мүмкін?

Ескі "соғыстың" жалғасы

Жалпы, жаңа президент популистік негізде ме, әйтеуір алыс-жақын елдердің бәрін назарынан тыс қалдырмауда. Енді АҚШ Канада мен Мексикадан келетін тауарларға 25 пайыз, қытайлық өнімдерге 10 пайыз баж салығын салады. Бұл шешімді тек президент ғана өзгерте алмақ, онсыз мерзімі жалғаса береді.

Әрине, мұндай сәтте тауары салыққа ілінгелі тұрған үш ел жауапсыз қалмайтыны анық. Бірақ жарлықта бұл ситуацияны да ойластырып қойғанға ұқсайды. Мәтінінде егер Канада, Мексика және Қытай қарсы шара қолданса, АҚШ президенті тарифтерді одан әрі көтеруі мүмкін екені жазылған.

Негізі Трамптың сауда саясаты өзге елдерге оңайға соқпайды. Мәселен, бұл шаралар Қытай юанын 10–15%-ға әлсіретуі мүмкін. Болжам бұған дейінгі Bloomberg хабарлағандай, JPMorgan Chase-тің мәліметіне негізделген.

JPMorgan-ның бас экономисі Джахангир Азиз бастаған сарапшылар тобы баж салығын енгізудің ең үлкен соққысын дамушы нарықтар, әсіресе Қытай сезінеді деген еді. Олар Қытай тауарларына салынатын баж салығы 60%-ды құрайтынына сенімді болған. Соның салдарынан Қытайдың экономикалық өсімі де баяулауға тиіс. Ал юань құнсызданған жерде баж салығын төлеу тіпті қиындай бермек. Болжамда Мексиканың да жағдайы ауырлайтыны айтылған. Bank of America-ның дамушы нарықтарға қатысты бірқатар пессимистік пікірлерімен сәйкес келеді.

Есімізде болса, 2016-2020 жылдары да Трамп АҚШ президенті болып тұрғанда дәл осы Қытайға қатты шүйлігіп, "сауда соғысын" жасаған еді. Дегенмен оның салдарынан Қытай экономикасы қатты зардап шеге қойған жоқ. Шамасы, бұл жолы президент аяқталмай қалған әрекетінің нүктесін қоюға талпынып жатқандай. Сарапшы Марат Шибутов сөзінше, мәселеде ақшаның рөлі маңызды.

– Трамптың мақсаты – АҚШ-тың аталған үш елмен сауда балансын реттеп, америкалық экспортты арттыру, соған сай импортты азайту. Бұл өз кезегінде АҚШ экономикасына жүздеген млрд доллар әкеледі әрі отандық өндірісін қолдайды, – дейді.

Қарсы тарап қандай жауап қайтармақ?

Әзірге Канада, Мексика және Қытай жауап ретінде қарсы шараларды іске асыруға көшкен жоқ. Десе де алғышарттардың нышаны байқалады. Мысалы, Канада премьер-министрі Джастин Трюдо 6 ақпаннан бастап АҚШ тауарларына 25 пайыз баж салығы қолданыла бастайтынын мәлімдеді.

– Америкалық баж салығы сияқты біздің жауабымыз да ауқымды болады. Америкалық сыра, шарап және бурбон, апельсин шырынын қоса алғанда, жемістер, шырындар, сондай-ақ көкөністер, парфюмерия, киім және аяқ киім сияқты күнделікті сұранысқа ие тауарларды қамтимыз. Тұрмыстық техника, жиһаз және спорт жабдықтары сияқты негізгі тұтыну тауарларын, сондай-ақ кесілген материалдар мен пластмассаны да салыққа қосамыз, – деп хабарлады Джастин Трюдо.

2023 жылы Канада АҚШ-қа 550 млрд канадалық долларға жуық сомаға тауар мен қызметтерін экспорттаған. Энергетика экспорттың 30 пайызын, ал өңдеу өнеркәсібі шамамен 15 пайызын құрады.

Көріп отырғанымыздай, қарсы тараптар та жабыла әрекетке көшсе, АҚШ-та кей өнімдердің бағасы қымбаттайтыны анық. Ал Америка билігі қымбатшылыққа қарсы қандай жоспарлары барын ашып мәлімдемеген.

Мексика президенті Клаудия Шейнбаум болса сенбі күні АҚШ-тың баж салығын енгізу туралы шешіміне жауап ретінде қарсы баж салығын енгізуді тапсырды. Атап айтқанда, шошқа етіне, ірімшікке, жаңа піскен өнімдерге (алма, жүзім, картоп, клюква), сондай-ақ болат пен алюминийге 5%-дан 20%-ға дейін салық енгізбек.

– Мен экономика министріне Мексиканың мүдделерін қорғау үшін тарифтік және тарифтік емес шараларды қамтитын Б жоспарын іске асыруды тапсырамын, – деп жазды Клаудия Шейнбаум X. әлеуметтік желісінде.

Халық санағы бюросының мәліметінше, 2023 жылы АҚШ-тың Мексикаға экспорты 322 млрд АҚШ долларын құрады, ал АҚШ 475 млрд АҚШ долларынан астам сомаға мексикалық өнімді импорттады.

Қарсы жауап қайтаруда Қытай аса белсенді емес. Алғашында қарсы шара болады деп уәде еткенімен, Трамп әлемдегі екінші экономикаға тек 10 пайыз баж салығын енгізетін болғалы ниеттерінен бас тартты. Мұны Financial Post жариялады.

Алайда Қытайдың Сауда министрлігі халықаралық сауда ережелерін "елеулі бұзушылық" деп айыптап, АҚШ-қа қарсы Дүниежүзілік сауда ұйымына "талап-арыз" бермек. Бейжің "өз құқықтары мен мүдделерін сенімді қорғау үшін тиісті қарсы шаралар қабылдайды" делінген.

– Баж салығын енгізу тәжірибесі конструктивті емес және екі тарап арасындағы есірткіні бақылау бойынша ынтымақтастықтың болашағына сөзсіз әсер етеді, – депті Қытайдың Сыртқы істер министрлігі.

Канада мен Мексика қарсы шара қолдануға ниетті болғанымен, Бейжіңнің реакциясы салмақты болып шықты. Қытайдың бірде-бір мәлімдемесінде қандай да бір жауап шаралары туралы нақты мәліметтер жоқ, соған қарағанда мәселені тереңінен зерделеп жатқанға ұқсайды.

– АҚШ-тың сауда саясатының басты назарында Қытай емес, Канада мен Мексика тұр. Бұған осы елдер үшін енгізілген жоғары тарифтік мөлшерлемелер дәлел. Қытай мен АҚШ арасындағы сауда келіссөздері ұзақ процесс болады, – деп есептейді "Pinpoint Asset Management" президенті және бас экономисі Чживэй Чжан.

Ал "Natixis" компаниясының аға экономисі Гэри Нганың айтуынша, Трамп енгізген баж салығы "сауда соғысының" жаңа кезеңін білдіреді.

– Қытай АҚШ-тың импортына жауап ретінде баж салығын енгізуді, аса маңызды материалдардың экспортын бақылауды және кейбір америкалық компаниялар үшін нарыққа шығуды шектеуді қоса алғанда, бірнеше жолмен жауап қайтару шараларын қабылдай алады, – дейді Гэри Нга.

Әзірге тараптардың текетіресі енді басталуда. Оның салдары бірнеше айлардан кейін біліне бастауы мүмкін. Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға белгілі бір әсері болады дегенге сену қиын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу