"Тұран" қайта туламай ма?

974

Түркістанның командасы биыл Бірінші лиганы жеңе ала ма?

"Тұран" қайта туламай ма?

Қазақстан чемпионаттарының тәртібі бойынша биыл Қазақстан премьер-лигасына Бірінші лигадан тек бір ғана команда жолдама алады. Бірінші лигаға түсіп қалған "Тұран" футбол клубы биыл қайтсе де бірінші торын алуды көздейді. Облыс басшысы Дархан Сатыбалды мырза осындай мақсат қойып отырғаны түсінікті. Алайда, клубқа кімдер шақыртылды, осы мәселеге ден қояйық.

Спорт директоры қызметіне Мұрат Тілешев тағайындалды. Негізінде ақпарат көздері оны клубтың директоры болып тағайындалады деп жазды. Бірақ, басшылыққа Әлібек Нұртаев келді. Ол кезінде облыстық спорт басқармасының басшысы болған. Бұл маманның футбол саласында аса қатты тәжірибиесі жоқ. Ал Мұрат Тілешев біршама клубтарда жұмыс істеген, шаруа жүргізуді білетін адам. Мақұл делік, бірінші лигада ойнайтын команда үшін мұндай мамандар қызмет атқара берер, алайда бас бапкер болып Молдова азаматы Игорь Пикущак келгені қызық болды.

Игорь Пикущак бас бапкер ретінде Арменияның "Ноа" деген командасын ғана баптаған. Қалған командаларда бапкердің көмекшісі ретінде ғана жүрген. Өткен жылы ол Орал қаласының "Ақжайық" командасына ойын қойып үлгермеді. Үлгермеді емес, қоя алмады десек те болады. "Ақжайық" премьер-лигадағы орнынан айырылды әрі кубок финалында жеңіліс тапты. Көптеген телеграм арналар бұл команданың келісілген матч ойнағаны жайлы жазып жүр. Ал "Ақжайықтың" "Ақтөбеге" қарсы матчы ҚФФ тарапынан тексеріске ұшырағанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамасы анық қой.

Міне, осындай мамандардың қасында тағы бір ірі персонаж бар. Ол – Игорь Бугаев. Молдовалық маман кезінде Қазақстанда доп тепкен. Қазір жартылай агент, жартылай аналитик, жартылай футбол маманы. Жалпы алғанда білімі де, іскерлігі де жартылай. Ондай деңгейдегі футбол мамандары қазақ даласында жұмыс таппай сенделіп жүр. Бірақ, Бугаев ебін тауып қызметке орналасып алған.

Алайда, биыл "Тұран" жақсы футболшыларды жинап жатыр. Себебі, клубта қаржыдан қатты мәселе жоқ. Жалақы жақсы, команда Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткізді. "Тараз" командасында ойнаған Берік Айтбаев пен Жақып Қожамберді бұл команданы күшейтетіні айдан анық. Одан бөлек, қақпашы Жасұр Нәрзіқұлов та футболға қайта оралды. Ол "Тұранның" негізгі қақпашысы болатынға ұқсайды. "Қайсарда" ойнаған Адама Диало шабуыл шебінде өнер көрсетеді. "Ордабасыда" ойнаған Аслуддин Хаджиев пен "Ақсуда" болған Асланбек Кәкімов те қазір "Тұран" қатарында. "Тараз", "Елімай", "Жеңіс" секілді командаларға қарағанда құрамы да, әлеуеті де "Тұранның" сәл де болса басымырақ. "Тұран" биыл премьер-лигаға жолдама алмаса онда миллиондаған қаржының желге ұшқаны дей беріңіз. Букмекерлік кеңселер арқылы немесе өзара келісімдер болып, біз білмейтін әрекеттер орын алып кетпесе...

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу