Соңғы уақытта елімізде ағза ауыстыру мәселесі жиі көтеріліп жүр. Тіпті, электрондық үкімет порталында жарық дүниемен қош айтысқан соң ағзаны беруге келісім берер-бермесіңізді білдіретін арнайы функция бар. Жақында туыс-туғанның келісімін алу-алмау мәселесі де қоғамның қызу талқысына түсті, деп жазады Inbusiness.kz тілшісі.
Ағзаны ауыстыру қалай жүргізіледі?
Жалпы, Қазақстанда бақилық болған адамның ағзаларын трансплантациялау әдісі 2012 жылдан бері жүргізіліп келеді. Былтыр елімізде тірі адамдардан ағза алуға қатысты 215 ота, марқұм болғандардан 15 ота жасалды. Бұған қатысты қоғамның ойы сан алуан болып, кей адамдар моральдық-психологиялық тұрғыдан әлі де дайын болмағандықтан, ағза ауыстыру оталары сирек жасалады.
Соңғы 10 жылдан астам уақыт аралығында Павлодар облысында 13 адам өлімнен кейін донор атанды. Соңғы трансплантация былтыр болды. Жыл соңына қарай облыс орталығының 40 жасар тұрғыны далада инсульт алып, құлады. Ақ желеңділер оның өміріне араша түспек болғанымен, әйел адамды аман алып қала алмады. Өкінішке қарай, миы жұмысын тоқтатты. Өзінің өмірі үзілсе де екі адамның бойында оты өшкелі тұрған үмітті қайта жақты. Жолдасы өз келісімін беріп, әйелдің бүйрегін екі адамға ауыстырды. Олардың бірі – жүрегі үш рет тоқтап, бірнеше отадан өткен 14 жасар қыз. Желтоқсанның ортасында күн борандатқандықтан донорлық ағзаны Астанаға ұшақпен жеткізу мүмкін болмай, әрең дегенде медициналық бригада үшін пойызға билет тапты. Елордалық мамандар отаны сәтті өткізді. Қазір бойжеткеннің беті бері қарап қалды. Сөйтіп, павлодарлық бір келіншек екі бірдей адамның алаңсыз өмір сүруіне мүмкіндік жасады.
"Бұл - сирек жағдай. Көбінесе қайтыс болған адамның жақын-жұрағаты ағзаны алмастыруға келісім бермей жатады. Кейбірі қалай әрекет ететінін білмей, абдырап қалады. Діни көзқарасқа қатысты ойланатындар да бар. Сондай кезде мешітке не шіркеуге барып, діни қызметкерлермен ақылдасуға кеңес беріп жатамыз", - дейді Павлодар облысы трансплантология бойынша өңірлік үйлестіруші Дмитрий Потребух.
Бұл ретте маман кей адамдар науқастың ағзасын алу үшін әдейі өлімге қияды деп ойлайтынын тілге тиек етті. Айтуынша, мұндай жаңсақ пікір жанға қатты батады.
"Қоғам арасында осындай теріс ой-пікірлерді оқып, естіп қалып жатамыз. Біз үшін әр адамның өмірі маңызды. Реанимация бөліміндегі дәрігерлер сырқат адамның соңғы демі қалғанша өліммен күреседі. Дәрігерлердің консилиумы ми жұмысын тоқтатты деген қорытынды шығарған соң ғана трансплантология бойынша үйлестірушіні шақырады", - деп түсіндірді ол.
Өз кезегінде үйлестіруші барлық анықтама, құжаттарды тексереді. Егер көзі тірісінде адам донорлықтан бас тартпаса, психологпен бірге туыс-туғандарымен сөйлеседі. Олардың ойлануына уақыт береді. Жауабын күтеді.
"Бірақ көп күтетін уақыт жоқ. Ол шектеулі. Уақыт өткен сайын миы жұмысын тоқтатқан науқастың басқа ағзалары да істен шыға бастайды. Себебі олар мидың емес, ИВЛ аппараттың, басқа да дәрілік препараттардың көмегімен "өмір сүреді", - дейді үйлестіруші.
Туыстары ағзаны алуға рұқсат берсе, дәрігерлер бірнеше сараптама түрін алып, тексеруден өткізеді. Егер донордан қандай да бір инфекция анықталса, ағза ауыстырылмайды.
Туыстар келісімі керек пе?
