Тұралаған туризм талпынысы

6054

Көптеген үкімет "маңызды емес" халықаралық сапарлардан бас тартуға әлі де кеңес беріп отырса, әлемге әйгілі бағыттар COVID-19 карантиндері мен шекаралық шектеулерлі жеңілдетіп, шетелдік саяхатшыларды қайта қарсы алуға әзірленіп жатыр.

Тұралаған туризм талпынысы

Шілденің 1-де Еуропа одағы өзінен тысқарсы жатқан 15 мемлекет үшін шекарасын ашып, саяхатшылық индустриясын қалпына келтіруге ден қойды. Сол елдер тізімінде Алжир, Австралия, Канада, Грузия, Жапония, Чергогория, Марокко, Жаңа Зеландия, Руанда, Сербия, Оңтүстік Корея, Таиланд, Тунис, Уругвай бар. Бұл тізімге Қытай да қосылады, егер Бейжің ЕО азаматтарына қатысты шектеулерді алып тастайтын болса.

Дегенмен, америкалықтар үшін Еуропаға жол жабық. Джонс Хопкинс университетінің есебінше, АҚШ коронавирус жұқтырудан әлемде көш бастап тұр.

Планетада пандемия өршіп тұрса да, биыл да шетел асып, өзге елдерде демалуды жоспарлаған потенциалдық туристер көп. Олар шекараның ашылғанын тағатсыздана күтіп отыр. Ал, саяхатшы қабылдауға әзірлік әр елде әртүрлі жүргізіліп жатыр:

Аруба

Аруба туристер үшін өз шекарасын маусымның 15-і мен шілденің 10-ы аралығында біртіндеп ашады. Кариб теңізіндегі аралға канадалықтар мен еуропалықтар шілденің 1-де бара бастаса, АҚШ тұрғындары оған алдағы жұмада саяхаттай алады. Шетелдіктерге қойылатын негізгі талап - ұшақтан түсерден 72 сағат бұрын жасалған коронавирус туралы тесттің негативтілігі жайлы анықтаманы көрсету немесе сондай тесттен келген бойда өту.

Бали

Бали коронавирусты өзге елдермен салыстырғанда сәттірек ауыздықтады. Мұнда "ковидті" 1500-ге жетпес адам ғана жұқтырып, 11-і қайтыс болған.

Индонезиялық арал шетелдік туристерді қазан айында қайта қарсы алудан үмітті. Былтыр Балиге жер шарынан 6,3 миллион адам барған екен. Арал  экономикасы туризмге өте тәуелді.

"Турист келмесе, ақша жоқ", - дейді жергілікті гид Мангку Ниоман Кандиа Американың ABC News телеарнасына берген сұқбатында.

Кипр

Кипр туризм индустриясын қалпына келтіру үшін елге келгеннен кейін коронавирус жұқтырған адамның шығынын көтеруге әзір. Жақында CNN хабарлағандай, жергілікті билік науқастанған саяхатшының қонақ үйде тұру ақысын төлеп, тағамын, сусындары мен дәрі-дәрмегін өзі сатып алып бермек.

Сонымен қатар, Covid-19-ды жұқтырған шетелдік туристер үшін 100-орындық госпиталь, ал олардың отбасы мүшелері мен "байланыста болған адамдар" үшін 500-орындық "карантиндік отель" дайындалған.

Жерорта теңізіндегі аралдық мемлекет өз қонақ үйлерін маусымның 1-де ашуға кірісіп, халықаралық әуе сапарларын маусымның 9-да қайта бастады. Бірақ, елге таңдаулы елдердің азаматтары ғана кіре алады. Олар екі кезеңге бөлінген.

Бірінші болып Кипрге Грекия, Мальта, Болгария, Норвегия, Австрия, Финляндия, Словения, Венгрия, Израиль, Дания, Германия, Словакия, Литва тұрғындары ене алады. Ал, маусымның 20-да Кипр Швейцария, Польша, Румыния, Хорватия, Эстония, Чех Республикасынан авиарейстер қабылдай бастады.

Алдағы айларда бұл тізім ұзартылып, оған өзге мемлекеттер де енгізіледі.

Кипр де келушілерден коронавирусқа негативті деген анықтама талап етіп, ұшақтан түскен шетелдіктердің әуежайда температрурасын тексеріп отырады.

Мысыр

Туризм Мысырға ай сайын 1 миллиард доллар пайда әкеледі. Сондықтан, пандемияға байланысты сапарлардың шектелуі мемлекет экономикасына айтарлықтай соққы болып тиді.

Наурызда елге жолаушылар ұшақтары келуді тоқтатып, қонақ үйлер, ресторандар, дәмханалар жабылып, түнгі уақытта коменданттық сағат жарияланды. Бұл шектеулер қазір бірте-бірте жеңілдетіліп, ішкі туристер үшін отельдер қайта ашылып жатыр. Сонымен қатар, Мысыр үкіметі маусымның 27-де коменданттық сағатты алып тастайтынын жариялаған еді.  

Тағы бір айта кететін жайт, Мысыр шілденің 1-нен бастап халықаралық әуе рейстерін таңдап қабылдап, коронавирустан аз зардап шеккен курорттарға шетелдік туристердің баруына рұқсат беретінін мәлім етті.

"Біз дайындалуымыз керек. Бірталай ғаламдық тасымалдаушы шілдеде Мысырға әуе сапарларын қайта жандандыруға ниет білдірді. Сондықтан, осы айдың соңы мен шілденің ортасына дейін халықаралық әуе сапарларын біртіндеп қалпына келтіру мәселесін қарастырып жатырмыз", - дейді министрлер кабинетінің баспасөз хатшысы Надер Саад өткен айда жасаған бір мәлімдемесінде.

Франция

Коронавирус пандемиясына дейін Франция саяхатшылар өте көп сапар шеккен ел болды.

Карантинге байланысты Париж Шенген аймағынан тысқары елдер азаматтарының "маңызды емес" сапарларына шектеу қойған еді. Бүгінде француз үкіметі Еуропа одағына кірмейтін  15 мемлекет үшін шектеулерді мүлде алып тастауды жоспардап отыр.

Қазіргі тәртіп бойынша Францияға енетін барлық жолаушылар (Еуропа одағы азаматтарынан басқасы) 14-күндік карантиннен өтуі керек.

Елде қонақ үйлердің, барлардың, ресторандардың, дәмханалардың бұрынғыша жұмыс істеуіне маусымның 2-де рұқсат берілді. Және де өткен айдың ортасында Париж "қызыл зона" деңгейінен "жасыл зонаға" көтеріліп, қайта ашылды. Әйгілі Лувр мұражайы болса, шілденің 6-да өз қызметін жандандырды.

Таяуда премьер-министр Эдуар Филиппи жариялағандай, Франция құлдырап жатқан туризм секторын өркендетуге 19,4 миллиард доллар ынталандыру қаражатын бөледі. 

Грузия 

Грузияда пандемияға дейін туризм қарыштап дамып, республикаға былтыр 5 миллион саяхатшы барған. Бұл – арғы жылдың көрсеткішінен 7 пайызға жоғары.

Бірақ, наурызда коронавирус дағдарысына байланысты қысқы курорттар мен өзге де демалыс орындарын жабуға тура келді.

Грузин үкіметі бұл секторға қайта жан бітіру үшін шілденің 1-де халықаралық әуе сапарларын ашуды жоспарлаған еді. Алайда, серіктес және көрші мемлекеттерде эпидемия тағы да өршігендіктен, авиарейстерге шілденің 31-не дейін тыйым салынып отыр.

Грузия үш кезеңмен ашылмақ. Оның біріншісінде "Грузия қауіпсіз" жер деп насихатталса, екіншісінде ішкі саяхатшыларға "қауіпсіз" туристік аймақтарға баруға рұқсат етіліп, үшіншісінде шекара ашылып, кейбір халықаралық әуе сапарларына рұқсат беріледі.

Грекия

Грекияның демалыс орындарына халықаралық әуе сапарлары шілденің 1-де қайта іске қосылды. Ол жерлерге Еуропа одағы елдерінің көбінің азаматтары және ЕО мақұлдаған тізімге іліккен мемлекеттердің (Алжир, Австралия, Канада, Грузия, Жапония, Чергогория, Марокко, Жаңа Зеландия, Руанда, Сербия, Оңтүстік Корея, Таиланд, Тунис, Уругвай) тұрғындары бара алады.

Сонымен қатар, Грекияға жеткен шетелдік жолаушыларға коронавирус жұқтыру потенциалын есептейтін QR код беріледі. Ал, "ковид" табылған адам 14-күндік каранинге жабылады.

Таиланд

Өткен жылы Таиландқа 40 миллионға жуық шетелдік турист барды. Алайда, пандемияға байланысты биыл наурыздан бастап бұл Оңтүстік-Шығыс Азиялық мемлекетке енуге рұқсат берілмей отыр.

Өзге туристік бағыттармен салыстырғанда, Таиландта коронавирус оқиғалары аз тіркелді. Мұнда қауіпті инфекцияны 3 мыңнан астам адам жұқтырып, 50-ден астамы қайтыс болды. Соған қарамастан, Таиландтың өзге әлемге қашан ашылатыны әлі белгісіз.

"Бәрі эпидемиялық жағдайға байланысты. Дегенмен, туристер осы жылдың төртінші тоқсанында оралады деп  ойлаймыз", - дейді елдің Туризм басқармасының жетекшісі Ютхасак Супасорн CNN Travel-ге берген сұқбатында.

Түркия

Түркия экономикасына былтыр туризмнен 34.5 миллиард доллар пайда түскен. Сондықтан, бұл трансконтинентальдық мемлекет туристік бизнеске қайта оралуға асық.

Басқа мемлекеттердегідей Түркияда да әйгілі демалыс орындары шетелдік саяхатшыларға қошемет көрсетпес бұрын ішкі саяхатшылар үшін ашылды.

Бұл мемлекетпен арадағы халықаралық авиасапарлар маусым бойы бірте-бірте қалпына келтіріліп, қазір Түркия әлемнің 40 мемлекетімен әуе қатынастарын жандандырып отыр. Алайда, елімізде екіапталық карантин жарияланғандықтан, қазақстандықтар әзірге Түркия аумағына ене алмайды.

Түркияға барамын деген шетелдіктер күні бұрын Covid-19 тестінен өтуге міндетті емес. Олардың денсаулығы елге кіргеннен кейін тексеріліп, температурасы өлшенеді. Сонымен қатар, отельдер мен курорттар да келушілердің дене қызуын өлшеп, бөлмелерді 12 сағат бойы желдетуге тиіс. Және де туристер маска тағып, әлеуметтік дистанцияны сақтауы керек.

Айта кетсек, Түркияда маусымның 1-де қалааралық қатынас қайта жанданып, мейрамханалар, дәмханалар, парктер, спорт кешендері, жағажайлар, мұражайлар бұрынғыша жұмысқа кірісті. Сол күні Ыстанбұлдағы атақты Grand Bazaar да қайта ашылды.

Біріккен Араб Әмірліктері

БАӘ – жеті әмірліктен тұрады. Ол да наурызда туристік виза беруді және сыртқа ұшақ ұшыруды жоғарған еді. Бүкіл елде түн мезгілінде коменданттық сағат жарияланып, Дубайда тәуліктік карантин кезінде адамдар үйлерінен тек полицияның рұқсатымен шықты.

Қазір Әмірліктер сол шектеулерден арылып жатыр. Өткен апталарда қонақ үйлер ішкі туристерді қабылдай бастады. Ал, Дубай мен Әбу-Дабиде қонақтарға маска тағып жүру міндеттеліп, жұмысқа оралғандардан Covid-19 скринингінен өту талап етіліп жатыр.

Сонымен қатар, Дубай, Әбу-Даби, Шарджа қалаларында ресторандар мен сауда орталықтары да ашылды. Бірақ, оларға барғандар тазалық пен әлеуметтік алшақтық ережелерін бұзбағаны абзал. Бұған қоса, Дубайда коронавирус тестінен тегін өткізетін орталық ашылған.

Дегенмен, әуе рейстеріне әлі тыйым салынып отырса да, Әмірліктердің басты әуежайлары кейбір рейстер үшін қайта ашылды. Ал, Etihad, Emirates, Flydubai, Air Arabia компаниялары ұшу кестелерін таяу апталарда жариялайтынын мәлімдеп отыр.

Жақында мәлім болғандай, Дубай шетелдік туристерді шілденің 7-де қабылдауға кіріседі.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу