Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-сұхбатта Қазақстанның профилактикалық медицина Академиясының президенті, дәрігер-ғалым Алмаз Шарман әлемдегі коронавирус инфекциясының екінші толқыны туралы тың деректерді ортаға салды. Профессордың сөзінше, пандемия әр уақытта, әр елде түрлі көрініс табады.
"Індетті Жаңа Зеландия, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Сингапур сияқты елдер жеңіп шықты. Алайда Италия, Испания, АҚШ сияқты кей мемлекеттерде адам өлімі мен науқастар әлі де көптеп тіркелуде. Оңтүстік жарты шардағы Аргентина, Чили, Оңтүстік Африка, Австралияның да көрсеткіштері осындай. Олар қыс мезгілінен аман өтіп, көктем мезгіліне аяқ басуда", – дейді дәрігер.
Қосарланған эпидемия
Аргентина, Чили, ОАР-да көктем мезгілі басталды. Қатаң локдаун, карантин шараларын ұстанған елдерде тұмау мен Covid-19 көрсеткіші төмен. Ал карантин қатаңдатылмаған елдерде Covid-19 да, тұмау да өрши түскен. Мұны Алмаз Шарман қосарланған эпидемияның көрінісі деп атады.
"Сондықтан барлығын вакцина алуға шақырамын. Қала әкімдігінің вакцина алып жатқаны қуантады. Себебі біз екі инфекциядан сақтанамыз. Сонымен қатар, бұл медициналық қызметкерлерге аурудың симптомын ажыратуға мүмкіндік береді. Бразилияда тұмаудан вакцина коронавирустың ауырлығын 20%-ға төмендеткен. Ал белгілі болғандай, Covid-19 салдары тұмаудан гөрі 10 есе ауыр", – деді маман.
"Covid-19-дан кейінгі жағдай"
Алмаз Шарманның айтуынша адамзат қазір "ковидтен кейінгі жағдай" деп аталатын жаңа феноменімен бетпе-бет келуде. Яғни, Covid-19-бен ауырған науқастарда біраз уақыттан кейін басқа асқынулар пайда болуда. Бұл әлсіздік, созылмалы шаршау синдромы, неврологиялық, жүрек және басқа белгілер.
"Бүкіл әлем дәрігерлері өте маңызды мәселеге тап болды. Сондықтан, халық күзгі-қысқы маусымда және коронавирустың екінші толқынын байыппен қабылдауы керек. Індеттің жаңа формасы Еуропа мен Азияның әртүрлі елдерінде пайда болады. Бұл күзгі кезеңге, күннің салқындауы әсерінен туындауда. Егер Қазақстанда эпидемияның екінші толқыны болатын болса, оның қаншалықты қауіпті болатыны тікелей өзімізге байланысты", – деді Алмаз Шарман.
Covid-19-дан жазылғандар да бетперде тағуы керек
Дәрігердің сөзінше, вирус адамның ауыз қуысында сақталуы мүмкін. Бұған қоса антиденелердің де қанша уақыт адамды қорғай алатыны да толық зерттелмеген. Сондықтан ғалым бетпердені тастамауға кеңес берді.
"Коронавируспен ауырған адамдар да маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтауы қажет. Иә, иммундық қорғаныс бар, антиденелер пайда болады, антиденелер ғана емес, сонымен қатар жасуша иммунитеті дамыды. Бірақ ол қанша уақытқа жететіні белгісіз. Оны әлі ғалымдар зерттеп жатыр. Сіз ауырмасаңыз да, вирус сіздің ауыз қуысыңызда болып, өзгелерге тарап кетуі мүмкін. Маска өзіңізді емес, маңайыңыздағыларды қорғау үшін керек. Сондықтан баршаңызды маска тағып жүруге шақырамын", – деді спикер.
Бетперде тағу Қазақстанда да жаңа мәдениетке айналуы мүмкін
Оңтүстік Азия елдерінде халық бұрыннан-ақ күнделікті өмірде бетперделерін тастамайды. Оның экология мен маусымдық инфекциялардан сақтау сынды бірнеше себебі бар. Алмаз Шарман бұл мәдениет Қазақстанға да келетінін алға тартып отыр.
"Менің ойымша, маска тағып жүру болашақта жаңа мәдениетке айналады. Бетперде ыңғайсыздық тудыратыны рас. Алайда шетелдік сарапшылардың пікірінше бетперде тағу коронавирустың екінші толқынының өршуін бәсеңдетуге септігін тигізеді. Әрине, ол вирустан 100% қорғамайды. Бірақ вирустық жүктемені азайтатыны анық. Яғни, егер адамның ағзасына 1-2 вирус түскен жағдайда, ол ағзада антидене түзілуіне мүмкіндік береді", - деді ғалым.
Құралай Құдайберген
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!