Бүгінде елімізде 40 ұйым ғана донорларды анықтай алады. Тағы бірнеше зертхананың донор мен ағзаны қабылдаушы адам арасындағы өзара сәйкестікті анықтай алатын құзыреті мен мүмкіндігі бар. Ал отаның өзін тек 8 орталық жасайды.
Заңға сәйкес, миының жұмысы тоқтаған, 18 жастан асқан азаматтар ғана донор бола алады. Бірақ ол көзі тірісінің өзінде электронды үкімет порталы арқылы донорлыққа келісім бергенімен, ол о дүниеге аттанған соң туыстары қарсылық білдірсе, донор бола алмайды. Жақын адамдарының пікірі екіге жарылса да ағза алмастыру отасы жасалмайды.
Сондықтан таяуда туыс-туғанның келісімін алмай-ақ трансплантация жасау керек деген ұсыныс айтылды. Ағзаны алу үшін бұған дейін адамның өзі рұқсат берсе болғаны, деп пайымдайды "Қазақстан халқына" қорының төрағасы Болат Жәмішев.
"Қазақстанда мыңдаған адам ағза алмастыру операциясын күтуде. Егер денсаулық сақтау саласына қатысты заң еліміздегі қайтыс болған азаматтардың ағзаларын туыстарының келісімінсіз-ақ алуға мүмкіндік беретін болса, көптеген адамның өмірін сақтап қалуға болады.
Қазіргі таңда "Қазақстан халқына" қорына шетелде органдарды сатып алу ақысын төлеуге қатысты қаржылай көмек сұраған тұрғындар тарапынан өтініштер жиі келіп түседі. Яғни, қордан жәрдем сұраушылар көп. Бірақ бұл мәселені шешу үшін өте қомақты қаражат қажет болғандықтан, барлығына бірдей қол ұшымызды бере алмаймыз. Осы тығырықтан шығу үшін заңға өзгерістер енгізілуі тиіс. Дәрігерлер де қордан ақша қажет еместігін алға тартып, одан да елімізде мәйіт донорлығы қайта жұмыс істейтіндей етіп заңды өзгерту тиімді екенін айтып отыр. Бүгінде Қазақстанда 4 мыңға жуық адам, оның ішінде 90 бала трансплантациялауды күтуде", - деген болатын қор басшысы.
Дей тұрған, кей тұрғындар мұндай бастамаға қарсылық танытып отыр. Олардың пайымынша, марқұмның донор болу-болмауын ата-анасы, баласы, жары шешуі тиіс.
"Соңғы кездері әлемде, оның ішінде біздің елде де жантүршігерлік жағдайлардың орын алып жататыны жасырын емес. Кей адамдардың ағзасы саудаға шығатыны тағы бар. Егер марқұмның туыстарынан донорлыққа қатысты рұқсат алынбайтын болса, олардың дене мүшелері заңсыз табыс көзіне айналып кетпесіне кім кепіл? Сондықтан міндетті түрде жақын адамдарының ресми рұқсаты болған кезде ғана трансплантация жасалғаны жөн деп санаймын", - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Ақбота Болатқызы.
Трансплантология бойынша үйлестіруші Дмитрий Потеребухтың сөзінше, қазіргі кезде көп жағдайда кеудесінде жаны бар адамдардың арасында ғана ағза алмастырылады. Олардың барлығы дерлік туған ағайындылар немесе ата-анасы мен балалар. Кейбір науқас адамдардың бауыры мен бүйрегін беретін туысы да жоқ. Сондықтан аппараттарға ғана сеніп өмір сүруге тура келеді. Маман мәйіт донорлығына қатысты адамдардың көзқарасы өзгерген кезде ғана дертке шалдыққан өзге адамдардың жағдайы жақсаруы мүмкін екенін алға тартады. Марқұм болған бір донор орта есеппен 7 адамға екінші өмір сыйлай алады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Павлодар облысында 173 науқас ағза алмасуын күтіп жүр. Оның төртеуі – бала. Дәл қазіргі кезде алты адамға бауыр, екеуіне жүрек, тағы біріне өкпе ауыстыру аса маңызды. Уақыт оларға қарсы жүріп жатыр. Әрине, мұндай жағдайда донорлыққа келісім беру-бермеу, жақынынан қапыда айырылған азаматтардың мәйітті донорлыққа тапсыруға рұқсат ету-етпеуі – әркімнің өз еркі.