"Әкімге халық атынан петиция жазатын сен кімсің?"

9209

Өскемен әкімі Жақсылық Омардың отставкаға кетуін талап етіп, президент атына петиция жариялаған заңгер Роман Честныхқа жергілікті журналист, ақын, депутат және өзге де белсенді адамдар шүйліге бастады. Депутат бастаған бір топ адам оның кеңсесіне дейін іздеп барып, "әкімге халық атынан петиция жазатын сен кімсің?" деп сұраған. 

"Әкімге халық атынан петиция жазатын сен кімсің?"

Алғашқы тәулікте 1,3 мың қол жинаған петицияда шаһар басшысының жұмысына халық разы емес екені жазылады. Онда экология, жаңа тұрғын аудандағы үйлердің сапасыздығы, қоғамдық көліктердің ескі һәм уақытылы жүрмеуі сыналады. Басқа да мәселелер қамтылған.

"Қоғамдық көлік мәселесі ушыққаны сонша, тұрғындар қала әкімдігін сотқа беріп, сол арқылы ғана міндеттерін орындатуға мәжбүр болып отыр", – делінеді ұжымдық өтініште.

Расымен, Вера Томская есімді тұрғын әкім мен ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің үстінен сотқа шағым түсірген. Сот 1 ақпанда екі тарапты татуластырған, ТҮКШ бөлімі шағымданушы айтқан маршрутқа автобус шығару үшін тендер жариялауға міндеттелген.

Inbusiness.kz тілшісі шенеунікті кімдер, қалай қорғап жатқанын бақылап, Честныхтың өзімен тілдесті, мамандардың пікірін білді және осы көлемді мақаланы жазды.

Марапат пен демеушілік

Журналист Дарын Нұрсапар: "Роман Честных деген сияқтылар Өскеменде тым белсенді бола бастады ғой. Бұл нені білдіреді? Өзінің артынан ерген қалың тілеулестерінен қол жинап құтыра бастапты", – деп бастайды жазбасын.

Айтуынша, Жақсылық Омар "Өскеменнің қазағының ұпайын түгендеген", "Өскемен" деген жазуды қаланың барлық қақпасына қойып берген" басшы.

 

Алайда пост иесі "мен қаланың әкімін мақтап отырғам жоқ, күрк-күрк еткен қара түтін кәрі автобустары әлі жүр көшеде", – деп ескертеді.

Айта кету керек, Дарын Нұрсапар қалада куиз ойынын ұйымдастырады. Қатысушылары ақы төлейтін бұл жарысқа Жақсылық Омар демеушілік еткен.

 

 

Әкімдік Тәуелсіздікке арналған шығармашылық конкурс өткізгенде Дарын Нұрсапар Омардың қолы қойылған "үздік пост иесі" деген дипломға иелік етіп, ақшаның сертификатын алғаны да белгілі.

"Осындай жайдары екенін білмеппін"

"Қазіргі кезде жақсыны жарға жығу, жоқ жерден дүрбелең тудырып, көпшіліктің көңілін алаңдату белең алып бара ма, қалай?".

Белгілі айтыскер Серік Қуанғанұлы да даудан тыс қалмады, фейсбугінде осындай жазба қалдырды.

Оның Жақсылық мырзадан көрген "жақсылығы" басқалардан алабөтен екені әмбеге аян.

 "Екі күн бұрын Өскеменнен Үржардағы республикалық айтысқа аттанайын деп жолға қамданып жүрген кезімде, белгілі ақын Өскемен қаласының мәдениет бөлім басшысы – Қалқаман Сарин ағам хабарласып, қалалық әкімшілікке тездетіп жетуімді сұрады. Сағат болса түнгі онға жақындаған, басында абдырап қалсам да бардым. Алдымыздан қала әкімі Жақсылық Мұқашұлы жылы жүзбен күтіп алды. Бұрын бірнеше рет жолығып әңгімелесіп жүрсем де Жақсылық ағаның осындай жайдары адам екенін білмеппін. Сонымен не керек шәй ішіп әңгімелесіп бейқам отырғанбыз. Бір мезетте Жақаң қалтасынан бір кілтті алды да жаныма қойып, мынау сенің үйіңнің кілті деді. Мен аң-таң болып отырып қалыппын", – деп, болған оқиғаны әңгімелейді айтыскер.

Шығыс Қазақстан облысында, 2021 жылдың басындағы мәліметке сүйенсек, 33,4 мың адам үй кезегінде тұр, оның ішінде 2 285 көп балалы отбасы бар.

 

 

 

 

Ұлтқа бөліну туралы кім жазды?

