Түркістан облысының атынан Қазақстан чемпионатына қатысатын "Арыс" футбол клубы өзінің заңды құқықтарын сақтай отырып, "Тұран" атауына көшті.
"Тұран" кәсіпқой футбол клубы Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасына қарайтын мемлекеттік мекеме болып тіркелді. Бұдан былай барлық ресми деректердегі, жарыс күнтізбесіндегі команда атауы "Тұран" болып өзгертілуі тиіс.
Сонымен қатар түркістандық клуб сегіз ойыншымен - Никита Бочаров, Лайонел Адамс, Павел Деаболд, Алексей Залеский, Евгений Смирнов, Милан Стоянович, Стефан Живкович және Стэнли Нкобилермен келісім-шартқа отырды.
Бочаров бұған дейін "Ордабасы", "Ақтөбе" және "Тобылда" ойнаған. Ойыншы өткен маусымды қостанайлық командада бастауы керек еді. Бірақ ақпанда жарақат алуына байланысты қос тарап келісім-шартты бұзды.
Ресейлік футболшы Лайонел Адамс бұған дейін "Каспий" сапында ойнаған. Келісім-шарты аяқталғаннан кейін ол ақтаулық командадан кетті. Премьер-лигада футболшы 15 ойын өткізді.
Андрей Залеский өткен маусымды "Жетісу" сапында өткізді. Жалпы талдықорғандық клуб үшін 13 матч өткізіп, 1 гол соқты. Бұрын жартылай қорғаушы "Динамо Минск", "Слуцк" және "Динамо Брест" командаларында ойнаған. Ал Украиналық қорғаушы Евгений Смирнов соңғы маусымда "Сфынтул Георге" клубының намысын қорғап, 2 голдың авторы атанды.
Стоянович бұған дейін сербиялық "Металац" пен "Радник", сондай-ақ қарағандылық "Шахтер" сапында доп тепкен. Жартылай қорғаушы соңғы екі маусымды "Оқжетпесте" өткізді (47 матч, 8 гол). Сербиялық қорғаушы Стефан Живкович Қазақстанда "Ертіс", "Атырау" және "Жетісу" командаларында өнер көрсетті. Өткен маусымда ол "Жетісу" жейдесінде 16 матч өткізіп, 1 нәтижелі пас берді.
Нигериялық шабуылшы Стэнли Нкоби өткен маусымда "Тұранның" үздік сұрмергені болды. 12 кездесуде ойыншы 6 гол соқты.
Айта кетейік, "Тұран" клубы Премьер-Лигада алғаш рет бақ сынамақ. Әбдіхалық Бөрібаев шәкірттері алғашқы турда өз алаңында "Астана" командасын қабылдайды (13 наурыз).
Ермұхамед Мәулен