Жазушылар одағының ШҚО-дағы филиалының директоры Әлібек Қаңтарбай петициядан жұмбақ астар іздейді.

"Қазақстандағы 2022-нің қаңтарындағы қанды оқиғадан соң ел Президентінің кадрлық саясатына танауларын айтақтап, ұрымтал сәтті тосып отырған екіұрық (сеператист) біреулер Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омарға деген баяғыдан бергі былапыт, лас сөздерін қарша бората бастапты. [...] Роман бұл жерде әкімді жамандаса халықтың ұлтына, тегіне қарамай бақан ұстап, өре түрегелетінін жақсы біліп отыр. Қазақ мұндайды: "Темірді қызған кезінде соғу" дейді. Романға жақпай отырғаны бір ғана мәселе, ол – Өскеменнің қазақы түс алып, күн санап қазақыланып бара жатқандығы!", – деп жазады ол.

"Бірақ жазбаларында ол жайлы (ұлт мәселесі жайлы – авт.) жақ ашпайды. Тактика!", – деп болжам жасайды Әлібек Қаңтарбай және Честныхтың ұлт мәселесі жөнінде жазбағанын өзі еске салып, сөзіне қарсы шыққандай болады.

Әлібек Қаңтарбайдың айтуына қарағанда, "жер сату", Жаңаөзен оқиғасы, Жириновскийдің мәлімдемелері және өзге де ұлттық тақырыптарда "үнсіз қалған" Роман Честных қала әкіміне де қарсы "үндемеуге тиіс".

 

Расымен, Әлібек Қаңтарбай айтқандай, біз Роман Честныхтың жазбаларынан ұлт мәселесіне қатысты жолдар таппадық.

Қайта басқалардың жазбаларынан қазақ, орыс туралы жолдар көзге түседі.

"Орекеңдерге қазақы әкім ұнамайды, қазекеңдерге орыс тілді әкім ұнамайды", – дейді журналист Азамат Қасым "петиция" тақырыбы қызып тұрған сәтте.

"Бұларға жалпы қазақ ұлты, қазақ мемлекеті ұнамайды!", – деп кесіп айтады Тарбағатай ауданының экс-әкімі Түсіпхан Түсіпбекұлы.

"Тұрысатын жерлерін анықтап алсын"

Осы мәселеге өңірдегі өзге де тілшілер бірауыз сөзін арнап жатты.

"Улап-шулап, қол жинап, Ж. Омарды орнынан алғызғанымен, келесі әкімді сөредегі заттай таңдап ала аламыз ба? Роман шертіп жүріп, сіз қалаған әкімді тауып бере ме? Қала, аудан әкімін сайлау заңда да жоқ. Дүрмекке еріп, петицияға қол қойып, ертең шынтақ тістеп жүрмейміз бе? Тойып қуғандар мен хайп қуғандарды байқайық", – деп "заңға сүйене" сөйлейді журналист Мерей Қайнарұлы.

"Қала әкіміне жекебас жеккөрушілігі болса, оған бүкіл қала халқын араластырмай екеуара тұрысатын жерлерін анықтап алсын", – дейді Олжас Керейхан.

Осылайша, олардың жазбасы Омарды ақтап алуға тырысқандай көрінді.

Әріптестері туралы журналист Сәтжан Қасымжанұлының пікірін білуге тырыстық.

"Әріптестерімнің Жақсылықтан (Омар – авт.) қандай жақсылық көргенін білмеймін. Олар мүмкін қазақы әкімді қолдайтын шығар. Менің ойым мынау: Жақсылық Омар шынымен ұлттың ұпайын түгендеп жүрген адам болса, Өскемендегі Тәуелсіздік даңғылының атауын Назарбаев деп ауыстырар кезде қайраткерлігін көрсетуі керек еді. Яғни тым болмаса басқа көшенің атауын беруге әрекет етуі керек еді. Ол небәрі бұйрықты орындауға міндетті адам екенін білеміз, бірақ әрекет етуі керек еді", – дейді Қасымжанұлы.

"Қаланың келесі әкімі қазақ болады және мұны Роман Честных дұрыс деп есептейді"

Петицияның авторы Честных мырзамен аз-кем сұхбаттасқан едік.

- Роман мырза, Өскемен әкімі Жақсылық Омардың отсавкаға кетуін талап етіп, петиция бастадыңыздар. Осыдан кейін фейсбукте сіздердің әрекеттеріңізді сынаушылар көбейгендей. Ең маңыздысы, өздерін қоғам белсенділері деп атаған адамдар сізді жұмыс кеңсеңізге іздеп барған екен. Олардың мақсаты не, арада қандай диалог болды?

- Мен шаһарда қандай мәселе көріп тұрсам, петицияда соны жаздым. Адамдар менімен келіссе, қол қоюына болады.

Иә, адамдар менің "бұрынғы" жұмыс орыныма келді, мен осы оқиғадан кейін жұмыстан кетуге мәжбүр болдым...

Олар ескертусіз бір топ болып келді. Санитарлық шектеулерді бұзбау үшін сыртқа шықтым. Көшеде мені қоршап алды, қателестің, қоғам атынан сөйлей алмайсың деп айта бастады. Мен жалғыз едім, олар кем дегенде 30 адам болатын. Ішіндегі кейбіреуі не болып, не қойып жатқанын да түсінбейді, әшейін ештеңе түсіндірмей, қара көбейтуге әкелген секілді. Артымда тұрып қаңтар оқиғасы туралы айғайлап, арандатушылар болды. Бәрінен мәслихат депутаты, бизнесмен Коротин көп сөйледі. Жанында қаланың қоғамдық кеңесінің мүшесі Серік Оразбайұлы мен қаланың қоғамдық кеңесінің басшысы, №38 гимназияның директоры, "Нұр-Отан" партиясының саяси кеңесінің мүшесі Инесса Чернышева тұрды.

Қорыта айтқанда, бұл адамдар менің ұстанымымды қорлады деп есептеймін. Олардың қарапайым азаматқа келіп "сөйлеме" немесе "ойланба" деп айтуы дұрыс емес қой. Бұл бір кездегі партиялық жиналыстарға ұқсайды. Олар үшін кеңес одағы әлі ыдырамаған сияқты, қысым көрсету әдістері сол кезге ұқсайды.

Мен оларға маған бірдеңе түсіндіруге сіздерде құқық жоқ, өйткені мен еркін адаммын деп түсіндіруге тырыстым.

Олар Омарды қорғауға арнап петиция жазған екен, сонысын оқи бастады. Петиция оқығанда олардың рұқсат етілмеген митинг өткізіп жатқанын түсіндім. Митингті одан әрі 10 минуттай жалғастырды. Мен шетке шығып тұрдым.

- Өткен ғасырларда Ресейдің отары болып, озбырлық көрген қазақтардың бойында бүкіл орыс халқына деген өшпенділік әлі күнге сақталып қалған сыңайлы. Қазір ресейлік саясаткерлер "қазақта мемлекет болмаған" деген сыңайда оғаш мәлімдемелер жасап, оттың астын анда-санда көсеп қойып отырады. Бұл жағдайлардың сіздің Өскемен әкімінің кетуін талап етуіңізбен қандай да бір байланысы болуы мүмкін бе? Яғни кей адамның Жақсылық Омарға қарсы петицияны мұқым қазаққа қарсы петиция деп қабылдауы орынды ма?

- Таңқалдырарлық сұрақ. Мен жартылай қазақпын, сондықтан кез келген ұлтаралық әңгімені қолдамаймын. Менің ойымша, кез-келген метис ұлтаралық әңгімені жек көреді, өйткені түп-төркіні оның отбасына барып тіреледі.

Ресейлік саясаткерлер не дейді – мен оған қарамаймын. Жалпы мен қазір ресейлік теледидардың да, жалпы ресейлік саясаттың да жақтаушысы емеспін, бұл тұрғыда Ресейге қарсы ұстанымдағы азаматпын.

Керек болса, ресейлік саясаткерлердің мәлімдемесімен Сыртқы істер министрлігі айналыссын. Кез-келген елде ақымақтар болады, біздің елде де сондайлар бар. Ұят.

Мен Омар біліксіз басшы деген пікірдемін, оған әкеліп ұлттық мәселені байланыстыруға қатаң тыйым саламын. Адамдарды ешқашан ұлтқа жіктемеймін. Мен үшін тек адам бар! Мысалы, бөлетін болсам, ақылды және ақымақ адам, есті және ессіз адам деп қана бөлуім мүмкін. Бұған қоса қазіргі әлемде бәрі араласып кетті. Сондықтан мен қандай да бір ұлт туралы дабыра айту ақымақтық деп санаймын.

Шынымды айтсам, Омардың орнына кім келсе де қазақ ұлтынан тағайындалатынын білемін, бұл біздің қаламызда қалыптасқан тәжірибе, мұны түсінемін және дұрыс деп санаймын. "Қаланың келесі әкімі қазақ болады және мұны Роман Честных дұрыс деп есептейді". Міне, сұхбатқа тура осылай жазуыңызды сұраймын. Ал мен жазған петициядағы Омар қазақ емес, мен үшін ол қаланың дамуына кедергі келтіретін адам.

- Петиция мәтінінде және сіздің посттарыңыздан ұлтқа бөлінуге қатысты сөйлем көрмедім. Ал басқа адамдардан сондай сөйлемдер байқадым. Оның себебі неде, қалай ойлайсыз? Олардың астына жазған пікіріңізде сіз ашулы көріндіңіз.

- Иә, мен жайлы жазылған кейбір постта ұлтаралық бөліну контексі бар. Менің ойымша, бұл – осындай тақырыпты ұнататын адамдарды маған қарсы қою тәсілі. Олар менің кім екенімді білмейді, фамилияма қарайды да, "е, бұл орыс" және "мақтабас" деп ойлайды. Содан кейін нонсенс жаза бастайды. Шынымды айтсам, бізде жаман мағынадағы "ұлтшылдар" баршылық. Мен мемлекетімді, Тәуелсіз Қазақстанның азаматтық қоғамын қолдаймын. Мен туралы білмейтін, талдау жасай алмайтын адамдар ойына келгенді айтады. Оған ашуым келеді. Қалайша менің пікірімді білмей жатып Ресей саясатын қолдайды деп айыптайды, қалайша сепаратист деп кінәлайды? Бұл таза жала жабу ғой. Осындай ұлтаралық дауды өршітіп отырғандарға құқық қорғау органдары неге назар аудармайды, соған таңғаламын.

- Сізге қысым көрсетіліп жатыр ма?

- Иә, олардың мен туралы жалған видео жасағанын, арандатушылармен бірге топ болып қоршап алғанын қысым деп есептеймін. Тағы да қандай әрекетке баратынын тіпті білмеймін. Мені жапқызу үшін заңбұзушылық жасай ма деп қорқамын. Ұрып-соғуы немесе ойдан себеп тауып, қылмыстық іске тартуы да мүмкін секілді – кейбіреуінің бұрын солай істегенін естідім. Қала мен облыс билігінен де қауіптенемін, өйткені тікелей президент Тоқаевқа жазып отырмын ғой, оған қоса жазғандарым біздің облыстағы әлдебір сыбайлас жемқорлық схемаларының жолына кедергі болуы мүмкін.

- Сұхбат бергеніңізге рахмет.

Петицияға қарсы петиция немесе ұқсас сценарий

Роман Честныхты іздеп барған топ адам петицияға қарсы петиция жазды. Онда "Жақсылық Омарды қолдау" деп айдар тағылған. Бірақ бұл ұжымдық жазба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа емес, қала тұрғынадарына арналады.

"Қала әкімі халықпен тікелей эфирде немесе іссапарда тұрақты кездесу өткізетінін, жалпы ашық екенін білеміз. Қалада проблемалар бар екенін оның өзі де ешқашан жоққа шығарған емес. Әрқашан жұмыс көп дегенді айтады және жұмыс істейді", – деп жазады авторлар

 

Өскеменде көпшіліктің бұлайша ұжымдасуы, біздің білуімізше, Жақсылық Омар басшылық етіп тұрған тұста екінші рет болып отыр.

"Егемен Қазақстан" газеті 2020 жылы 21 қазанда, газеттің №201 санында қаладағы жаңа тұрғын ауданның мәселесі "шаш-етектен" деп мақала жариялады. Мақала жарыққа шыққанда бір топ азамат, оның ішінде қаланың ақсақалдар кеңесінің мүшелері де бар, газетке хат жолдаған. Мақалада аталған мәселелермен "келіспейтінін" білдірген.

Газет тілшісі "Шағымға неге шағымданады?" деп қайыра мәселені қозғайды. Аудан тұрғындарымен тағы тілдесіп, үйлердің сапасыздығы рас екенін бұл жолы да дәлелдейді.

Сосын қарсы хатқа қол қойған адамдардың бірі – қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сағынбек Ақановтан комментарий алады.

"Қолды волонтерлер жинады. Оларды кім ұйымдастырғанын білмеймін. Ал хатты ішкі саясатта алып қалған. Бірақ 19-шағын ауданда мәселенің бары рас. Бауырларымыз да үй алып, улап-шулағанын білеміз", – деген Сағынбек Ақанов бұл жолы бұрынғы ойынан қайтқанын байқатады.

"Жеккөрушілік себебі архивтердің ашылмауында"

Біз жоғарыда айтылған "ұлтқа бөліну", "орыс ұлтын жеккөру" мәселелері туралы тарихшы Бейбіт Сыдықжановқа хабарласып, пікірін сұрадық. Айта кету керек, Бейбіт мырза даудың барысынан хабардар және ол туралы әлеуметтік желіде бірнеше пост қалдырған болатын.

"Біздің билікке аузына келгенін айта беретін орыс шовинистерінің сөздері әрине тиімді! Кез-келген автократты, тоталитарлы қоғамды алып қарасаңыз, оларға үнемі сырттан жау төніп тұрады! Мемлекеттегі барлық бұқара халықты ел ішіндегі былықтан назарын басқаға аудару үшін істелінетін саяси технология! "Ауыздарыңды ашып, елді дүрліктірмеңдер орыс/қытай келіп еліңді/жеріңді тартып алады!", – деген риториканы 30 жыл бойы естідік! Жеккөрушіліктің бір себебі архивтердің әлі де болса ашылмауы! Қазақтың ұлт ретінде жойылып кете жаздауына өз қазақтарымыздың да ат салысқанының айтылмауының да бір ұшы бар. Орыстан, одан басқа Берия мен Сталиннен көруге болады бар кінәні, бірақ та Шәкәрімді атқан – Қарасартов. Колбин мен Горбачёвті жер-жебіріне жетіп айыптауға болады. Бірақ ұлт зиялыларының жастар үшін өре түрегелмегені де есімізде", – дейді ол.

Оның айтуынша, Честных мырза бар болғаны қала басшылығына біраз жұрттың көңілі толмайтынын жазды, бұдан ұлтаралық астар іздеу қате.

"Ең алдымен біз петицияның не екенін ұғып алайық! Петиция дегеніміз ерікті азаматтардың өтініші, талап-тілегі! Бүгін біреу петиция жазды екен деп, ертең әкімді алып тастамайды! Ол әдетте жоғары не жергілікті билікке өз құқығын қорғау не басқару тәсілдерін жақсарту мақсатында жазылады. Мысалға Германия бундестагында төрт жылда неміс азаматарының 20 мыңнан 50 мыңға жуық петициясын қарастыратын комиссиясы бар екен. Бұл жерде петицияның да түр-түрі болатынын ұмытпайық, мысалға өзіміздің ШҚО әкімі мен Семей ректоры Елбасының басқару мерзімін созу туралы өтініш жазып, қол жинаған! Ол да петицияның бір түрі (күлді – авт.).

Әлібек ағамыздың (Әлібек Қаңтарбай – авт.) сөздеріне баға беретін, оны тіпті талдайтындай дәрежеге жеткен жоқпын. Менің бір-ақ уәжім бар! Романмен сөйлестім, Қазақстаннан кетпеймін дейді. Әлібек ағамыздың жазбасының астында қолдап отырғандардың арасында америкалық "грин-картаға" құжат тапсырып қойған қазақ жігіттер бар. Әлібек ағамызды қолдап отырғандардың ішінде немерелері орысша оқитын қазақ ақсақалдар бар. Қолдаушылардың арасында маған хабарласып: "балам, Кореяға барса қайтеді? Көмек бола ма?" дегендер де бар. Қазақ басшы жақсы болса, олар өстіп сұрар ма еді?! Қазақ басшы жетістірсе, қазақ қаңғып жүрер ме еді?! Мені таңғалдырғаны – біраз жұрттың жиналып Честныхтың офисіне баруы. Қаңтарда жиналған жұртты таяқтап, итке талатып, тырқыратып қууға болады, ал ақпанда жиналған жұртқа ештеңе болмайды. Қызық, иә? Жалпы жұмыс болған соң, сын болуы заңды! Кейбір әкім әлеуметтік желіде өздерін тек жақсы жағынан көрсе дейді, олай болмайды. Сын түзелмей, мін түзелмейтінін де ұмытпайық!" - дейді Бейбіт мырза.

"Монументке (Өскеменде 2020 жылдың желтоқсанында 1 млрд теңгеге жуық қаражатқа Тәуелсіздік монументі ашылып, онда да желі қолданушылары "сынаушылар" мен "жақтаушылар" болып екіге жарылған – авт.) қазақ болсамда мен де қарсымын! Бытырлатып ескерткіш қоя беру Кеңестің шекпенінен шыққан авторитарлы елдерде көп кездеседі. Әр ауылда мүсіні болған Ленин қазір қайда?! Кеңес одағының өзі қайда (күлді – авт.)" - дейді тарихшы.

Айта кету керек, Өскеменге өткен қыста бірнеше танымал блогер барып, Жақсылық Омардың мақтауын асырғаны белгілі. Олардың кейбір мәліметке манипуляция жасаған жазбалары "фактчек" ілмегіне ілінген.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу